Шварценеггер үйсіз-күйсіз ардагерлерге 25 үй сыйға тартты

25 желтоқсан 2021, 11:54

Америкалық актер және саясаткер Арнольд Шварценеггер үйі жоқ ардагерлерге Рождество мерекесінlе сыйлық жасап, Лос-Анджелестен 25 ықшам үйді ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

 

Қайырымдылық акциясы жайында саясаткер Instagram-дағы парақшасында жазды.

 

Арнольд Шварценеггер:

 

– Мен берген ақшаға Лос-Анджелесте үйсіз-күйсіздерге арналып 25 ықшам үй орнатылды. Қаһарман адамдармен уақыт өткізу және оларды жаңа үйлерінде қарсы алу маған өте ұнады.

 

Калифорнияның бұрынғы губернаторының айтуынша, ол Рождествоны мерзімінен бұрын тойлауға кірісіп кеткен.

 

Fox LA телеарнасы ықшам үйлерге электр қуаты, жылу жүйелері мен кондиционерлер орнатылғанын айтты.

 

АҚШ тұрғын үй және қала құрылысы департаментінің 2020 жылғы мәліметтері бойынша, елде 37 мыңнан астам үйсіз-күйсіз ардагерлер тұрады. Бұрынғы әскери қызметкерлер мүгедектігіне, жаман әдетке бой алдыруына, психикалық ауруына, жұмыссыздыққа, арзан тұрғын үйдің болмауына және қызметі соңында аз-маз төлемге қарап қалғанына байланысты баспанасынан айырылып қалып жатыр.