Шежіре

Керей атауы қайдан шыққан?

  • Керей атауы қайдан шыққан?

    Керей атауы қайдан шыққан?

Керей – арыдағы Ұлы Ғұн мемлекеті, берідегі Ұлы Түрік қағанатының түп мекені, кейінде Татар Даласы атауымен мағлұм болған кеңбайтақ үстіртте ежелден қалыптасқан іргелі тайпалардың бірі. Ескілікті Қытайдың “Цзинь шу” – “Цзинь тарихында”, миләди 284 – 287 жылдар оқиғасын баяндау барысында Ғұн ұлысының ұйтқысы болып тұрған он тоғыз арыстың қатарында “хэлай”, “хэйлан” дейтін тайпа атауы таңбаланған. Керей (керейт) деп айғақтайды ХХ ғасырдағы қытай ғалымдары.

Ежелгі тарихнаманың айтуынша, кейінгі керей (хэлянь, цюйлянь) – шынында да көне ғұн жұртының тікелей ұрпағы. Бұл керей қаңлымен екеуі бір халық деп көрсетеді. “Батыстағы бөлігі қаңлы атанса, шығыстағы жұрты керей атанды”, – дейді. Яғни арғы заманда бұлар Қаңғалы (Теле–Гаогүй) бірлестігінің құрамында болды деген сөз. Сонымен қатар, зерттеушілердің байыбынша, кейінгі керей тайпасы, Керей патшалығы бұрнағы Түрік қағанатының сабақтас мұрагері болып табылады. “Олар халқының көптігімен, әскерімен және бағзы замандағы хандарымен даңқты болды”, – деп жазады Рәшид-әд-Дин. “Тайпаның түп атауы – керей, “д” (”т”) жұрнағы – көптік белгі, сондықтан да керейт атанды”, – деп жазған Ішкі моңғол оқымыстысы Сайшиял, ескілікті қытай деректеріне сүйене отырып.Керей (көпше, жинақты тұлғасы – керейт) атауының шығу тегі туралы әрқилы жорамал бар. Рәшид-әд-Дин келтірген аңыз бойынша, баяғы заманда бір патшаның жеті ұлы болыпты, бұлардың бәрінің де түсі кер, яғни құбақан екен. Бұл, қазақ тілінде күні бүгінге сақталған сын есім сөздің мағнасы – Рәшид-әд-Дин ұғындырғандай, қоңыр (орысша аударма бойынша «смуглый» – қараторы) емес, Әбілғазы-бахадұр-хан шежіресіндегі, «қоңырқай» мағнасында бүгінгі қазақ тілінде сақталған «баран» да емес (әлдебір орыс зерттеушілері бұл “баранды” сол қалпында, “баран”, яғни “қой” деп аударыпты), кәдімгі “кер” ғой – кер ат, кер-құла, қара-кер жылқы, кер бетеге, кер дала дегендей. Міне, осы кер түсті жеті ұлдың ұрпағы керей атаныпты-мыс. Кейінгі тарихшылардың пайымынша, керей есімі – бұл рудың әуелгі мекені болуға мүмкін жер – Саян тауларының терістік беткейінен бастау алатын Уда (біз қарастырған картада Ия) өзенінің арналы саласы Керей өзенінен туындаған. Әбден қисынды. Қытай деректері керейлер ҮІІ–ҮІІІ ғасырларда Байкөлдің батысы, Кем (Енисей) өзенінің бастау аңғарында қоныстанды деп көрсетеді. Осымен қатар, тағы бір тұспал. Кейінгі қазақта, тақау көршілері арғын мен найман әзілдеп, немесе қыжыртып айтатын сөз бар, керейдің атасы кер ит деген. Бұл лепес “керейт” нұсқасын тұрпайы талдау көрінуі мүмкін. Ал шындығында, қадым замандағы көшпенді қауым ұғымында ит айрықша құрметті мақұлық болған. Өзара тұқымдас ит пен бөріні қастерлеу және кие тұту миләдиге дейінгі ІІ–І мыңжылдықта далалық жун тайпаларында дәстүрге еніпті. Кейініректегі Ғұн мен Сәнбиде ит тұқымы қасиетті саналады. Соған орай, ежелгі түрік халықтарының әпсана, аңыздарында ит пен бөрі туыстас қана емес, синонимдес ұғым берген (мұның бір көрінісі – бүгінгі қазақтағы, “қасқыр” орнына қолданылатын эвфемизм – “ит-құс”). Баяғы алтын-әулеттің түп анасы Алан-Құбаның құрсағына шаңырақтың жабығынан түнде түсетін нұрлы сәуле әуелде сары жүзді кісі бейнесінде көрініп, ақыры, таң алдында сабалақ сары ит (тиесілі қазақ әпсанасында бөрі) кейпінде есіктен шығып кететін еді ғой. Мұнда да сол тұрғылас аңыз: керей кер иттен туған. Сары ит – кер ит. Бірақ бөржіген (бөржігіт) әулеті ит тұқымы емес, бөрі нәсілі саналады, яғни керей де бөрі тектес. Түптеп келгенде, бағзы бір заманда бөріден туған түрік әулеті жөніндегі аңызға барып тірелеміз. (Осы орайда Н. Аристов қазақтар айтады деп келтірген, “қырғыз қызыл иттен туған” деген сөз – кемісіту емес, арыдағы тектес әпсананың өз ортасында тәрік болған бір жаңғырығы деп білуге тиіспіз.)


