Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жаңажылдық хикая

28 желтоқсан 2011, 13:38

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жаңа жылды жеті рет – алаңда, бір рет әуеде қарсы алдым
Жаңа жыл мерекесін қарсы алу біз­дің қоғамда бұрыннан үрдіске еніп кет­кендіктен, бұдан мүлде аттап кете алмаспыз. Біз тек осы мерекені өзіміздің ұлттық болмысымызға икемдей түсуі­міз керек. Жалпы, бұл мейрамды атап өту негізінен көптеген қызықты оқиға­­мен байланысты болады. Кезінде, елі­міздің елордасы – Астана қаласы әкі­мі­нің орынбасары болып қызмет етіп жүрген кездерімде кейбір мерекелерді қала жұртшылығымен бірге далада бірге атап өтуге тура келетін. Туыстарым мен достарым да бұған үйренген. Сон­дықтан да қызмет бабыма байланысты сол кезеңдерде жаңа жылды жеті жыл қатарынан алаңда қарсы алуыма тура келді. Өзіммен бірге отбасы мүшелері де бірге жүретін. Бұл да бір қызық дәурен болатын. Алаңда ұйымдастырылатын түрлі мәдени шаралардың басы-қа­сын­да жүріп, түнгі сағат 12-де отшашу шашылғаннан кейін үйге бір-ақ қай­татынбыз.
Тағы бір оқиға ойыма оралып отыр. Мәс­кеудегі П.Чайковский атындағы кон­сер­ваторияның аспирантурасында оқып жүр­ген кезім. Жаңа жыл қарсаңында ауа райының қолайсыздығына байланысты ұша­ғымыз бір күн кешігіп, 31-і күні бір-ақ ұшатын болдық. Бәріміз әуежайда ұшақ­ты күтеміз деп әбден шаршағанбыз. Ор­ны­мызға жайғаса салып, көпшілігі­міз ұйқыға бастық. Сөйтіп, жаңа жылды әуеде қарсы алдық деуіме болады. Елге 1 қаңтарда келіп қондық. Былайша айтқанда, Мәс­кеуден Алматыға бір жыл бойы ұшып келгендей болдық.


Бақыт ШАДАЕВА, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
Отшашудың ысына көмілген көлігімді танымай қалдым

Өнер адамы болғандықтан, біз әр мерекені көбіне халықпен бірге өткі­земіз. Ал Жаңа жыл жақындаған сайын концерттері­міз тіпті көбейіп кетеді. Біріне барсақ, екіншісіне үлгере де алмай жата­тын жайымыз бар. Осыдан төрт жыл бұрынғы бір оқиға есіме түсіп отыр. Күн­діз ары-бері шап­қы­лап, түрлі ша­раларға қатысып, кеш­ке жаңа жылды отба­сыммен бірге қар­сы алуға үйге келдім. Бірақ Алматының орталық алаңын­да өтетін концертті ұйым­дас­ты­рушы­лардың талабы бойынша сағат 12-ден кейін бірінші болып сахнаға шығып, ән айтуым керек болатын. Бір кезде Жаңа жыл сәті таяғанда аулада бірінен соң бірі сарт-сұрт етіп отшашулар атыла бастады. Тере­зеден қарасақ, бейне бір атыс-шабыс болып жатқандай айналаның бәрі – қы­зылды-жасылды от пен көк түтін. Содан асығыс-үсігіс жиналып, алаңдағы кон­­церт­ке жетуге асықтым. Бір кезде сырт­қа шығып, аулада тұрған көлігімді таба алмай, әбден дал болдым. Біреу ай­дап алып қашып кетті ме деген де ой келді. Ары айналып, бері айналып жүріп, әй­теуір, көлігімді нөмірі бойынша әрең танып алдым. Әрең таны­дым деген себебім, менің аппақ темір тұл­парымның тура жанында тұрып, біреулер артынан көп күл шашып қалдыратын үлкен отшашу атса керек. Содан ақ көлігім қап-қара ысқа көміліп қалыпты. Көлігімді қыз­дырып, алаңға жетсем, концерт ортасына таяп қалыпты. Ұйымдастырушылар «қай­да жүрсің, концертті сен ашуың керек еді ғой» деп ренжиді. Болған жайды айтып едім, бәрі де мәз-мейрам болып, бір күліп алды.


Қалқаман САРИН, ақын:
Шырша тойы менің туған күнімнің көлеңкесінде қалып қоятын сияқты

Өз басым Жаңа жыл мерекесін сонша күтіп, ерекше бір жағдайда атап өткен емеспін. Меніңше, бұл мерекені шырша тойы, қыс мерекесі деп атасақ та болады. Ал менің басымнан бұл мейраммен байланысатын аса бір қызықты оқиғалар өте қойған жоқ. Мұның тағы бір себебі бар. Өйткені жаңа жыл келе салысымен, 2 қаңтарда туыстарым, дос­тарым туған күнімді атап өту үшін біздің үйге жиналады. Оған да аса дайындалмаймыз. Жаңа­жылдық дастарқан мәзірінен қалған-құт­қан дәмнің ретін келтіріп, өзімізше бір мәре-сәре болып жатамыз. Жаңа жыл кештерінің өзінде айналамдағылар мені туған күніммен алдын ала құттықтап, абыр-дабыр басталып кетеді. Кейбір достарым «жылда Тәуелсіздік мерекесі Жаңа жыл жылтырақтарының аясында еленбей жатады, бірақ Жаңа жыл сенің туған күніңнің көлеңкесінде қалып қояды» деп қалжыңдап отырады. Сондықтан да бұл мереке кезінде мен басқалар сияқты еркін қыдырыстап, қонаққа бара алмаймын. Себебі өзімнің қонақ күтуіме тура келеді. Анығын айтсам, әр Жаңа жыл менің есімде туған күнімді тойлаумен есте қалады. Ал нағыз жаңа жылды негізінен Наурызда бар ынта-ықыласыммен қарсы аламын.