ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ 555,8 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ

22 қазан 2021, 15:29

Шымкентте өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9 айда 55,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,1 есеге артты.

 

Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков мәлімдеді.

 

Басқарма басшысы өңдеу өнеркәсібінің дамуы, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау шараларының барысына тоқталды.

 

 

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 555,8 млрд теңгеге жетіп, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы өңірлер арасында 7 орында. Жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемі 710,0 млрд теңгеге жетеді деп болжануда.

 

Сондай-ақ, қалаға шеттен қаржы тарту ісі де қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен 9 айдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 260,7 млрд теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 38,8 %-ға артқан.

 

Басқарма басшысы Береке Дүйсебековтың айтуынша, 2021-2025 жылдары жалпы құны 2,6 трлн теңге 282 инвестициялық жоба іске асырылып, 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады.

 

 

 

shymkenttv.kz