АҚШ хирургтері алғаш рет адамға жасанды жүрек салу отасын сәтті жасады

24 шілде 2021, 09:28

Америка хирургтері алғаш рет адамға жасанды жүрек салып берді. Жүректі Францияның Carmat компаниясы жасап шығарған, деп хабарлайды Informburo.kz.

Дьюк университетіндегі Медицина орталығының хирургтер командасы 39 жастағы науқасқа жасанды жүрек (TAH — total artificial heart)  салып берді. Бұл – мұндай отаны сәтті жасаған АҚШ-тағы бірінші аурухана.

Қазір науқастың жағдайы жақсы. Алайда ол үнемі өзімен бірге салмағы шамамен 4 кг болатын сөмке алып жүруге мәжбүр. Сөмкенің ішінде жүрек қағысының тоқтап қалмауына көмектесетін сұйықтық пен жасанды ағзаны төрт сағат бойы тоқтамай жұмыс істеткізетін аккумулятор бар.

Жасанды жүректі Францияның Carmat компаниясы жасап шықты. TAH имплант протезі сырттан қуат алу арқылы жұмыс істейді. 2020 жылы компания Американың медицина мекемелерінде TAH зерттеуін жүргізу үшін Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасының (FDA) мақұлдауын алды. Зерттеу бивентрикулярлық жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын он науқасқа жүргізіледі. Дьюк университетінің Медицина орталығында жасалған жүрек алмастыру отасы – клиникалық зерттеудің бір бөлігі.

Өндірушілер TAH жасанды ағзасының әдеттегі жүректен айырмашылығы жоқ екенін және отадан кейін науқастың жағдайы жақсара түсетінін айтады.

Informburo.kz.