Өзінше өмір кешкен тұтас бір патшалық


Шыңғыс хан атқа мінер қарсаңда теңіздей толқыған ұлан-ғайыр жұрттағы туыстас, қанаттас тайпалар ішінде керей мен найманның саны мол, айрықша қуатты, әрі өзіндік мемлекеттік құрылымы бар, қатарынан озық, бәсіре мәдениетке жеткен, ең көрнекті жұрт болғаны арғы-бергі барлық тарихта атап айтылады. Дамыған шаруашылық, қалыпты тіршілік өз алдына, ұлыстық құрылымға орай, белгілі бір деңгейдегі билік жүйесі, “Еке төре” атты ұлыстық заң үлгісі, мемлекеттік мөр, яғни таңбалы жарлық, нақты құжат негізіндегі ішкі-сыртқы қатынас тәртібі және үйреншікті жазу үрдісі қалыптасқан екен.

Керей (керейт) жұртының өзіндік рулық есімімен тарих сахнасында атаққа шығуы – Тоғыз-оғұз ұлысы ыдырағаннан (840) соңғы кезеңде. Осы замандағы қытай деректерінде Тоғыз-татар бірлестігінің құрамында татар, найман, меркіт руларымен қатар аталады. Бұдан соңғы, аумалы-төкпелі дәуірлерде Ұлы Даладағы қым-қиғаш соғыс, таңбалы тауарихтың бел ортасында жүргенін көреміз. Ал ХІ ғасырда жасаған араб тарихшысы Абуль Фарадж Шығыс жұрттарының шежіресін баяндай келе, 1007 жылғы елеулі оқиғаларға қатысты, “Ішкі Түрік елінің терістік-шығыс аймағын қоныстанған, Керей деп аталатын халық” туралы дерек береді, дербес патшалық болып тұрған бұл жұрттың ұзын саны екі жүз мың жан екен.

Бұл кезде керей бағзыдағы теле мен көк түріктің жарқа, бөлшектерін өзіне қосып алып, әбден іргеленіп, ежелгі түрік қауымының ордалы қонысындағы ең елеулі күшке айналады. Түрік қағанатына сабақтас мұрагер, қуатты ұлыс ұйыстыру мақсатында жаңадан құрылған, қытай жылнамаларында “Цзубу” деп аталатын, туыстыс рулар бірлестігінде жетекші орын алыпты. Татар, жалайыр, меркіт, найман, қият, басмыл және тарихи құжаттарда аты таңбаланбай қалған тағы бір тайпалармен тізе қоса отырып, жат жұрт басқыншылығына тосқауыл қояды.

