Шолпан

65-інші үйдің Аязатасы

  • 65-інші үйдің Аязатасы

    65-інші үйдің Аязатасы

Орал қаласы Жәңгір хан көшесі 65-інші үй тұрғында­ры­ның Жаңа жыл күні есіктерін қа­ғатын өз Аязатасы бар. Мұн­дай тосын ой осыдан 15 жыл бұрын осы үйде тұратын ерлі-зайыпты Рустам мен Жанаргүл Майхиевтердің басына келеді. «Шұғыл шешім болса да, тыңғылықты әзір­лендік. Аязата мен Қар­шақыздың киімдерін, сыйлық салатын дорбамызды оюлап тұрып, әдемі қылып әзірлеуге барымызды салдық. Дайындық үйдегі балаларымыздан жасырын жасалды. Олардың алғашқы таң­данысы әлі көз алды­мыз­да. Басында ештеңені түсінбей қалды. Ал Аязата мен Қаршақыз рөлінде ата-аналары екенін білгенде қол шапалақтап қуанғаны әлі есімде. Балаларымызды шек­сіз қуанышқа бөлеген сәтіміз отағасы екеуміздің ең бір бақытты минуттарымыз ретінде ойымызда қалды», – деп еске алады Жанаргүл.

Өз бүлдіршіндерінің шаттығын көрген олар енді көршілердің де кішкентайларына то­сынсый жасамаққа бекінеді. «Дор­ба­мыз­ды тәттіге толтырып, көршілеріміз Қажет пен Жанардың есігін қақтық. Бұл көр­ші­лер­ден бастауымыздың мәнісі – олардың от­басында тетелес бес бөбек бар еді. Ша­қырусыз келген ертегі кейіпкерлерін көрген олар­дың қуаныштан қол ша­па­лақ­тап, «Аяз­ата келді, Аязата келді!» деп се­кі­ріп жүр­генін көрсеңіз... Кішкентайлар өз өнер­лерін көрсетіп, сыйлықтарын алды. Біз шы­ғып бара жатқанда, алты жасар Арай­­дың со­ңымыздан: «Аязата, наннан ауыз ти­мей­сің бе?» деп айқайлағанын есті­ген­де, Аяз­ата рөліндегі отағасының кө­зінен жас шық­қан­ша күлгені әлі көз алдымда. Арай жүгіріп барып асүйден бауырсақ әкел­ді. Сол сәтте мен сәбилердің көңіліне ертегінің бір бөлшегін сыйлағанымызды ұқтым. Үйден үлкен әсермен шығып, ойға шомып, үнсіз келе жатқан Рустам маған сол кезде: «Бұл біздің отбасылық дәстүрімізге ай­на­луы тиіс» деген еді», – дейді Жанаргүл Май­хиева. Сол түні Аязата мен Қаршақыз  №65 үйдің барлық пәтерін аралап шығады. Ке­­лесі екі жыл да қатарынан тап солай өтеді.   

– Есіктен кіріп келе жатқан Аязата мен Қар­шақызды алғаш көргенде мекен­жай­дан адасып кеткен болар деп ойлап қал­ғанымыз рас. Көршілерімізді алға­шын­да та­нымай да қалдық. Олар кеткенде бала­лар үлкен әсермен жүрді, – дейді көршілері Жа­нар Сарғозиева

Тағы бір көршілері Орынғаным Қой­шина: «Рустам мен Жанар кәсіби актерлер бол­маса да, рөлдерін өте шынайы орын­дады. Жүздерінен нұр шашқан мейірімді от­басына Жаңа жылдан өзге уақытта да балаларымыз үйірсек», – дейді.

2010 жыл Майхиевтер отбасы үшін өте ауыр болды. Қамқор әкеден, сүйікті жар­дан айырылды бұл шаңырақ...

Тағдырдың соққысын қайыспай көтер­ген қайсар Жанаргүл Жаңа жылда отаға­сы­ның бір кездері айтқан сөзін жерге тас­та­май, отбасылық дәстүрді жалғасты­рып, көр­шілердің кішкентайларына қуаныш сый­лай беруге бел буды. Үлкені 15-ке, кі­шісі 10-ға толып естияр болған қыздары Аязатаның өмірде болмайтынын ұқса да, бүл­діршіндерді қуантудың қаншалықты маңызды екенін айтқызбай түсінеді. Бү­гін­де Элеонора мен Лунара аналарына сый­лық жасауға көмектеседі. «Жаңажылдық ер­тегіні айналама сыйлай отырып, бір сәт өзімді де бақытты сезінемін. Биыл да жыл­дағы дәстүрімізше бір шатырдың астында тұратын бүлдіршіндердің қиялдарын оя­тып, ғажайып ертегіге саяхат жасат­пақ­пын», – дейді 65-інші үйдің Аязатасы Жа­нар­­гүл. Әркім өз басының қамын күйттеп кет­кен қа­зіргі қым-қуыт заманда ға­жа­йыпқа се­нетін, қуанышты өзгенің үйіне де сыйлауға асы­ғатын жандардың арамызда жүргеніне қуа­насың.




Көрілген: 2494    Пікірлер: 0

бейсенбі, 26.12.2013, 14:18

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30