Украина-Ресей келіссөзінің үшінші кезеңі қашан өтетіні белгілі болды

04 наурыз 2022, 23:58

Украина президенті Владимир Зеленский кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің үшінші раунды жақын арада өтуі мүмкін екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

"УНИАН – Украина жаңалықтары" Telegram арнасының жазуынша, Подоляк келіссөздердің жаңа кезеңі ертең немесе арғы күні өтетінін хабарлаған. Бұл ретте ол тараптардың бір-бірімен тұрақты байланыста екенін баса айтыпты. Сондай-ақ, Подоляктың сөзін жариялаған РИА Новости тұтқындарды алмасу украиндық тарап үшін келіссөздердің "бір нұсқасына" айналатынын хабарлады. "Адамдарды өлтірмеу үшін біз кез келген уақытта (келіссөздерге – ред.) барып, әрі қарай жұмыс істеуге дайынбыз", - дейді кеңесші.

Сонымен қатар, ТАСС агенттігінің ақпаратынша, Подоляк келіссөздердегі Ресей ұстанымы Украинаның ұстанымы сияқты қатал екенін мойындады. "Ресей Федерациясының ұстанымы қатал. Бірақ, жалпы Украинаның және Украина Жоғарғы қолбасшысының ұстанымы да қатал, сондықтан келіссөздер қиын болады, бірақ жалғасаын табады", - деп түсіндірді ол.

Спикердің айтуынша, Украина тарапына Ресейдің ұстанымы анық түсінікті, сондықтан жұмыс істеу ыңғайлы.

Украина делегациясының тағы бір мүшесі, билеуші "Слуга народа" партиясының парламенттік фракция жетекшісі Дэвид Арахамияның айтуынша, Киев пен Мәскеу "әйтеуір бір келісімге келу үшін" жабық есік жағдайында келіссөздер жүргізуге келіскен.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Беларусьте өткен Ресей-Украина келіссөздерінің екінші кезеңі аяқталғаны туралы хабарлаған едік. 

sn.kz