Украинадан эвакуацияланған қазақстандық шекарадағы жағдай туралы айтты

27 ақпан 2022, 16:38

Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтардың бірі Елена Петрова. Отандасымыз шекарада қалыптасқан жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шекарада кептелісте тұрмыз. Жергілікті волонтерлер ыстық тамақпен қамтып отыр. Өте жақсы көмектесіп жатыр. Әр 100 метр сайын жедел жәрдем тұр, шұғыл көмекке дайын. Автобустың іші жылы. Кептелісте 10 мыңдаған көлік тұр, бәрінің де кеткісі келеді. Қаншама адам шекараға жаяу бара жатыр. Олардың арасында қарттар мен балалар бар. Салыстырмалы түрде біздің жағдайымыз жақсы», - деді Елена Петрова. Оның айтуынша, волонтерлерден бөлек, қарапайым тұрғындар да көмектесіп жатыр. «Қарапайым халық бір-біріне көмектесіп жатыр. Біреу тамағын берсе, екіншісі жылы киіммен қамтамасыз етуде. Жаяу бара жатқан адамдар бізге алып кетіңдерші деп өтініп жатыр. Оған бізде автобуста бос орын жоқ», - дейді ол.

ҚазАқпарат