Ұлыбританияда коронавирустың мутацияланған жаңа түрі анықталды

05 сәуір 2022, 00:07

Ұлыбританияда коронавирустың жаңа мутацияланған түрі анықталды. Шанхайдың 26 млн тұрғыны коронавирус антиденелеріне анализ тапсыруға міндеттелді. Бұл туралы Қазақстанда COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналына сілтеме жасаған ҚазАқпарат тілшісі жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Ұлыбританияда коронавирустың «омикрон» штамының жаңа мутацияланған түрі – ХЕ анықталды.

 

Сарапшылардың пікірінше, ХЕ алдыңғы нұсқаларға қарағанда қаншалықты жұқпалы екендігі туралы қорытынды жасау әзірге ертерек.

 

Ұлыбританияның Денсаулық сақтау агенттігі жаңа нұсқаны зерделеуде.

 

Әзірге сарапшылар бұл мутацияны жұқтыру қарқыны «стелс-омикрон» немесе «омикрон» BA.2 түрінің таралуынан айтарлықтай ерекшеленбейтінін атап өтті. Алайда, соңғы зерттеулер бойынша XE-дің жұғу жылдамдығы «стелс-омикронға» қарағанда 9,8% жоғары.

 

3 сәуірде Шанхай билігі шамамен 26 миллион халқы бар қаланың барлық тұрғынын антиденелердің бар-жоғын тексеруге және анықталған оң нәтижелер туралы жедел хабарлауға міндеттеді. Дүйсенбіде азаматтар вирустың бар-жоқтығын анықтау үшін ПТР тестіні тапсыруы керек.

 

Журналистердің айтуынша, қалада коронавирус инфекциясының көптеген жағдайлары симптомсыз болып табылады.

 

Жалпы, континенталды Қытайда соңғы тәулікте COVID-19 жұқтырудың клиникалық белгілері бар 1506 және симптомсыз 11 781 дерегі анықталды. Барлығы да вирустың ел ішінде тараған жағдайлары.