Шымкентте бейнебақылау камералары орнатылғалы көлік апаты азайды

22 желтоқсан 2021, 21:14

Шымкентте бейнебақылау камералары орнатылғалы бері жол-көлік оқиғасы айтарлықтай азайды. Сәйкесінше, көлік апатынан қаза болғандар саны да төмендеген.

 

Бұл туралы қалалық полиция департаментінің басшысы мәлімдеді. Сондай-ақ, бүгінде тәртіп сақшыларының кейбірі шалғай елді мекендерге жол тартса, енді бірі модульдік пункттерде жұмыс істеуге көшіпті.

 

Бұл Шымкенттегі екінші модульдік пункт. Алдағы уақытта мұндай орталықтардың санын 100-ге жеткізу жоспарланып отыр екен. Қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетовтің айтуынша, бүгінде кез-келген азаматтың өтініші осы жерде қаралады. Яғни, тәртіп сақшылары енді осы модульдік орталықта жұмыс істейді.

 

 Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы:

 

«Бұл жерде барлығы ыңғайлы. Мұнда біздің қызметкерлеріміз отырады. Кез-келген адам осы пунктен көмек ала алады. Бұған дейін тұрғындар әр жерге жүгіріп әлек болатын еді. Енді ешқайда барудың қажеті жоқ. Алдағы уақытта қаламызда мұндай орталықтардың 100-і болады».

 

Жарылқап Тастанбеков, тұрғын: «Мен осы маңда тұрамын. Бұл ыңғайлы болды, мен келдім де, бәрін бірден білдім, ең бастысы, қазір жедел жұмыс істеу керек. Бұл нүктелер осындай аймақтарға қажет».

 

Бейнебақылау камералары қолданысқа енгізілгелі бері қалада қылмыс азайды. Осылай деген Шымкент қаласының бас сақшысы кадр тапшылығы болса да барлық жағдай бақылауда екенін жеткізді.

 

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы:

 

«Патруль көліктері жетіспейді. Мұндай 109 көліктер үш ауысыммен жұмыс істеуге мәжбүр. 100 модульді пункт, осынша ғана көлік бар. Өзіңіз ойлаңызшы жете ме?».

 

Бөгде адамдарға кіруге тыйым салынған бұл бөлмеде бүкіл қаланы бақылауға мүмкіндік бар. Яғни, жол ережесін бұзған көлік жүргізушілері осы камералар арқылы анықталады. Әрі мұнда патрульдің қай жерде екенін де бақылауға болады екен.

 

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы:

 

«Біздің қызметкерлердің қай жерде жүргенінің картасы бар. Аудан-ауданға бөлінген. Әр ауданда осындай құрылғы бар. Олар өздерінің қызметкерлерін бақылап отырады. Қайсысы шақыртуда жүргенін көрсетіп тұрады. Қызыл жанып тұрғандары шақыртуда жүр. Жасыл түстегілер жаяу бағытта».

 

Департамент басшысы бейнебақылау жүйесі жұмыс істейтін аудандық бөлімді де таныстырды. Мұнда да тұтас бір қызметкерлер штаты бөлінген. Олар камераның жұмысын тәулік бойы қадағалап, келеңсіздіктерді жойып отырады.

 

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы:

 

«Міне, аудандық бөлім. Біз бас орталық арасында біріктіріп жатырмыз, осы бөлімнің қызметкерлері де камералардың жұмысын бақылайды»

 

Ал бұл арнайы көлік. Мұндағы мобильді база арқылы рейд кезінде автокөліктің деректерін автоматты түрде анықтауға, айыппұлдың бар-жоғын білуге ​​болады. Тіпті шетелдік автокөлік туралы да бар мәліметті көрсетіп береді екен.

 

Абзал Пернебеков, аға лейтенант: «Міне, толық база, біз көлікке тіркеу, айыппұлдар мен бұзушылықтар бар-жоғын бірден анықтай аламыз. Мұнда сіз елден тыс жерде жүретін барлық автокөліктер туралы біле аласыз».

 

Қаланың бас полицейінің айтуынша, бүгінде жол көлік апаты орын алмас үшін бар жағдай жасалып отыр. Тек жүргізушілер жол ережесін бұзбаса болғаны.

 

 

 

 

kz.otyrar.kz