Телеарна Ресейдің Украинадағы соғысына қарсы шыққан Максим Галкинді жұмыстан шығарды

01 мамыр 2022, 12:07

Ресейлік Бірінші арна Украинадағы соғысқа қарсы шыққан "Сегодня вечером" бағдарламасының жүргізушісі Максим Галкинді бағдарламадан шеттетті. Галкиннің орнына биші Николай Цискаридзе жүргізуші болып келеді. Бұл туралы "Адырна" порталы тілшісі "Комсомольская правда" газетіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Жуырда "СтарХит" Галкин соғысқа байланысты айтқан сөздері үшін бағдарламадан шеттетілетінін жазған. Тележурналист Мария Борзунова құпия дереккөзге сүйене отырып, ресейлік әзілкешпен келісім-шарттың үзілуі оның соғысқа қарсы мәлімдемесімен тікелей байланысты екенін айтқан. Арна ресми түрде түсініктеме бермеді.

 

Украинада соғыс басталғалы бері Максим Галкин Ресей билігінің әрекетін сынап, қантөгісті тоқтатуға шақырып келеді. Қақтығыс тұсында Максим Галкин мен әйелі, әнші Алла Пугачева Ресейден кеткен.

 

Галкин – соғыс басталғалы бері эфирден көрінбей кеткен жалғыз федералдық арна жүргізушісі емес. Бірінші арна Владимир Познер мен Иван Урганттың бағдарламаларын да эфирден алып тастаған. "Что? Где? Когда?" бағдарламасы тікелей эфирден берілмейтін болған, ал "Можем объяснить" басылымының жазуынша, ойынға қатысып жүрген көптеген жастар жобадан кеткен, алты адамнан құралған командалардың кейбірінде бір-екі адам ғана қалған.

 

"Россия 1" арнасында Сергей Брилевтің "Вести в субботу" бағдарламасы да эфирге шықпай қалған. Ресми ақпарат бойынша, ол іссапарға кеткен.