Шыңғыс хан атқа мінер қарсаңда керей – Ұлы Даладағы ең үлкен, саны да басым тайпа болған. Ескілікті зерттеген кейбір орыс оқымыстылары ілкіде, XI ғасырда керейлер тоғыз жүз мыңның төңірегінде, яғни миллионға жуық болды деп біледі. Сірә, 1007 жылға қатысты нақты дерек – екі жүз мың (жан әлде шаңырақ) санының әсері. Біздің байыбымызша, заманында соншама болған күннің өзінде екі ғасырдан астам ұзақ уақыт бойы, әуелде қиданмен, одан соң шүршітпен, атадан балаға, немереден шөбере, шөпшекке жалғасқан, үздіксіз, аяусыз соғыстар нәтижесінде, үнемі жау бетінде, найза ұшында болған керей тайпасы кеңінен жайылып, үздіксіз өсе алмаған. Бірақ қашанда өз тұрғысынан озық. Бұл кезде, айттық, татар қауымы жетпіс мың шаңырақ, жалайыр жұрты да ілкіде, Келүрендегі қытай қырғынынан бұрын жетпіс мың түтін болыпты; найманның ұзын саны туралы нақты, немесе тұспал дерек жоқ, бірақ жалайырдан да, татардан да әлдеқайда көп болғаны күмәнсіз. Керей ұлысы да сол сияқты. Әлде сексен, тоқсан мың, әлде жүз мың шаңырақ деп шамалауға болады, есебі, кем дегенде үш жүз елу-төрт жүз мың жан. Ол заманның есебінде қисапсыз халық. Өзінше өмір кешкен тұтас бір патшалық.

Бұл кездегі керей қонысы да ұлан-байтақ. Батыста Қаңғай алқабынан – шығыста Кентейдің етегіне дейінгі аралық; терістікте Селеңгі өзенінің жоғарғы ағысынан – Келүреннің бастауына дейін, аралықта Орхұн, Толы өзендерінің ұзына бойы, орталық аймақтағы Оңғы өзенін өрлей келе, түстікте, ежелгі түрік Жасыл-өзен атаған Сары-өзен Хуаңхэнің үлкен иіні Ордосқа дейінгі қаншама жер. Керей ұлысының құтты ұйығы – біздің неше мың жылдық тарихымыздың куәсі, арыда Ұлы Түрік қағанатының берекелі байтағы болған Орда-Балық қаласы, кейінде Ұлұғ ұлыс ту тіккен Қарақорым қаласы орнаған Қатын-балық, ол екеуі де қирап, тозған бүгінгі күні Күл-тегін мен Білге-қаған ескерткіштері сақталып тұрған қасиетті Орхұн өзенінің бойындағы, айналасы ат шаптырым, қара топырақ, көк шалғынды киелі алқап екен. Керей хандарының бас ордасы үнемі осы өңірден аумаған. Құржақұз-Бұйрық хан Орда-Балықта отырды деп жазған Рәшид-әд-Дин. Байрақты жұрттың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы болған. Сонымен қатар, аңшылыққа айрықша мән берілген. Егіншілік жөнін де білген екен.

Шыңғыс хан атқа мінер қарсаңда керей (керейт) – қонысы кең, саны мол, орда көтеріп, ту тіккен дербес ұлыс қана емес, Татар Даласындағы ру-тайпалар ішіндегі ең дамыған, мәдениеті жоғары қауым саналғанын айттық. Көне түрік бітігінің орнын басқан, ғылымда ұйғыр-түрік таңбасы аталатын жазу нұсқасы қолданыста болыпты. Ұлыс ұжымы, ел басқару жүйесінде бағзы қағанат заманындағы ежелгі жоралар мен төре заңдары өз жалғасын тапқан сияқты. Жаңа замандағы зерттеушілер керей мен найманды Ұлы Түрік қағанатының бірден-бір мұрагері және қағанат үлгісін Шыңғыс хан империясына ұластырушы көпір болды деп біледі.


Керейлер Иса Мәсіхке иман келтіріп, шоқынған ба?


