Ұлтымыз үшін жыл басы – Ұлы Наурыз мерекесі саналатыны хақ. Әйтсе де сан жылдар бойы үйренісіп қалған Жаңа жыл мерекесін атап өтіп, шырша тойын өткізуден бүгінгі қоғам бас тарта қоймас. Әлемдік деңгейде алып қарасақ, көптеген елдер желтоқсанның соңына қарай жылды қорытындылайды. Біз де өзімізше биылғы жылдың жай-жапсарына қысқаша ғана шолу жасап, жаңажылдық айтыс өткізген едік. Бағасын өздеріңіз беріңіздер, қадірлі Алаш жұрты!
Серік Қалиев
Бақыт Жағыпарұлы
Серік Қалиев:
Армысың қазағымның намысты ұлы,
Ұлтым деп шырқырайтын
жарыста үні.
Уақыттың диірменін айналдырып,
Халқымызға не берді Барыс жылы?
Бақыт Жағыпарұлы:
Шынымен қалай болды барысымыз,
Ауылда аз болса да табысымыз.
Еуроодақ деп бас қосып Астанада,
Қазақтың қолын алды алысымыз.
Серік Қалиев:
Өзге елге көп еліктеп анталаймыз,
Ұлттық идея дегенде шалқалаймыз.
Неге әлі Тәуелсіздік мерекесін,
Жаңа жыл шыршасымен
қалқалаймыз?
Бақыт Жағыпарұлы:
О, Секе, еш кінә жоқ халқымда түк,
Қоян жылы жолықсын жарқын бақыт!
Көндіріп жаһандану заманына,
Сөндіріп бара жатыр салтымды уақыт.
Серік Қалиев:
Астанаға жинаса әлем кіл қасқасын,
Билік елді жақсылыққа бір бастасын.
Бар жамандық кетсінші осы жылмен,
Ауыл-аймақ, даламды су баспасын.
Бақыт Жағыпарұлы:
Қасиетті сіңіріп анамыздан,
Дархандықты үйреніп даламыздан.
Кесірлі келімсекке құшақ ашып,
Наурызды өшірмейік санамыздан.
Серік Қалиев:
Жаңа жыл сіңіп алды санамызға,
Әдет-ғұрып айналды бәрі аңызға.
Қыдыр емес, қыдырған Аяз шалды,
Күтетін болды бала-шағамыз да.
Бақыт Жағыпарұлы:
Азиада басталар таяды сәт,
Ұл-қыздар қорықпасын қоян құсап.
Жеңістің туын көкке желбіретсін,
Қалмақтың көзін жойған
Баянға ұқсап!
Серік Қалиев:
Сен едің аламаннан озған інім,
Жасынан ұғып өскен сөз қадірін.
Әр қазақ бірін-бірі ардақтасын,
Баяндай жазым етпей өз бауырын!
Бақыт Жағыпарұлы:
Қанша ғасыр тағдырың
қалды азапта,
Көнгенсің талай қорлық, сан мазаққа.
Кешегі қанмен келген Тәуелсіздік,
Берекесін дарытсын бар қазаққа!