ДӘРІГЕР мен ЕМШІ: Кімге сенесіз?

ДӘРІГЕР мен ЕМШІ: Кімге сенесіз?

Екеуі де елге етене таныс. Екеуі де күнде естіп жүрген сөз. Екеуі де адам емдеуді мақсат етеді. Қызығы, бір-біріне кейде кереғар, кей­де үн­дес. Біреуі өмірлік тәжірибе, яғни, халықтың білгені мен түй­генін ба­ғам­даудан туындаған емдеу шарасына жүгінсе, екіншісі &ndash ғылыми із­де­ністің нәтижесі. Қазақ халқы емшілікті ежелден меңге­ріпті. Өмір көрген әр­бір қарияның жиі кездесетін сырқат түрлерін ем­деуден хабары барын бі­ле­міз. Біз тамақ, бас, іш ауруын кез келген қарт адамның емдей ала­ты­нын көріп өстік. Тәуіптік пен медицинаның ұқ­састығы, айырмашылығы жай­лы мақала жазуда біраз ізденуге, ем­шілермен, дәрігерлермен тіл­де­суге тура келді. Мақаланы жазу ба­рысында бабамыздың көңіл көкжиегінің кең­дігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Медицинаның мәнін аштық. Ғы­лымына бойлап көрдік. Қо­ғам­да медицинадан қалыспай келе жатқан емшіліктің де ақ-қарасын ажы­ратуға күш салдық. Сонымен...

 

Халық емшілерінің білімі  ұрпақтан-ұр­пақ­қа жалғасып отырғаны жасырын емес. Кейде ол  ата-бабада бар қасиет ретінде табиғи түрде берілген. Енді біреулер  дәрігерлікті өз үрім-бұтақтарына ғана үйретіп, атакәсіп ретінде жалғастырған. Жалпы қазақ медицинаға қалай қарағанын білгіміз келсе, тарих беттерінен дерек іздеудің қажеті шамалы. Халықтық меди­цина деп ат қойған емдік шараларға көз жүгіртсек болғаны. Елімізде түрлі шөппен ем қондыратындар көп өмір сүрді. Соны­мен бірге, әлдебір тылсым күшпен нау­қас­ты құлантаза айықтыратындардың есімі ауыз­дан-ауызға тарап жатты. Ақиқа­тын­да, халық емшілерінің құпиясы адамның ру­хын көтеруге бағытталған. Олар пси­хо­ло­гия ғылымынан хабарсыз болса да өз бойындағы табиғи дарынның нәтижесінде науқас адамның жан дүниесіне үңіліп, оның көкірегінде жатқан үміт отын тұтатқан. Сағы сына бастағандардың рухын кө­тер­ген.

Бүгінгі медицина ғалымдары сенім мен илану сырқаттың сауығуына  таптырмас дауа  екенін дәлелдеуде. Олар сенім бол­маған жерде ешқандай емнің жүрмей­ті­нін айтып дабыл қағуда. Алайда қазіргі қо­ғамда медицина адамның жанын ем­деу­ге, рухын көтеруге емес, көбіне тәніне дауа қондыруға негізделетіндігі туралы пікір білдіретіндер бар. Расында да солай ма? Денсаулық  сақтау мамандары денені ғана емдеп, зерттеуге  машықтанып, адам ру­хын кейінгі орынға қалдырып қояды. Десек те, медицина бұл бағытттағы олқы­лық­ты психология ғылымымен толықтырып отыр. Психологиялық көмек белгілі бір деңгейде сырқаттың жанына жігер беріп, меди­ци­налық ем-домның тез қонуына оң әсерін тигізеді.

Бұл орайда «Жаны саудың &ndash тәні сау» деген мақал еске түседі. Қазақ халқы бұл даналықты баяғыда-ақ айтып кеткен.  Біл­гір емшілер қаралуға келген адамның сыртқы пішініне, жүріс-тұрысына, өңіне, реңіне көз сала отырып, тән ауруын білуге тырысады. Тыныс алуынан көңіл-күйін байқайды. Тамыр ұстап, жүрек жұмысын тексереді. Сырқат жанның жүзіне байып­пен қарап,  оның қолының сыртынан ала­қа­нының жылуын дарыта отырып, тамырын ұстап, сырқатының жайын сұрайды.  Адам­ның қай жері ауыратынын білу үшін денені жайлап сипап, әр жерін басып көреді.  Міне, осыдан келіп өзіне деген зейінді байқаған сырқаттың емшіге сенімі артады. Арада түсіністік, рухани жақындық пайда болады.  Емшінің білгірлігіне деген сенім сырқат жанның ойын жинақтап, ауруының жайын састырмай, шатаспай, ұғынықты айтуына  мүмкіндік туғызады. Ол емдеу­ші­нің айтқанын бұлжытпай орындауға ойша бекінеді. Көңілінде үміт оты жанып, өзін жеңілдегендей сезінеді.