Рәшид-әд-Дин: «Керей жұртына Иса Мәсіхтің уағызы жеткен екен», – деп жазады. Сырттай айтылған деректерге қарағанда, Керей хандығының христиан дінінің нестор тариқатын мақұл көруі – XI ғасырдың бастапқы жылдары. Яғни, Шыңғыс хан заманы, дағдарыс пен күйреуден екі жүз жыл бұрын. Соншама уақыт бойы шоқынды болған сияқты. Керейден кейін, немесе олар да осы шамада, найман, меркіт, оңғыт рулары да нестор-христиан дініне көшіпті. Біз тарихта таңбаланған деректі түбірімен теріске шығармаймыз. Бірақ тұтас екі ғасыр бойы ұстанған дін халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына белгілі бір ықпал жасауы керек қой. Басқаны былай қойғанда, жаңа дінге көшу – адамдардың есімін жаңартудан басталады. Мәселен, христиан дінін күні кеше ғана зорлықпен қабылдаған түрік текті якуттар мен шыбаштар тұрыпты, ерікті славян нәсілі орыстардың өзінің аты-жөні бастапқы ұлттық тамырынан ажыраған, нәтижесінде әуелгілер қара Иван болса, бұлар сары Иван болып шыққан, ал мұсылманшылыққа көшкен біздердің есіміміз түгелге жуық араб-семит негізді. Керісінше, Шыңғыс хан заманындағы, екі ғасыр бойы шоқынды болды деген меркіт пен оңғыт, керей мен найманның ханынан қарасына дейінгі аралықтағы, таңба түскен ондаған есімнің ішінде ғайри дінге жанасатын, түріктік емес бір де бір кісі атын ұшырата алмаймыз. Дәстүр-салтында да бұрынғы түріктік, ежелгі көшпенді қалыптан тыс ешқандай бөгде сыпат көрінбейді.

(Шығыстағы көшпенділер арасында христиан дінінің айрықша өріс алуы туралы әңгіме – крест жорықтары кезінде тараған лақап; кейінгі, христиан қауымы әлемдік өктемдікке жеткен кездегі үстеме, рухани экспансия өткендегі жіптік түтінді қордалы қоңысқа ұластырды, жақын кезеңде түгелдей жанышталуға, одан қалғаны жаңа дінге көшуге тиіс жабайылардың аз-маз сана, түйсігі бар кейбір топтары бағзы заманда кәдімгі христиан болыпты-мыс! Мәселенің екінші бір ұштығы – бұл жұрт Иса Мәсіх ілімінен қуат алған себепті әлденендей мәдениетке жетті деген байлам. Айналып келгенде, осының бәрі – кәдімгі отаршылдық идеологияның тұрпайы бір көрінісі ғана.)

Сонымен, бұрынғы-соңғы Батыстың ғайри дін, астам пиғыл жетегіндегі оқымыстылары айрықша тұздықтап, қаттастыра айтатын мәселесі – меркіт пен найманның, керей мен оңғыттың нестор-христиан дінінің адал үмбеті болғандығы туралы байып, байламдар – отаршылдық қиялдан туындаған, түп дерегі шатқаяқ, ғылыми негізі тұрлаусыз әсіре дерек, артық лақап болып саналуға тиіс. Шет жұрттың жалаң сөзіне емес, осы ру-тайпалардың сол кездегі тіршілік кебіне, адамдар арасындағы қатынас, әрқилы оқиғалар тізбегіне қарасақ, мүлде басқаша қорытынды жасауға тиіспіз. Тегі, бір заманда билеуші топ әуес көрген жат ағымның аты бар да заты жоққа жақын, ал жалпы жұрт тек ежелгі тәңірі дінін ғана ұстанғаны көрінеді. Мұның тағы бір айғағы – кейінгі заманда бұл атаулы жұрттың ешқандай қарсылықсыз ислам дініне көшуі болса керек.


