Ойда қылаң берген сол бір сәт...

26 желтоқсан 2013, 14:00

Ескі күндердің ескірмес естелігі іспеттес Жаңа жыл мейрамы да әсіресе үлкен буын өкілдері үшін өзіндік қызығы мен шыжығына толы. Жыл жабар сындарлы сәтте, өз кезегімізде біз аға буынды жастық шақтарына саяхаттауына мүмкіндік беру­де сол естеліктерін парақтап, басынан өткер­ген қызық оқиғаларымен бөлісуге шақырған едік.

Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының док­торы, профессор:
«Шайтан» патефон
Қателеспесем, 1952 жыл болуы керек, үшін­ші сыныпта оқып жүргенімде анам бірнеше күн жинаған жұмыртқаны «сатып кел» деп мені базарға жіберді, яғни Алма­ты облысы Жамбыл ауданы орта­лығындағы базарға. Ол кезде көлік деген қайдан болсын!? Әупірімдеп жүріп түрік шалдың арбасына іліндім. «Сындырып алма, осы­ның ақшасын бірнеше күн талғажау етеміз» деп анам қатты тапсырды. Тойып тамақ ішпейтін жүдеу-жадау күндер еді ол... Жұмырт­қаның барлығын өткіздім, ақшам­ды санап, енді қайтуға ыңғайлана бергенім сол еді, артымнан бір жағымды әуен естілді. Жалт бұрылсам, бір орыс әндеткен қобдишаны сатып тұр екен. Оны көріп, таң-тамаша болдым. Сатушы да мені одан бетер қызықтырып, әлгісін маған таныс­тыра бастады. Сөйтсем, ол патефон деп аталады екен. Бұрын естіп-көрмеген бір таңғажайып дүние. Әбден тәнті болдым. Содан анамның айтқаны да, өзімнің жағ­дайым да ұмыт қалып, бар ақшамды орыс­тың қолына ұстата салдым.
Тек үйге жақындағанда ғана аш қала­тынымыз есіме түсті. Бірақ «сауда сақал сипағанша» демекші, енді барлығы кеш еді. Әлбетте, анам қатты ренжіді. «Осы саған тамақ бола ма?» дегенде, шыны керек, қатты ұялдым. Бұл Жаңа жыл қарса­ңын­дағы күндер болатын...
Ол кезде шырша да жоқ, оны безен­діретін әшекейлер қайдан болсын?.. Қар басқан талдарға шүберектер байлап, білге­німізше сәндеп қоятынбыз. Сөйтіп, оның төңірегінде таңға дейін жүріп, Жаңа жылды қарсы алатынбыз. Сондай бір күндері сыртта бірнеше қыз ойнап жүр екен. Дала қараңғы. Ойыма сарт етіп, пате­фоным түсті. Сол төңіректегі бір арықтың ішіне кіріп алдым да, әлгіні қосып кеп жібер­дім. Даңғыр-дұңғыр ете түскеннен-ақ қыздардың зәре-құты қалмайтынын білдім. Өйткені ол кезде ауылда патефон деген мүлде жоқ, оны тіпті ешкім көрмеген де. Сөйтсем, әлгі қыздар бар дауысымен шыңғырып, жан-жаққа қаша жөнелді. «Ойбай, шайтан, шайтан!» дегендерін естіп, ішек-сілем қатып әбден күліп жатыр­мын. Көп ұзамай олар қайтып келіп, мен жаққа қарай от лақтырды. Әйтеуір, сыты­лып қашып үлгердім. Арықтан шығып, шыным­ды айтайын десем, бірдеңені дұрыс істемегендей қорықтым. Сонымен не керек, үйге қарай тарттым. Ертеңінде әлгі қыздардан естігендерін бүкіл ауыл айтып шулады. «Түнде ауылға шайтан келіпті. Жаңа жылда балалардың таңға дейін ойнай­тындарын біліп, әдейі келген секілді. Қайта құдай сақтап, оттан қашып кетіпті» десіп жатты.
Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
«Атамекенді» Жаңа жылдың сыйлығы іспетті қабыл алдым!
Алматыда Нархозда сабақ беріп жүрген кезімде, 1985-86 жылдары бірқатар жас ғалымды ғылыми тәжірибеден өту үшін жан-жаққа жөнелтті. Мен Болгарияның София қаласына аттандым. Онда К.Маркс атындағы экономикалық институтқа ат басын тіредім, сол институттың жатақ­ха­на­сында тұрдым. Бөлмеде радио бар-тын. Үнемі оны шұқылап, Қазақстанның радио желісі ұстап қала ма деп қатты үміттенуші едім, бірақ әрдайым жолым болмайтын. Мұнда келгеніме бір жылға жуық уақыт боп қалған, алда жаңажылдық мереке күн­дері күтіп тұрды. Жатақханада Кеңес Одағының басқа республикаларынан да келген жас практи­кант­тар бар еді, олар мені жаңа жылды атап өтуге өз бөлмелеріне қонаққа қолқалап шақырып жатты. Бірақ менің ештеңеге зауқым соқпады, неге көңілсіз екенімді ол кезде өзім де түсініп тұрғаным жоқ, содан есікті іштен сарт бекітіп, төсекте жатқанмын, бір уақытта тып-тыныш тұрған радио (желіні бірде ұстап, бірде ұстамай) түсініксіз саңғырлап қоя берді, дұрыстап құлақ түрсем, қазақша дауыс шығатын секілді. Оны қолыма алып, ақырын тетігін жылжыттым, бір кезде Роза Рымбаева ап-анық «Ата­мекен» әнін әуелетіп қоя берді. Жүрегім өрекпіп, жыла­ғым келмесе де, көзіме жас келіп, ол өз-өзінен тоқтаусыз бетімді жуып жатты. Сол кезде мен елімді-жерімді қатты сағын­ға­нымды түсіндім. Тағы бір жағынан, бұл жайт маған сиқыр секілді көрінді, сон­дық­тан «Атамекенді» жаңа жылдың сыйлығы секілді қабыл алдым...