ШЫМКЕНТ ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ӘРІ ҚАУІПСІЗ ҚАЛАҒА АЙНАЛУДА

09 желтоқсан 2021, 20:00

Шымкенттің дамуы Мемлекет басшысының тұрақты назарында екенін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді. Шаһардың өмір сүруге жайлы қалаға айналуы және мұнда қәуіпсіз орта қалыптастыру жұмыстары жоспарлы түрде іске асып жатқанын жеткізді.
«Қалада 747 әлеуметтік маңызы бар көшелердің 220-сы жарықтандырылған. Ағымдағы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында 71 көшеде құрылыс жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде, жарықтандыру деңгейі 29 пайыздан 43 пайызға жетеді. 2025 жылы 75 пайызға жеткізу көзделген», - деді қала әкімі.
Еліміздегі үшінші мегаполисте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңадан 3177 бейнебақылау камералары орнатылған. Нәтижесінде, қала аумағын шолу көрсеткіші 3 есеге артқан. Бұл шаралар қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын-алуға үлкен септігін тигізуде. Қазірдің өзінде бірқатар көрсеткіштердің жақсарғаны байқалады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, ағымдағы жылдың 11 айында жалпы қылмыстардың саны 6 пайызға азайған. Сонымен бірге, халық тығыз орналасқан шағын аудандарда заманауи 100 мобильді полиция бекетін салу жоспарланған. Қазіргі таңда, 7 мобильді бекеттің құрылысы аяқталуға жақын. Келесі жылы бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілмек.


Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі