Украинада 3280 адам қаза болды

06 мамыр 2022, 09:38

Украинадағы қарулы қақтығыстың басталғанына екі айдан астам уақыт өтті. БҰҰ ақпарына сай осы уақыт аралығында 3280 адам қаза болып, тағы 3,5 мың тұрғын жарақат алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

 
Бұл сан күн өткен сайын артып барады. Мерт болғандардың арасында балалар көп. Ұйымның адам құқығы жөніндегі өкілі қаза болғандардың саны ресми мәлімдемеге қарағанда әлдеқайда артық болуы мүмкін дейді. Мәселен, кей өңірлермен байланыс болмағандықтан ақпарат алмасу қиынға соғып отыр.

Одан бөлек, із-түзсіз жоғалған 180-нен астам адамның тағдыры беймәлім. Олардың арасында билік өкілдері, журналистер мен қоғам белсенділері де бар.

«Украинадағы жағдай ушығып барады. Әуе шабуылдарынан қаза тапқан және жарақат алғандардың саны көбеюде. Шын мәнінде, олардың саны ресми деректерге қарағанда әлдеқайда көп болуы мүмкін. Зорлық-зомбылықпен кепілге түскендерді іздестіріп жатырмыз. Олардың арасында тілшілер, әскери қызметкерлер мен билік өкілдері бар. Жуырда 180 адамның бесеуі көз жұмғанын білдік», - деді БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет.