Тәліптер Ауғанстан аумағында көкнәр өсіруге тыйым салды

03 сәуір 2022, 23:02

Ауғанстан аумағындағы есірткі өндіретін барлық кәсіпорындардың жұмысына тосқауыл қойылды. Ережені бұзғандар шариғат заңдары аясында жауапқа тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Ауғанстанда билікке келген «Талибан» ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) елдің барлық аумағында көкнәр өсіруге тыйым салды. Мұндай өкімді қозғалыстың жоғарғы жетекшісі Хайбатулла Ахундзада шығарды.

Тәліптер көшбасшысының бұйрығында бұдан былай барлық ауғандыққа көкнәр өсіруге қатаң тыйым салынғаны туралы хабарланғаны айтылған. «Талибанның» жоғарғы басшысының нұсқауын бұзғандар шариғат заңдары бойынша сотталады екен, ал табылған тыйым салынған өнімнің барлығы дереу жойылады.

Сонымен қатар, бұдан былай Ауғанстан елінде есірткінің барлық түрлерін, сондай-ақ құрамында есірткісі бар таблеткалар мен алкогольді заттарды пайдалануға, тасымалдауға, сатуға, экспорттауға және импорттауға жол берілмейді.