Мереке күндері құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істейді

25 желтоқсан 2021, 17:46

Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мерекелік демалыс күндерге орай күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ақпараттық коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде департамент бастығының орынбасары Аманбек Бейсембаев мәлімдеді.

 

Оның айтуынша пиротехникалық заттарды қолдану барысында жазатайым оқиғалардың алдын алу маңызды. Және кешенді іс-шаралар 2 кезеңде атқарылады.

 

Бірінші кезекте қаладағы көпшілік орындарда тұрғындарға қауіпсіздікті сақтау туралы насихат жүргізіледі екен. Алдағы уақытта департамент мамандары кәсіпкерлердің пиротехникалық заттарды сатуы мен сақтау тәртібіне бақылау жүргізеді.

 

Атап айтқанда полицейлермен бірге пиротехникалық заттар сатылатын ірі сауда орындарына, базарларға арнайы рейд ұйымдастырылады.

 

Айта кетейік, пиротехникалық заттарды сатушылардың лицензиясы болмаса немесе заттарды сақтау тәртібінде заң бұзушылықтар болған жағдайда полиция қызметкерлері тарапынан кәсіпкерге айыппұл салынып, пиротехника тәркіленеді.

 

 

 

kz.otyrar.kz