Тбилисиде мыңдаған адам Украинаны қолдап, шеруге шықты

26 ақпан 2022, 14:55

Тбилисидегі наразылық білдірушілер Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвилидің Украина мәселесіне қатысты ұстанымы үшін отставкаға кетуін талап етуде, деп хабарлайды «Новости Грузия» orda.kz.

 

Бұған дейін Гарибашвили Украинадағы әскери операция басталғаннан кейін Батыстың Ресейге қарсы салған қаржы-экономикалық санкцияларына Грузия қосылмайтынын мәлімдеген.

 

Отставкаға кетуге шақырулар Украинаны қолдайтын ұрандарға  жалғасты. Митингке қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, белсенділер мен қарапайым азаматтар қатысты. Акцияға «Дроа» партиясы бастамашы болды, кейін бұл идеяны басқа оппозициялық күштер де қолдады. Көптеген саясаткерлер, соның ішінде Грузия парламенті депутаттары қатысқанымен, митингке олардың жетекшілері мен спикерлері келген жоқ.

 

Шерушілер үкімет әкімшілігі ғимаратын Украина туының түстерімен жарықтандырды, содан кейін парламентке көшті. Руставели даңғылында көлік қозғалысы тоқтап қалды. Оқиға орнына полиция жұмылдырылды.

 

Украина президенті Владимир Зеленский грузин халқына көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты. Бұл туралы ол өзінің Twitter парақшасында жазды.

 

«Грузиндіктер достарға қолдау көрсету керек екенін түсінетін керемет халық! Тбилисиде және басқа қалаларда Украинаны қолдап, соғысқа қарсы шыққандардың барлығына рахмет. Расында да, азаматтар  үкіметтен жақсы болатын кездер болады» деп жазды Зеленский.