Түркияда туристер отырған автобус аударылды: алты адам көз жұмды

21 ақпан 2022, 09:25

Түркияда экскурсиялық автобус апат болды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Тourprom сайтына сілтеме жасап.

 

Turizmajansi мәліметінше, 47 адамнан отырған автобус – екі жүргізуші, гид және туристер Измирден Каппадокияға жол тартқан. Конья-Ақсарай тасжолында автобус аударылып, жол қоршауына соқты.

 

Салдарынан бес адам оқиға орнында көз жұмды, тағы біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болды, 41 адам жарақат алды. Оқиға орнына медициналық қызметкерлер бригадалары, сондай-ақ полиция мен өрт сөндірушілер жедел келді. Тасжол жабылды, зардап шеккендер жедел түрде жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді.

 

Алдын ала мәліметке сәйкес, апат ауа райының қолайсыздығынан болған. Жүргізуші мұз басқан тасжолда толық тиелген автобусты басқара алмады. Тергеу жалғасып жатыр.

 

Туристердің азаматтығы да әлі нақтыланбаған.