Біртұтас ұлыстық құрылым жолында…


Ұлы Даладағы ежелгі түрік қауымының қайтадан ұжымдасуы кезеңінде Керей патшалығы Шыңғыс ханның ұлылығына ұйтқы болды. Түптің-түбінде біртұтас ұлыстық құрылым жолына құрбанға шалынды. Алайда, Шыңғыс хан мен Тоғрыл–Оң ханның арасындағы қантөгіс соғыстар кезінің өзінде керей тайпасының біршама бөлігі, жекелеген ірі тұлғалары болашақ ұлы қағанның жағында болғанын көреміз. Ақыры, керей жұрты үлкен қазаға ұшырайды, хандығы құлап, біраз халқы әр тарапқа бытырайды. Әйткенмен де көп ұзамай-ақ Шыңғыс хан ордасының өзінде әжептәуір ықпалға жетіпті. Және негізгі әскер құрамына қосылады. Қытай деректерінің айтуынша, 1204 жылы, Таян хан мен Жамұқа гөрхан бастаған қалың қолға қарсы аттанған Шыңғыс хан әскерінің басым бөлігі – керей жұртынан екен. Атақты Сүбітай-бахадұрдың жеке мыңдығы керей мен найман, меркіттен құралған (“Юань ши”). Сонымен қатар, ағайынды Ширақұл (Сарықұл) және Тобұқа нояндар Шыңғыс ханның туының астында мыңбасы болған, осы дәрежедегі Дайыр-бахадұр Сартауыл жорығында айрықша көзге түсіпті. Ал Тоғрыл ханның батысқа ығысқан бір баласы (әлде немересі) Тайбұға Сібір хандығының негізін салады, бірақ ақыр түбінде ол да Шыңғыс ханның дәргейіне бас ұрып, кеңшілік алған.

Бұдан соңғы заманда керей төрт ұлыстың құрамында да көрінеді. Ежелгі тайпадан белгілі қолбасылар, бүкіл ұлыс тізгінін ұстаған атақты мемлекет қайраткерлері шығады. Мәселен, болашақ ұлы қағанды Темужін кезінен жақтап, ең қиын күндерде қасынан табылған керей Шыңқай Еке Ұлыста әуелі Шыңғыс ханның өзінің сенімді серігі, арнайы, аса жауапты шаруалар атқаратын ұлығы, одан соң, Өкетай, Күйік хандардың тұсында ұлыс бегі болған. Ал Марқұз-Бұйрық ханның немере қызы, Шыңғыс ханның кенже ұлы Төленің бәйбішесі Сұрғақтан-бике бүкіл империя өміріне айрықша ықпал етіп отырған, әрі кейінгі, жарым дүниенің тағдырын шешкен төрт алып тұлға: Орталықта өкім құрған Мөңке мен Құбылай, Арық-Бұқа қағандар hәм Иранды жаулаған Құлағу ханның анасы болған.

Татар Даласындағы дүрбелең мен бұлғақ нәтижесінде шашыла тозып, қарасыны кемігенімен, арада жарым ғасыр өтпей қайтадан еңсе жазған керей тайпасы үлкен әскери қуатқа жетеді. Ұлы империя екіге жарылып, әуелде Құбылай мен Арық-Бұқа, оған жалғас Құбылай мен Қайду арасындағы қырық жылдық қырғын басталғанда Ұлы Даладағы, Дәшті-Қыпшақтағы керей, туыстас найманмен бірге, Арық-Бұқа қағанның, Қайду ханның негізгі жасақтарын құрапты. Кейінде бір бөлігі Моғұлстан шегінде, бұл тараптағы жетекші дулат тайпасымен бірге Әмір Темірге қарсы соғысады және ұзаққа созылған дүркін майданда айрықша қырғынға ұшырайды. Керейдің негізгі тобының ғұмыр кешуі Алтын Орда тарихымен байланысты. Қайткенде де елеулі, үлкен ру қатарынан шықпаған.

Иран мен Юань шегіндегі барлы-жоқты жұрты, ағайындас басқа да ру-тайпалар сияқты, заманнан заман өткенде түгелдей ассимиляцияға түседі. Тек шығу тегі бір Алтын Орда, Шағатай ұлысы мен Моғұлстан шегіндегі керейлер ғана өздерінің тілі мен әдет-ғұрпы, түпкі нәсілін сақтап қалыпты. Кейінгі хандықтар кезеңінде азды-көпті мөлшерде қырым-татар, сібір-татар, башқұрт, ноғай, қарашай, әзірбайжан, өзбек халықтарының құрамына құйылады. Керейдің жекелеген топтары бүгінде Алтайдағы, Еділдегі және екі Сібірдегі түрік текті халықтар арасында өз есімімен сақталған hәм арғы-бергі қалмақтың торғауыт руындағы азғана бөлшегі өз атымен аталады.

Ежелгі керей тайпасының ең үлкен қауымы қазақ халқына ұйтқы болған жұрт қатарында, бұлар: ашамайлы-керей, абақ-керей, уақ-керей, найман санатындағы қара-керей және жетіру бірлестігіне енген керейт һәм табын руының құрамындағы жаман-керей, шанышқылы ішіндегі ақ-керей, байұлы тайпасына кіріккен таздар руының бір тармағы жастабан (бұл жастабанның бір бұтағы андағұл және тұрғылас жәдік Орталық һәм батыс Қазақстан шегіндегі бірнеше рудың құрамынан бой көрсетеді, атап айтқанда, жәдік: сіргелі көңірдек, шапырашты шыбыл, найман төртуыл, қоңырат құлшағыш, шекті жақайым, шөмекей келдібай, байұлы масқар мен алтын, жетіру кердері мен жағалбайлы; ал андағұл: жалайыр шуманақ, дулат шымыр, найман көкжарлы, шекті есенәлі, шекті жанқылыш, әлім төртқара, шөмекей келдібай, шөмекей балқы, байұлы шеркеш, беріш байбақты құрамындағы атаулы сүйектер санатында). Ұлы Даладағы Азамат соғысы кезінде айрықша жапа шегіп, қисапсыз қырғынға ұшыраса да, уақыт оза келе әр тараптан тоғысып, қайта құрылған керей тайпасы ұлы жорықтар, одан соңғы түпкілікті қоныстану дәуірінде жаңғыра ұйысып, баяғы Батыс Түрік қағанаты, кейінгі Көк Орданың ұйықты, құт қонысын бауырына басқан жаңа ұлыс – Қазақ Ордасының құрамына ежелгі есімі, дүрмекті тобымен қосылғанын көреміз.


Керей жұртынан шыққан белгілі тұлғалар кімдер?


Ежелгі керей тайпасының кейінгі қазақ ішіндегі ең үлкен, атаулы табы – абақ, ашамайлы, керейіт руларынан шыққан белгілі тұлғалар біршама, атап айтқанда: XVIII ғасырда жасаған Байжігіт күйші, XVIII ғасырдағы атақты қолбасы, Керей Ер Жәнібек, қолбасы Шұбарайғыр Қожаберген батыр, XIX ғасырда жасаған азаттық жыршысы Нысанбай, күйші Бейсембі би (Бежең), сазгер Сегіз-сері, әнші композитор Біржан-сал, XX ғасырда жасаған, Шығыс Түркстанның дербестігі үшін әрқайсысы өз жолымен күрескен Оспан батыр мен Дәлелхан генерал, Советтер билігі тұсында жасаған, еңбек еткен: мемлекет қайраткері Смағұл Садуақасов, ұзақ уақыт Қазақ республикасын басқарған, әуелде екінші хатшы, кейінде бірінші хатшы болған Жұмабай Шаяхметов, жазушылар Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов, тарихшы Манаш Қозыбаев, мүсіншілер Хакімжан Наурызбаев, Төлеген Досмағамбетов, суретші Қанапия Телжанов, әнші Ермек Серкебаев, композитор Еркеғали Рахмадиев және жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин…

Тарихшы, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» романынан ықшамдалып алынды. Дайындаған Бопай ханша.




Көрілген: 19254    Пікірлер: 18

дүйсенбі, 12.01.2015, 15:31

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    13 Мамыр 2015
    Сунақ шежіресі
    29 Сәуір 2015
    АЛШЫН ШЕЖІРЕСІ
    24 Сәуір 2015
    Шежіре-Қарақалпақ
    6 Сәуір 2015
    Шежіре-Қарайымдар
    30 Наурыз 2015
    Шежіре - Бақсайыс
    20 Наурыз 2015
    Түрікмендер
    13 Наурыз 2015
    Шежіре- Сахалар
    10 Наурыз 2015
    Шежіре-Қарашайлар
    2 Наурыз 2015
    Шежіре-Құмықтар
    25 Ақпан 2015
    Шежіре-Қашқайлар
    18 Ақпан 2015
    Шежіре - Тывалар
    29 Қаңтар 2015
    Шежіре: ТӨЛЕҢГІТ
    23 Қаңтар 2015
    Өміртай шежіресі
    13 Қаңтар 2015
    Матай
    9 Қаңтар 2015
    Шежіре - АЙҚЫМ
    30 Желтоқсан 2014
    Фотосы бар материал Түркілер
    26 Желтоқсан 2014
    Кіші жүз таралымы
    22 Желтоқсан 2014
    Шежіре- Қайшылы
    20 Желтоқсан 2014
    Шежіре - Қожалар
    12 Желтоқсан 2014
    Шежіре - Қызылқұрт руы
    12 Желтоқсан 2014
    Шежіре - Масқар
    10 Желтоқсан 2014
    Шежіре - Таз
    9 Желтоқсан 2014
    Шежіре - Жетімдер
    6 Желтоқсан 2014
    Шежіре — Бура
    4 Желтоқсан 2014
    Шежіре - Шыбыл руы
    3 Желтоқсан 2014
    Шежіре - Ителі
    2 Желтоқсан 2014
    Шежіре - Жәдік әулеті
    28 Қараша 2014
    Шежіре - Кердері
    25 Қараша 2014
    Шежіре - Есентемір
    24 Қараша 2014
    Шежіре - Жастабан
    21 Қараша 2014
    Шежіре - Қараш
    20 Қараша 2014
    Шежіре - Бағаналы
    19 Қараша 2014
    Шежіре - Балталы
    18 Қараша 2014
    Шежіре - Шегір
    17 Қараша 2014
    Шежіре - Жаманбай
    14 Қараша 2014
    Шежіре - Ноғай-Қазақ
    13 Қараша 2014
    Шежіре - Атығай
    12 Қараша 2014
    Шежіре - Абақ Керей
    11 Қараша 2014
    Шежіре - Шымыр
    10 Қараша 2014
    Шежіре - Ысық
    5 Қараша 2014
    Шежіре - Тобықты руы
    31 Қазан 2014
    Шежіре - Ботбай руы
    30 Қазан 2014
    Шежіре - Матай руы
    27 Қазан 2014
    Шежіре - Үйсін
    23 Қазан 2014
    Шежіре - Байбақты
    22 Қазан 2014
    Шежіре - Жаппас
    20 Қазан 2014
    Шежіре - Кете
    17 Қазан 2014
    Шежіре - Алаша
    15 Қазан 2014
    Шежіре - Шекті
    14 Қазан 2014
    Шежіре - Шөмекей
    10 Қазан 2014
    Шежіре - Табын
    8 Қазан 2014
    Шежіре - Жетіру
    7 Қазан 2014
    Шежіре - Тама руы
    6 Қазан 2014
    Беріш руы
    3 Қазан 2014
    Шежіре - Байұлы
    1 Қазан 2014
    Шежіре - Әлімұлы
    29 Қыркүйек 2014
    Шежіре - Адай руы
    26 Қыркүйек 2014
    Шежіре - Қыпшақ руы
    25 Қыркүйек 2014
    Шежіре - Арғын руы
    24 Қыркүйек 2014
    Шежіре- Уақ руы
    22 Қыркүйек 2014
    Шежіре - Қоңырат руы
    19 Қыркүйек 2014
    Шежіре - Керей руы
    17 Қыркүйек 2014
    Шежіре - Шапырашты руы
    15 Қыркүйек 2014
    Шежіре - Шанышқылы руы
    11 Қыркүйек 2014
    Шежіре - Ысты руы
    10 Қыркүйек 2014
    Шежіре - Қаңлы руы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30