Украинадағы шиеленіс: Минск келісімі бұзылды

20 ақпан 2022, 20:15

Минск келісімі тағы да бұзылды. Елдің шығысында атыс болды. Жағдай шиеленісіп, танылмаған Донецк пен Луганск халықтық республикасы жұмада тұрғындарды Ресейге эвакуациялау туралы шешім қабылдады.

 

Ал кеше бұл аймақтарда жалпыға бірдей мобилизациялау жарияланды. Қос аймақ Украина күштері бізге шабуыл жасауды жоспарлап отыр дейді.

 

Алайда ресми Киев бұл айыптау негізсіз екенін айтады. Ақпараттық соғыстың да өршіп тұрғанын байқап отырмыз. 

 

Минск келісімі Украина шығысы – Луганск өңірінде 17 ақпан күні 43 рет бұзылды. Миномет, гранатомет, ірі калибрлі пулемет – аса ауыр қарудың түрі қолданылған.

 

Дәл осы өңірде алпыс рет оқ атылды. Сепаратистер атқан снарядтың бірі - жұмыс істеп тұрған балабақшаға барып тиген.

 

Украина қорғаныс министрінің мәліметі бойынша, бақшадағы екі тәрбиеші жарақат алған, сегіз бүлдіршін эвакуацияланды.

 

Ақпараттық соғыстың қызып тұрған шағы.

 

ДНР деп аталатын қолдан жасалған мемлекеттің Пушилин деген басшысы керісінше:

 

«Украина армиясы бейбіт тұрғындарды атып жатыр. Жақын уақытта біз Ресейге бала-шаға мен қарт адамдарды көшіретін боламыз»,- деп мәлімдеме жасады.

 

Денис Пушилин, өзін-өзі Донецк халық республикасы деп жариялаған елдің басшысы:

 

– Украина президенті Владимир Зеленский жақын арада әскерилерге шабуыл жасап, Донецк және Луганск халық республикасының аумағына басып кіру туралы бұйрық береді. Украина қарулы күштерінің жауынгерлік құрамдары Донбассты күшпен басып алуға дайын. Бүгіннен бастап Донецк және Луганск өңірінің адамдары Ресейге көшіріледі. Бұл ретте, Украинаның сыртқы істер министрі шабуыл операциялары туралы ақпаратты жоққа шығарды. «Украина Донбасста мұндай әрекеттерді орындамайды және жоспарлап отырған жоқ»,– деді ресми Киев.

 

Жалпы, ресми Киевтің мәлімдемелері апта басынан бері әлем назарында. Зеленский 16 ақпанды «ынтымақтастық, бірлік күні»,- деп жариялады. 

 

Дәл осы күні түнде батыс пен Еуропаның баспасөзі «Ресей Украинаға басып кіреді» деген дерек таратты.

 

Ал Украинаның бұқаралық ақпарат құралдары депутаттар елден үдере көшіп жатыр дегенді жария етті. Зеленский кезекті рет мәлімдеме жасап, депутаттарды 24 сағатта елге оралуға шақырды.  

 

Владимир Зеленский, Украина президенті:

 

– Құрметті депутаттар, өз атымнан 24 сағат ішінде мемлекетке оралуларыңызды сұраймын. Әйтпесе, мемлекет басшылық ретінде сіздерге қатысты шешім қабылдауға тура келеді. Украина халқы сіздерге басқару ғана емес, қауіпсіздігін де сеніп тапсырды, мұндай жағдайда бізбен, украин халқымен бірге болу – тікелей міндеттеріңіз деп білемін.

 

Он бесінші ақпанда Ресей қорғаныс министрінің өкілі, генерал-майор Игорь Конашенков Ресей әскерлері Украина шекарасы маңындағы оқу-жаттығуларын аяқтап, тұрақты орналасу орындарына орала бастағанын мәлім етті.

 

Украиналық тарап әзірге бұл ақпаратты растаған жоқ. Еуропаның іргелі елдері Ресей билігін айыптап, кезекті санкция пакетін әзірлеп жатқанын жеткізді.

 

Бұл ретте елдегі жағдай, әсіресе, инфляция шарықтап барады. Гривна тұрақсыз әрі жанармай бекеттеріндегі баға шарықтап барады. Жыл басынан бері жанар-жағармай 15 процентке өскен. Сәйкесінше азық-түліктің бағасы екі есеге артты.

 

 

 

24.kz