Ғылымға деген махаббат басталады партадан...

12 сәуір 2013, 12:54

Қазіргі таңда ғылым-білімде бәсекелесіп, озық технологияны меңгеріп, тұрмысты жеңілдететін техникаларды бірімен-бірі жарыса шығарып жатқан Жапония, АҚШ, Германия, Корея, Қытай секілді елдер екенін мойындамасқа лаж жоқ.  Өйткені қанша жерден шикізат қорына бай ел болғанымызбен, біз әлі күнге өткен ғасырда Әлихан Бөкейханов сынды Алаш көсемі айтқандай, «Жердің асты мен үстіндегі әр түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалып, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн осы мемлекет  азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуіне» қол жеткізе қойғанымыз жоқ. Өзгенікін тұтынып, соны қымбатқа алғаны­мыз­ға мәзбіз. Бірақ таусылмас қазына, сарқылмас күш болмайтынын ескерсек, еме-еме бір күні жер -ананы да суалдыратыны­мызды бәріміз де іштей сеземіз. Сондықтан Елбасымыз­дың өзі бүгінде білім мен ғылымға, ғылымды өндіріспен ұштастыруға аса ден қойып, инновациялық даму жолына көш бастап барады.
Әйтсе де әзірге ғарыштық техно­ло­гиясымен ғаламды бүгін Батыс, Жапония сынды елдердің билеп отырғанын мой­н­дауға мәжбүрміз. Алайда, түптеп келгенде, Ба­тыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғы­лым мен технология саласындағы көптеген жа­ңалыққа қол жеткізуінде шығыс ғұла­ма­ларының зор ықпалы  болғандығы анық. К.В. Бодлейдің айтқанындай: «Қа­зіргі Батыс мәдениеті ренессансқа, ренес­санс өз кезегінде исламға қарыздар». Мы­салы, алгебра ғылымының негізін қалаған әл-Жабр деген – мұсылман ғалым. Бұл ғы­­лым сол кісінің атымен «алгебра» деп ата­луда. Алғашқы күн сағатын ойлап тап­қан орта ғасыр астрономия және мате­матика ғалымы Жабир ибн Әфлаһ  та мұ­сыл­мандардан еді. Химия саласының атасы Жабир ибн Хаййан (721-805ж.ж.): «Материяның ең кішк­ен­тай бөлшегі атомда тығыз энергия бар. Грек ғалымдарының айтқанындай, атом бө­лінбейді деу дұрыс емес. Бұл да бө­лінеді. Ал бөлінген жағ­дайда Бағдаттың күл-талқанын шыға­ра­тындай күш пайда бо­лады. Бұл – Аллаһтың құдіретінің ны­шаны», – деп атом бомбасы жайлы алғаш тү­сінік берген.
Міне, осындай мықты ғылым мен өркениетті елдің астаң-кестеңін шығарған не? Ол – түрлі жаугершілік саясат, шап­қыншылықтар. Әлемдегі ең керемет кітап­ха­насы мен мықты-мықты ғалымдары бар Отырар сынды ғажайып өркениетті елдің қасіреті бізге тарихтан мәлім. Батыстың содан кейін барып бас көтеріп, түрлі географиялық жаңалықтар ашып, ғы­лымға ден қойғанын білеміз. Біз мұны «ке­ше сондай еді, енді бүгін неге мұндай» деу үшін емес, өзіміз де өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін қайтсек ғылымға ден қоя аламыз, қайтсек ғылым мен технологияны өндіріспен ұштастырған алдыңғы қатарлы индустриялы елге айна­ламыз деген мәселені сараптау үшін қозғап отырған жайымыз бар. Себебі біздің әзірге шикізат көзі ретінде ғана шеттен инвес­тиция тартып, өзіміздің жерімізде тауар өндіретін