Астанада телекоммуникация саласының әр дәуіріндегі жетістіктеріне арналған мұражай ашылды

28 желтоқсан 2010, 13:11

«Уақыт пен ұрпақ байланысы». Астанада осындай атаумен қазақ телекоммуникация саласының әр дәуіріндегі жетістігінен сыр шертетін бірегей мұражай ашылды. «Қазақтелеком» АҚ-тың Астана қаласындағы «Астанателеком» ҚТО филиалында орын тепкен мұражайға «Телеграф», «Телефон», сондай-ақ «Радио және теледидар» категориялары бойынша 100-ден астам көне экспонат қойылыпты.
Мұражай басшысы әрі осы салаға 45 жыл бойы еңбек сіңірген кәсіби маман Жақ­сылық Рахымовтың айтуынша, мұ­ра­жайда кілең бірегей экспонаттар жи­нақ­тал­ған. «Уақыт пен ұрпақ байланысы» атты мұражай бұл байланыс саласының даму тарихынан сыр шертеді. Ашылғанына төрт айдай болды. Адамдар өте көп келеді. Арнайы қойылған тілек кітабымыз да бар. Соған ізгі тілектері мен өз пікірлерін қал­ды­рып кетіп жатыр. Мұрағатқа қойылған құжаттар фото және бейне, аудио жазбалар тек Ақмола облысы аумағы ғана емес, жал­пы республика аумағындағы теле­ко­м­му­ни­кация құралдарының даму тарихын көр­сетеді. Күллі қалаларды аралап жүріп, құнды заттарды жинап әкелдік. Мұра­жайы­мыз шағын болса да құнды дүниелері жағынан Ресейдің Санкт-Петербург секілді ірі қалаларындағы жәдігерлерден кем емес. Бұл өз өмірлері мен кәсіби білімдерін ел экономикасының ең маңызды сала­сы­ның бірі – байланыс саласының дамуына ар­наған адамдарға көрсетілген құрмет деп са­наймыз», – дейді Жақсылық Рахым­ұлы.
Қазақ телекоммуникация саласы же­тіс­тік­терден кенде болған емес. Соңғы бір­не­ше ғасырда адамзат арманын ақиқатқа ай­налдырған байланыс саласы қазақ топырағын жатсынбай өз түренін салды. Бұған біз сөз етіп отырған бірегей мұражай куә болса керек. Мұражайда сирек кез­де­се­тін өте көне экспонаттар қойылған. Соның бірі – бір ғасырлық тарихы бар, яғни 1910 жылы жасалған Le Marty фир­масының француз телефоны. Өз за­ма­нын­да тек таңдаулылардың ғана сүйікті қыз­мет құралына айналған бұл аппаратты бүгінде емге таба алмайсыз. Сондай-ақ мұражай төрінен бүгінгі таңдағы алпауыт ком­паниялардың үлгі ретінде шығарылған алғашқы өнімдерін де көруге болады. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары шы­ға­рыл­ған Siemens компаниясының ал­ғаш­қы телефоны осыған куә. «Мұра­жайы­мыз­дағы ең көне жәдігердің бірі – 1905 жылы үлгі ретінде шығарылған телефон аппа­раты. 1955 жылғы КВН түріндегі ТВ қа­былдағышы, қазіргі радионың прототипі – радиорепродуктор бүгінгі таңда баға жет­пес құнды дүние балып саналады», – дейді мұражай басшысы Ж.Рахымов.
1867 жылы Морзе ойлап тапқан құпия аппа­рат та осында орын тепкен. Содан бері бұл аппарат бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өз маңыздылығын жоймаған. Сондай-ақ мұражай төрінде Морзенің тағы бір туын­дысы – телеграфты да көруге болады. Бұған 120 жылдай уақыт болған. Оны Ре­сей­ден алдырыпты. Бір қызығы, мұндағы кө­не дүниелердің барлығы да жұмыс істеп тұр. Тетігін бассаң болды, сайрай жөнеледі. Кө­не радиолар, Ұлы Отан соғысы жыл­да­рын­да халықтың баға жетпес байлығына ай­налған, Левитанның әсем үнімен ел жүрегінде мәңгі қалған, қазіргі радионың прототипі – радиорепродуктор мұражай тө­рінде қазақтың қара домбырасының үнімен сайрап тұр.
Бұл мұражай келіп-кетушілерге қатты ұнаған. Себебі ол жаңа, заманауи үлгімен жасақталған. Еліміздің басқа өңірлеріндегі телекоммуникация мұражайлары ескі үлгіде жасақталған. «Оның үстіне ол мұ­ра­жай­лар қалың көпшілік үшін емес, кә­сіп­орын қызметкерлеріне ғана арналған», – дейді мамандар. Қалың көпшіліктің на­зарына ұсынылып, өткеннен сыр шертіп отыр­ған – тек Астанадағы «Уақыт пен ұрпақ бай­ланысы» мұражайы. «Мұражайда үл­кен төрт монитор қойылған. Біріншісінде те­лефоннның алғашқы үлгілері туралы деректер айшықталады. Осы құрылғының екі ғасырлық тарихын көруге болады. Ал екіншісінде телефон тарихы мен оны құ­рас­­тырған өнертапқыштар туралы дерек­тер көрсетіледі. Ал үшіншісінде әр дәуірде бізге келген құрметті қонақтар мен тұ­ты­ну­шы­ларымыз туралы деректер бар. Ал соң­ғысы телекоммуникация қызметкеріне ар­нал­ған. Осы салада қызмет етіп, өмірін бер­ген кәсіби мамандарымыз туралы», – дейді Ж.Рахымов.
Даркүл Мешітбаева, «Астанателеком» бас директорының орынбасары, ком­мер­ция­лық директор:
– Бізге келген адамдар өте риза болып жатыр. Әсіресе осы салада еңбек еткен кәсіби мамандарымыздың қуаны­шын­да шек жоқ. «Осында біздің ата-әже­леріміз іс­теген еді. Мұражай ашы­лып­ты, кө­рейік деп келдік» деп ағылып келіп жа­тыр. «Бұл – біз үшін үлкен құр­мет. Ең­бе­гі­міз еленіп жатыр» деп рақ­мет­терін айтып жатыр. Ардагер бай­ла­ныс­­шы­лар­дың балалары мен кейінгі ұрпақтары келіп көріп жатыр. Көбісінің жүз­дерінен «Бұл жерде менің атам жұмыс істеген. Әкем байланысшы бол­ған. Анау төрде тұрған – сол кісі» деген қуа­ныштың ізін байқау – біз үшін өте үл­кен мәртебе.

Надежда Репина, 83 жастағы ардагер бай­ланысшы, бұрынғы телефонистка:
– Өзіңнің ізің қалған, қолтаңбаңды түсірген жер әрқашан ыстық болады емес пе? «Қазақтелеком» АҚ-тың Аста­на қаласындағы «Астанателеком» ҚТО филиалы – мен үшін тура осындай жер. Себебі бұл жерде менің ардақты еңбек жолым өтті. Жалынды жастығым өтті. Кәсі­би білімім өсіп, маман болып қа­лып­тастым. Альбомнан өз суретімді кө­ріп, көзіме қалай жас толғанын байқамай да қалдым. Тек мен ғана емес, саналы ғұ­мырын осы жолда сарп еткен талай тұлғаларды көріп тұрмын. Бұл жерде менің немерем мен келінім жұ­мыс істейді. Мұражайдың ашылуы – өте қуанышты жағдай. Бізді ұмыт­па­ғанына қуа­ныштымыз.