Бүгінгі дәрігерлер арасында алдына келген адамның жан дүниесіне үңіле  қой­майтындар кездесіп қалады. «Ау­руы­ңыз қашан басталды, қалай ауырады?» &ndash деген сұрақты қатқыл дауыспен қойып, дімкас жанның ойын жинақтатпайтыны, тіпті кей­де тіксінтіп тастайтыны ащы да болса шын­дық. Кей адамның жаны нәзік келеді. «Ауруыңыз асқынып кетіпті»,&ndash  дегенді: «Өлім аузында жатыр екенсің ғой», &ndash деп қабылдайтындар да бар. Сондықтан, медицина саласына  жан ауруын емдеу­ші­лерді көптеп тартудың маңызы зор.

Бүгінде:  «Несиені қалай төлеймін? Жұ­мыс­сыз қалсам жағдайым не болады? Пә­тер­ақының уақыты келіп қалды»,&ndash деп күй­зелу психосаматикалық аурулардың ден­деуіне негіз болуда.  Психосаматика дегені­міз &ndash жан күйзелісі салдарынан туындайтын тән ауруы. Оған көбінесе жүректің қысуы (стенокордия), қышыма,  асқазан жарасы, қан тасу, (гипертония) тыныс ауруы,  инсульт алу,  ұйқысыздық, бауырдың әртүрлі кесел­ге шалдығуы жатады. Халық емшілері таза ауада демалу мен дұрыс тамақтану аурудың алдын алудың негізгі жолы екенін бұрыннан айтып келеді. Медицинада да дәл солай. «Қайғысыз &ndash қара суға да семіреді», &ndash деп   сары уайымға салынбаудың денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін дәрігерлер де, емшілер де айтады. Әлсіреп, хал-дәрмені құрыған адамды  емшілер тау баурайындағы таза ауамен тыныстатып, қымыз, жас сорпа ішсе сауығатынын тілге тиек етеді. Тау басындағы тұнық тұмалардың суын ішу де таптырмас ем. Мұндай емді бүгінгі меди­ци­нада «бальнеотерапия», «курортотерапия» деп аталады.

Ата-бабамыз  «Жақсы  тамақ &ndash жаман ау­ру­ға ем», «Шыбынды жерде шығын бар», «Қай­наған суда қасиет бар», &ndash деп тамақтың құнары мен тазалығына ерекше мән берген. Қазақтың ең сүйікті сусыны &ndash қымыз. Қара­тал ауданындағы тамыршы Бақберген  Жү­нісбаевтың айтуынша, қымызбен өкпе, көк жө­тел, қырқұлақ, қаназдық, асқазан мен ішек, жүрек ауруларын емдеуге болады. Оның сөзіне сүйенсек, сырқат дендеген адамға бірден қымыз беруге болмайды. Ба­сында саумал  ішкізіп емдейді. Содан кейін қымыз ішкізу керек.

&ndash Науқастанған адам кешке дейін жата бер­мей, таза ауаға шығып, бой жазып, жақ­сы ой ойлап, күйгелектенбеу керек. Саумал бар­лық ауруға ем. Саумалға жазылмаған аурудың сауығуы неғайбыл, &ndash дейді Бақ­бер­ген тамыршы.

Осы орайда қымыздың емдік қасиеті жай­лы дәрігерлердің айтқанына сүйеніп кө­релік. Қымыздың құрамында 1,8 &ndash 2,2 пайыз ақуыз, 1,3&ndash2,0 пайыз май,  1&ndash1,5 пайыз ал­коголь, 200&ndash250 мг.-ға жуық «С» витамині бар. Сондай-ақ, қымыз зәр мен тер бөлуді жақ­сартады. Тердің шығуы ағзаның дема­луына, зат алмасу процесінің жүруіне, те­рінің демалуына жақсы әсер ететіні кім-кімге де белгілі. «Шикі қазыны түнемел  қымызға қосып, әбден шайқап ішкізу арқылы дерт меңдеген адамды ауыр кеселдерден сауық­тыруға  болады.  Қымызбен ыстығы көтеріл­ген, әлсіреп-қалжыраған, ширығып, жүйкесі жұ­қарған адамдарды емдейді. Шұбат та  көп ауруды жеңеді. Оның емдік қасиеті, қуаты  қымыздан да мықты. Жалпы құнарлы тағам  ішіп, жылқы етін жеп, қымыз ішпеген ауру­дың жазылуы неғайбыл, &ndash дейді Бақ­бер­ген емші. &ndash Сорпаға құрт қосып берудің қасиеті &ndash тер шығарғыштығында. Ұзаққа созылған асқазан, іш ауруларын  сілме деген тағаммен емдеген». Сілме &ndash сүтке пісірілген жас мал­дың еті.  Ол жұмсақ және бойға тез сіңеді. Асқазан қызметі бұзылған адамға күш-қуат береді.

