Түлектердің Тәуелсіздікке тартуы

28 шілде 2021, 14:01

Елбасымыз Қазақстан халқына жариялаған Жолдауында: "Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, халықтың жаппай спортпен шұғылдануына жағдай жасау негізгі міндеттердің бірі" деген болатын. Осыған орай Бәйдібек ауданы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 1990 жылы туылған түлектері кіші футболдан ауыспалы кубок жарысын ұйымдастырды. "Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық" мерейтойына арналған шара жайында тілшіміз тарқатып айтады.

 "Спорт бізді біріктіреді" атты сайыстың ашылу салтанатында жарыс төрешілері Еркебұлан Данияров пен Самат Қуандық қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Спорттың бұқаралығын арттыру мақсатында өткізіліп отырған футболды ұйымдастырушы жастарға алғыстарын білдірді. Елімізді жайлаған пандемияға байланысты карантиндік режим мен санитарлық талаптарды сақтай отырып өтіп жатқан футбол күн ұзаққа созылды.

Шыңғыс Кадиров - ұйымдастырушы

Бұл күні жарысқа қатысушылар жоғары дайындықпен келіпті. 10 команданың ішінен өз шеберліктерімен үздік ойын көрсеткен Шаян көпсалалы лицей жалпы орта мектебінің 1991 жылы туылған түлектері, 1-орынды қанжығаларына байлады. Ал, 2-орынды 1991 жылы туылған жастар, яғни М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің түлектері иеленді. Жарыстың 3-ші орыны 1988 жылы туылған жастарға бұйырды.

Нұрхан Байсейітов - жарыс жеңімпазы

Сонымен қатар, ұйымдастыру алқасы жарыста көзге түскен спортшыларды да жекелей марапаттады. "Үздік шабуылшы" номинациясымен Абзал Жүзімбекұлы, "Үздік қақпашы" номинациясымен Ержан Әміртаев, "Үздік ойыншы" номинациясымен Жеңіс Сейдахметов және "Үздік қорғаушы" номинациясымен Нұржан Елшібек марапатталды. Жеңімпаз командалар мен номинация иегерлеріне қаржылай сый-сияпат жасалып, Бәйдібек аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ордабек Шубаевтың "Алғыс хаты" табысталды. Ал, жүлдеге ие болмаса да, жарысқа біркісідей қатысып, ойын көрсеткен командаларға жарыстан естелік ретінде арнайы кубоктар берілді.

 Ә.Дәулетбекқызы