дәрежеге жете алмай отыр­ға­нымыз өтірік емес. Мұның себебін ма­ман­дар «қазақстандық өндірушілерге ғы­лыми әдіс­темелерді нарықтық тауар деңгейіне жет­кізу тәжірибесі жетіспейді, менед­ж­мент, маркетинг және талдау саласындағы жо­ғары білікті мамандар жеткіліксіз. Осы­ған байласты қазақстандық мамандарды же­текші шетелдік ғылыми-зерттеу инсти­тут­тары мен компанияларына тағылым­дар­ға жіберу және отандық кадр­лер даяр­лау үшін республикаға жоғары білікті ше­тел ма­мандарын тарту тәжірибеге енгі­зіліп жатыр» деп түсіндіреді. Мүмкін, бізге ғылыми инновация деген жаңа пән енгізіп, оны меткеп қабырғасынан бастап оқыту керек шығар?
Зирабүбі Төленова, тарихшы ғалым, педогог:
– Ғылымға баратын жол не, ол, әрине, білім. Сондықтан ғылымның не­гі­зі мектептен бастап қаланбай бол­май­ды. Әсіресе ауыл мектебіне көбірек кө­ңіл бөлу керек, себебі олар әлі күнге ғы­лыми әдебиеттермен, көркемдік жаб­дықтармен де, қыл аяғы ком­пью­термен де толық жабдықталмаған. Ал ондай балалар ғылым түгіл, компью­тер­ді дұрыстап білмей жатыр, ал ер­тең­гі күні инновацияны қайдан түсінсін?! Біз әлі күнге мектеп қа­быр­ғасында бол­сын, одан да биік жоғары оқу орын­да­рында болсын, көбіне ескі методо­ло­гиялық әдіс-тәсілдерден арыла алмай келеміз. Содан келіп инновация біздің өмірімізден етене орын ала алмай отыр. Инновация ұш­қыр қиялды, сон­дай-ақ техниканы, соның ішінде ком­пью­терді жақсы білуді талап етеді. Қа­зір түрлі-түрлі адам таңғаларлық бағ­дарламалар жа­сап шығарып жат­қан жастар бар, бірақ соларға дұрыс ба­ғыт-бағдар мен қолдау жетпейді. Қа­зіргі жастар өте қағілез және олар жаңалық атаулыны, сәл қызықтырсаң бітті, ары қарай өздері-ақ алып кетеді. Сондықтан біз ғылымды дұрыс жолға қойғымыз келсе, онда бүгінгі ұрпақты ғылыми инновацияға бағыттауымыз ке­­рек, әншілікке емес. Теледидар қос­саңыз бітті, қосақталған қыз-жігіттер шы­ғады, білетіндері – тек ән салу, мүм­кін, со­лармен дұрыс жұмыс істелгенде кім білсін, ғылымға ден қояр ма еді. Қа­зір олар үшін инновация деген жат, бір ақылға сыйымсыз, дүдәмал нәрсе се­кілді көрінуі мүмкін. Біріншіден, біз­де ғалымдарға деген құрмет өнер адам­дарымен салыстыр­ғанда көп ке­йін, екіншіден, мектеп қабырғасында жү­йелі бағыт жоқ. Осы себептен біз ғы­лыми инновацияны мектеп пәні ре­тін­де енгізуіміз керек.

Түйін
«Өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызар, айшылық алыс жерлерден, жыл­дам хабар алғызар» деген қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин тап осы біз өмір сүріп жатқан қоғамды айтқан секілді. Көкірек көзімен көш ілгері заманды алдын ала көріп кеткен ғұламалар аңсаған заманды өз көзімізбен көріп отырған біз  – бақытты ұрпақпыз. Алайда ғылымның кереметтігі де сонда, онда меже, шарықтау шегі деген болмайды, яғни дамыған сайын дами береді, соған сай адам баласы да ұшқыр аттай қиялына одан сайын қамшы сала түспесе, көш соңында қалып қоюы ғажап емес.