Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қасиетті Рамазан айының басталуына байланысты отандастарына қайырыла сөйлеген сөзінде қазір болып жатқан жағдай әлемнің барлық еліне, соның ішінде Тәжікстандағы экономикалық және әлеуметтік жағдайға елеулі әсер етіп отырғанын, сондықтан ел азаматтарын азық-түлік қорын екі жылға жетерліктей етіп жинауға шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттгі Sputnik Тәжікстан сайтына сілтеме жасап.
Эмомали Рахмон биылғы жыл адамзат үшін барлық жағынан және ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан ең қиын және ауыр болатынын айтты.
"Мұндай жағдайда ауызбіршілікте болу, қиын-қыстау кезде бір-бірін қолдау, үрейге бой алдырмай, үнемшіл, қырағы болу керек", – деді мемлекет басшысы.
Рахмон әлемдегі саяси, әскери, экономикалық және әлеуметтік жағдай тым шиеленісіп, дағдарыс болып тұрған жағдайда аянбай еңбек ету маңызды екенін баса айтты.
Ол қазір ел үкіметі қолда бар ресурстар мен мүмкіндіктерді пайдалана отырып, экономика мен халықты қорғау үшін қажетті шараларды қолға алып жатқанына сендірді.