МИЛЛИОНДЫ ҚАЛАДА МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН?

15 қазан 2021, 20:25

Шымкентте жаңадан салып жатқан аялдамалардың пандустары ынғайсыз орналасқан. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Жұмыспен қамту және халықтық әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері мәлімдеді.

 

Су жаңа аялдамаларды тексеруге шыққан кеңес мүшелері, олар мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына толықтай сай емес, деген түйінге келді.

 

 

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында транспорт саласын нысанаға алған Қоғамдық кеңес мүшелері алдымен орталық көшелердегі жаңадан салынып жатқан автобус аялдамаларына монитринг жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда қалада 165 аялдама мүгедек жандардың жүріп-тұруына ыңғайластырылмаған екен. Биыл бой көтеретін 250 аялдама олардың санын біршама қысқартса, қалғаны келер жылдың еншіне қалуда. 

 

Бауыржан Қуанышбеков - «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Жұмыспен қамту және халықтық әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы

 

Талай жылдан бері мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасап жүрген Еңбек, әлеуметтік қорғау және  көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Бақтияр  Өнербаев ғимарттардағы пандустар бардың есебінен деп қынжылысын білдірді. Кейде тіпті, ол жерден мүгедек жан түгілі сау адамның жүруі мүмкін емес екенін алға тартады. Ал, жаңа аялдамалардағы пандустар ыңғайсыз орналасса, автобустардағы мүгедектер өткелі тым қысқа, деп кеңес мүшесі өз сөзін түйді. 

 

Бақтияр  Өнербаев - Еңбек, әлеуметтік қорғау және  көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы

 

Қала бойынша бүгінде қоғамдық көліктердің жаңартылған  600-де ғана пандустар бар екен. Ал, 6 бағыт бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуге мүмкіндік болмай тұр. Ол автобустарды бағыттан алып тастай алмаймыз деген қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгірәлиев бұл жұмыстарды болашақтың еншісіне қалдырды.

 

Наурыз Сүгірәлиев -  Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы

 

Айта кетейік, бүгінде миллионды қала халқының 4 пайызын мүмкіндігі шектеулі жандар құрайды екен. Олардың жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында кеңес мүшелері жыл басынан бері  259 ғимартқа тексеру жұмыстарын жүргізіп оның  56-ындағы пандустар талапқа сай емес екенін анықтаған. Алдымен орталық көшелердегі мүгедектер өткелін қалпына келтіруді көздеген «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Жұмыспен қамту және халықтық әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес әрмен қарайғы жұмысты шалғайдағы шағынаудандарда жалғастырамыз, дейді.

 

 

 

shymkenttv.kz