ҮЗДІК ҰСТАЗ: МАМАНДЫҒЫМ – АЛҒА ҰМТЫЛУҒА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК

11 қазан 2021, 23:53

Мұғалімге құрмет пен мәртебе қажырлы еңбекпен келеді. 2021 жылғы республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы, М.Х.Дулати  атындағы үш тілде оқытатын № 8 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Татьяна Харченко өмірлік ұстанымын осылай бағалайды.

 

Татьяна Викторовна таяуда еліміздің үздік ұстазы болуымен қатар, ҚР Ғылым және білім министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен де марапатталды.

 

 

Ұстаздық жолында 29 жылдық еңбек тәжірибесі бар педагог білім беруде  сын тұрғысынан ойлауды, steam  технологиясына негізделген авторлық методикасын дайындап шығарды.

 

Мұндай әдіс оқушылардың өз ойын еркін баяндауға және тәуелсіз болуға мүмкіндік береді. Осы еңбегі арқылы білікті мұғалім «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауында екі мәрте қатарынан жеңімпаз болды.

 

Т.Харченконың тәлімін алып, үздік шыққан шәкірттері аз емес. Оқушылары Данияр Булегенов математика бойынша «American Mathematics Competitions AMC 10» халықаралық олимпиадасының жеңімпазы болса, Ариана Кенбаева математика мен механика бойынша ХІ Халықаралық ғылыми жобалар  конкурсында «Алтын медаль» иеленген.  Бұл – жыл сайын Шымкенттің атын шығарып жүрген шәкірттерінің бір бөлігі ғана.

 

 

Ұстаз   Республикалық «Қазақстандық  Интернет Олимпиадасының жыл мұғалімі» және «QIO JYL USTAZY 2020» төсбелгісімен марапатталған. «Үздік мұғалім-мамандық мақтанышы-2021», «Үздік пән мұғалімі», «Ең білімді педагог-2021» сияқты  қалалық, республикалық маңызы бар мұғалімдердің пән олимпиадаларының бірнеше дүркін жеңімпазы.

 

Татьяна Викторовнадан «осы мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?» деп сұрағанымызда: «Бұл мен үшін тек мамандық қана емес, үнемі алға ұмтылуға, жаңалықты іздеп табуға, өз шығармашылық қабілетімді дамытуға және бақытты балалық шақтың атмосферасына оралуға берілген мүмкіндік», - деп жауап берді ол.

 

Т.Харченко секілді ұстаздары бар Шымкентте талай шәкірт топ жарып шығатыны сөзсіз.

 

 

 

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі