Түркия: Алапат орман өрті қасақана қойылған

02 тамыз 2021, 21:17

Түркиядағы орман өрті ырық бермей жатыр. Дегенмен ел билігі от ошақтарының басым бөлігі бақылауға алынғанын мәлімдеді. Көршілес Еуропа елдері көмек қолын созып, өрт сөндіру тікұшақтарын аттандырған. Алапат орман өрті қасақана қойылған болып шықты.

 

Оны күрд лаңкестері мойнына алған. Шығын көлемі де әлі нақты есептелмеді. Ал Түркияға саяхаттап барған отандастарымыз ыстың иісімен тыныстауға мәжбүр болғанымен, айтарлықтай зардап шекпеген.    

 

Қазір Түркиядағы 132 өрт ошағының 125-і ауыздықталған. Қалған жетеуімен құтқарушылар әлі де арпалысып жатыр.

 

Тілсіз жаумен күреске 16 ұшақ пен 50-ден аса тікұшақ және 5 мыңнан аса өрт сөндіруші жұмылдырылыпты.

 

Ал елде қазір туристік маусымның нағыз қызған шағы. Жерорта теңізінің жағалауында отандастарымыз көптеп жүр. Алапат орман өрті олардың демалыстарының шырқын бұзбаған.

 

Әсем Әбдіримова:

 

- Сиде қаласында демалып жатырмыз. Қонақ үйге жайғасқан күні өрттің кесірінен жарық болған жоқ. Жақындарымызбен хабарласа алмай қалдық.

 

- Ыстың иісі бар әлі, ауада күл ұшып жүрді. Келесі күні жағдай бақылауға алынып жақсара бастады.

 

Туристер ыстың иісі ауада әлі де байқалатынын айтады. Дегенмен ештеңеге қарамастан теңіз жағалауындағы демалысын жалғастырып жатыр. Ал Антальядағы отандастарымыз жағдайдың әлдеқайда тұрақты екенін айтады.

 

Бота Сұлтанова:

 

- Антальяда жағдай тұрақты. Туристерге еш қауіп жоқ. Ұшақтар ұшып жатыр. Ең жақын өрт ошағы Антальядан 70 шақырым жерде.

 

Төтенше жағдайдан отандастарымыз зардап шеккен жоқ. Ел билігі қауіптің бел ортасында қалған тұрғындар мен туристерді дереу эвакуациялаған. Бір ғана Мугла провинциясынан 10 мың адам қауіпсіз жерге көшіріліпті.

 

Адем Сари, тұрғын:

 

- Біздің ауыл 15 минутта өртеніп кетті. Бұған қатты жел әсер етті. Құтқарушылар өртпен үш күн бойы арпалысты. Алайда ауылды тілсіз жаудан сақтап қалу мүмкін болмады.

 

Жалпы өрт бес күн ішінде 32 провинцияда тіркелді. Апатқа қатысты жауапкершілікті елде тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясымен байланысы бар «От балалары» тобы мойнына алған. Бұл ұйым 1990 жылдан бері орман өртін ұйымдастырып келеді.

 

Тілсіз жаудан қаза тапқандар саны жексенбіде 8 адамға дейін жетті. Тағы жүздеген адам зардап шеккен.

 

 

 

ktk.kz