ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН ТЕЛ ЖЕТІЛГЕН УНИВЕРСИТЕТ

21 желтоқсан 2021, 20:31

Тұғырлы тәуелсіздік тойы жалғасып жатыр. Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университеті Еңселі Егемендіктің 30 жылдық мерейтойын айрықша атап өтті. Айту керек, азаттық алған алғашқы жылдары, қиын қыстау кезеңде ашылған білім ордасы бүгінде білім беру саласындағы соны жетістіктерімен қуантады.

 

 

 

Мақтаулы маман мен шабытты шәкірттерді бір арнаға тоғыстырған ұжымның құрылғанына биыл 22 жыл. Осы жылдар ішінде білім ордасы талай шыңды бағындырды. Білім көкжиегінде бәсекеге қабілетті маман даярлаудағы жұмысы жоғары бағаланды. «Тұғырлы Тәуелсіздікке 30 жыл» атты мерекелік іс-шарасы білім ордасының ректоры Рабиға Қуатбекованың  құттықтау сөзімен басталды.

 

Рабиға Қуатбекова – Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетінің ректоры

 

Ел еңсесін тіктеген тәуелсіздіктің алғашық жылдары ашылған оқу ордасының ұжымы бұл күні шат шадыман күйге енді. Ғылым мен білім саласында адал еңбегі  және қызметінде жоғары нәтижелері  үшін бірқатар қызметкерлерге  Түркістан облыстық мәслихатының «Құрмет грамотасы» табыс етілді.

 

Қанат Байболов - Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетінің проректоры

 

Мұнда білім алып жатқан студенттер түрлі республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Мерекелік жиында белсенді шәкірттердің де мерейі үстем болды. Қала әкімінің, Жастар ресурстық орталығының,   қалалық «Nur Otan» партиясының, Ішкі саясат басқарманың, «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының және университет ректорының Алғыс хаттарына ие болды. 

 

Бүгінде оқу ордасында 13 мыңнан астам шәкірт бар. Олар  бакалавр, магистр және доктор дәрежелерін алуға ұмтылып жүр. Ал, әлеуметтік жағынан аз қамтылған студенттерге түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

 

 

 

shymkenttv.kz