Біріккен рейдтік шара

09 желтоқсан 2021, 05:44

Берешегің болса ертерек құтылуға әрекет жаса. Жыл аяқталуға жақын. Төлемеген жағдайда арықарай мәселеңді сот қарайтын болады. Осылай деп дабыл қаққан бәйдібектік құзырлы орган қызметкерлері біріккен рейдтік шара ұйымдастырды. Түсіндіру жұмыстарына аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы, жергілікті полиция және сот орындаушылары қатысты.

 

Жалпы, 2021 жылдың 1 сәуірінде Бәйдібек ауданында көлік құралдарының салық берешегі 2 908 салық төлеушіден 43 632 610 теңгені құраған болатын. Рейдтік іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 2 478 салық төлеушіден 34 466 721 теңге өндіріліп отыр. Алайда, әлі де салықтан жалтарып жүргендер қаншама. Соның өзінде төленбеген салық мөлшері 430 салық төлеуші, яғни 9 165 889 мың теңгені құрап отыр. Ол бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Айдарбек Әбдірбай – Бәйдібек ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы

Айта кетейік, салықтан жалтарып немесе төлемеген жағдайда, ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 32-бабының 2-ші тармағына сәйкес, сот орындаушылар борышкердің өзіндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды, сондай-ақ, сақтандыру ұйымдарын қоспағанда ақшасы мен бағалы қағаздарын қоса алғанда, жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салу, мүліктерін алып қою шараларын жүргізетін болады. Сонымен қатар, мамандандырылған тұраққа көлік құралдарын қамап қою жұмыстары да жүргізіледі. Бірлескен рейдтік іс-шараның да мақсаты осы.

Ерғали  Байсариев - Түркістан облысы жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы, Бәйдібек ауданы бойынша бөлім басшысы

Бүгінгі шарада мамандар көлік  жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстарын түсіндіріп, әрі төлқұжаты арқылы салықта берешегі бар-жоғын тексеріп берді. Нәтижесінде, 10 көлік жүргізуші салық төлемегені анықталып, 400 мың теңгеге жуық айыппұл өндірілді. Бұл шара жыл соңына дейін жалғасатын болады.