"Тәуелсіздік алып, НАТО-ға кіреміз". Шотландия премьер-министрі мәлімдеме жасады

18 мамыр 2022, 09:29

Шотландия премьер-министрі Никола Стерджен ел тәуелсіздік алғаннан кейін қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін НАТО-ға қосылуы керегін айтты. Бұл туралы Тengrinews.kz тілшісі Scotsman ақпарат көзіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Стердженнің айтуынша, Шотландия билігі 2023 жылдың соңына дейін тәуелсіздік туралы тағы бір референдум өткізуді көздеп отыр және егемендікке қол жеткізсе, ел Еуроодақ пен Солтүстік Атлантика альянсына қосылады.

 

"2012 жылы мен басқаратын партия (Шотландияның ұлттық партиясы) Шотландия тәуелсіздік алған жағдайда НАТО-ға мүше болуға ұмтылатынын бекітті", - деді ол.

 

Премьер-министр Шотландия Еуропаның солтүстігіндегі "стратегиялық позициясы" туралы "жақсы хабардар" екенін айтып, ресейлік ұшақтар мен суасты қайықтары Ұлыбритания суларына жиі жақындайтынын атап өтті.

 

"Мен Ұлыбританиямен берік қарым-қатынас құрып, ЕО мен НАТО мүшесі атану тәуелсіз Шотландияның қауіпсіздік саясатының іргетасы болады деген нық сенімдемін. Сондықтан НАТО-ға мүшелік Шотландияның қауіпсіздігі үшін ғана емес, көршілеріміз бен одақтастарымыздың ұжымдық қауіпсіздігіне де ықпал ететіні бізге айқын", - деді саясаткер.

 

Сонымен қатар, ол сутекті энергетиканың "үлкен әлеуеті" туралы айтып, Шотландияда бұл технология маңызды өнеркәсіп саласы және Еуропада сутектің ең үлкен көзі бола алады деп мәлімдеді.