ШЫМКЕНТ КІТАПХАНАЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТ МАЗМҰНЫ ЖАҢАРДЫ

21 желтоқсан 2021, 20:50

Биыл Шымкентте 10 кітапхана жаңғыртудан өтіп, олардың мазмұны заманауи қызметтермен толықты. Солардың бірі қайта құрылымдаудан өтіп, заман талабына сай жасақталған Шымкент қаласындағы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана.

 

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай оқырмандар игілігіне тапсырылған нысанды қала әкімі Мұрат Әйтенов аралап көрді.

 

 

 

Бұл кітапхана өз қызметін 1969 жылы бастап, бүгінде 7 мыңнан астам зағип жандарға кітапханалық қызмет көрсетеді. Онда «Дыбысты кітаптар шығару», «Брайль кітаптарын  басып шығару» бөлімдері мен қазақша бедерлі-нүктелі шрифтің авторы Ақан Қасымовтың атында зал бар.Оқырмандар қажеттілігі үшін кофе-бар қызмет көрсетіп, кітапханалық ортада ғылыми дебаттар, дискуссиялар өткізуге мүмкіндіктер ашылған.

 

Бәкір Нұрманбетов - Шымкент қалалық  көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың директоры

 

Модернизациядан өткен рухани орталықта келушілерге креативті оқу бұрыштары қойылған және электронды кітап каталогтарымен танысуға мүмкіндік бар. Конференц залдар қарастырылып, заманауи техникалармен жабдықталған, интернет байланысымен қамтылған. Сонымен қатар балалардың қосымша білім алып, ойнап тынығуына арналған «Baby Books» залы, демалыс бұрышы мен музыка тыңдауға арналған орындар да бар.

 

Жұмағұл Нысанбек - оқырман

 

Арнайы кітапхананың кітап қоры 140 мыңнан астам әдебиеттен тұрады. Оның ішінде бедерлі-нүктелі әріпті, жазық баспалы, дискіде, нашар көретіндерге арналған мәтіні үлкейтілген әріптер жазылған әдебиеттер мен мерзімді басылымдар, бедерлі-графикалық құралдар қамтылған. Аудио әдебиеттер қоры 5 мыңнан астам көркем шығармалардан тұрады. Айта кетейік, модернизация жұмыстарынан кейін оқырман санын 14 мыңға, келушілер санын 110 мыңға, кітап берілімін 170 мыңға және кітап қорын 150 мыңға арттыру көзделуде.

 

 

 

shymkenttv.kz