 Сондай-ақ, қазақ халқы сынықшылықты те­рең меңгергендігімен ерекшеленеді.  Осы орайда  Жұмақан Иемберген есімді сынық­шы өз саласының медицинамен байланысы жай­лы былай деп ой бөліседі: «Бір қызығы, қа­зіргі дәрігерлер ота жасар алдында сын­ған жерді жансыздандырады. Немесе адам­ды ұйықтатады. Ол кедергісіз жұмыс жа­сау­ға жағдай туғызғанымен, сынықтың дұрыс салынуына негіз емес. Мен сынған жерді салғанда адамның бет-жүзіне қарап отыра­мын. Емнің қалай жүріп жатқанын осылайша бақылаймын. Мертіккен адам ояу отырса қолдың  тиген жерін сезіп, ауырсынады. Осылайша қай жері сынғанын анықтап аламын. Сынық орнына түссе қиналып жатқан адам баж ете қалады да жаны жай табады. Міне, бұл сынықтың орнына түске­нін білдіреді», &ndash дейді халық емшісі.

Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында Меруерт Ахметхан есімді халық ем­­шісі тұрады. Мақала жазу барысында  аталған биоэнерготерапевтке барып жолық­тық. Ол ине, бу және отпен ем жүргізеді. Тамыр ұстайтын қасиеті де бар. Денедегі қанды іріңді алады.  Қазақстан халық ем­ші­лері қауымдастығының мүшесі.  Қауым­дастық берген «Халықаралық дәрежелі емші», «ІІІ мыңжылдықтың үздік емшісі» атақ­тарының иегері. Әрі Ғарыштық қуат академиясының мүшесі екен. Ол қан қысы­мы, варикоз, жүйке жүйесі сырқаттарын емдеумен шұғылданады.

&ndash Диагноз қоюда емшінің сөзі мен дә­рі­гер­дің диагнозында өзгешеліктер болып жатады. Неліктен? Сіздің дәрігердің қойған нақтамасына келіспейтін кездеріңіз бола ма? &ndash дейміз емші көкейіндегі ойды білгіміз келіп. «Кардиохирургтер жүрек қан айна­лы­мы бұзылса бірден ота жасау керек дейтінді шығарыпты. Жүрек-қантамыр қызметінің бұзылуына негізінен қанның қоюлануы себеп болады.  Мұндай жағдайда бауыр мен өтті емдеген жөн.  Бауырдың қызметі орнына келсе қан айналым да жақсарады.  Жүрекке пышақ тигізгенге асықпай,  қанның  сұйы­луына зер салу керек», &ndash дейді емші жүрек ауруын емдеу жайында.

Медицина маманы бұл туралы не айтады дейсіз ғой?! Талдықорғандағы  кардиохи­рур­гия орталығының ота жасаушы дәрігері Ерлан Класұлы  жүрек-қантамырлары сыр­қатының себебін тамыр ішінің қақтанып қалуымен түсіндіреді.

&ndash Тамыр қуысының тарылуы қанның жүруіне кедергі келтіреді.  Қан айналы­мы­ның нашарлауы негізінен ішкен тамаққа да бай­ланысты. Мысалы, әр тамаққа қосыла­тын шошқа майы холестерині көп тағам бо­лып саналады. Ал холестерин қанның жү­руі­не кедергі келтіріп,  жүрекке салмақ түсіреді. Сондай-ақ, өсімдік майынан жасалған тағам онша пайдалы емес. Мысалы, бауырсақ пі­сір­геннен қалған май бір күннен кейін са­ғыз­ша созылып қалатыны белгілі. Осын­дай май ағзаға түскенде тәннің кейбір  тін­дерін бітеп тастайды.  Сондықтан, қақ­тан­ған тамырды шунттау немесе алмастыруға осындай дерт себеп болып жатады, &ndash дейді білікті дәрігер. Міне, емші мен дәрігер екеуі­нің де айт­қандарының жөні бар. Бар бол­ғаны сыр­қаттың түріне қарай емді дұрыс жүргізу керек.

Бұрындары қара суды кері ағызған емші, бақсы-балгерлер болғанын тарих жоққа шығармайды. Қобызын тартып, жынын ойнататын бақсылар бүгінде жоқ. Емші дегендердің көбі құмалақ салып, бал ашу­дан ары аса алмайды. Ал медицина шарық­тап дамып кетті. Адамды ажалдан араша­лайтын ақ халаттылардың ғылымы тыл­сым­нан гөрі нақтылыққа жүгінеді. Кейде меди­цинада адам күтпеген тосын оқиғалар бо­лып жатады. Ғылым мұны түсіндіре алмай қалады. Демек, медицина мен рухани күштің де арасында ескеретін дүниелер бар секілді. Бір сөзбен айтқанда, дәрігер мен емші­лердің арасындағы бітіспес дүрдараздыққа нүкте қоятын кез келді. Себебі, зерттеу кезінде жүгінген пікірлерді саралай келе, екі сала да бір теріні илеп отырғандай әсер берді.

 

Гүлжан ТҰРСЫН.

«ЖЕТІСУ» газеті

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста