Бата берер ақсақалға зар болып қалдық

 Бата берер ақсақалға зар болып қалдық

Ежелден қазақ халқы үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтіп көрген емес. Үлкенге – ізет, кішіге құрмет дейтін едік. Сол тіркестің қазір мәні жоғалып бара жатқан жоқ па, өзі? Осылай деуге негіз болатын жағдайлар аз емес. Бұл келеңсіздікті күнделікті көзіміз көріп жүрген жайы бар. Бүгінгі таңда ақсақал іздейтін жағдайға жеттік. Ілгеріде олардың саны басым еді. Кішіге ақыл үйретіп отыратын. Жаман мен жақсыны құлаққа құятын. Қазақтықты ұлықтайтын. Біз аталардың әңгімесіне құлақ түретін едік. Әңгіменің әлқиссасын әпсанадан өрбітіп, талай шежірені санамызға шегелер еді-ау. Дәл қазіргі таңда сондай ақсақалдар бар ма? Ойланып қалатын болдық. Өйткені, елдің арасында олардың саны ілуде біреу. Тіпті, жоғалып та бара жатқан секілді. Мұны ешкім де жоққа шығара алмас. «Алаш айнасы» тілшісі бүгінгі күннің ақсақалын түгендеп көрген еді.
Қазақ қоғамында ақсақалдар рөлі қандай еді? Ертеде ауыл-аймақтың жасы егде тартқан құрметті адамын ақсақал деп атаған. Ол кез-келген пендеге беріле бермейтін. Өйткені, ол кезде де сондай атқа ие бола алмай жүргендер аз емес-ті. Ақсақал дегеніңіз өзінің өмірлік тәжірибесін, халықтық игі дәстүрлер мен салт-сананы үйретуші болып саналды. Өзінен кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетіп жүрді. Ұрпаққа ұдайы аталы сөзін жеткізіп, елдің арасында бірлік пен туыстықты, елдікті сақтайтын абзал жандардың қатарынан орын алатын. Ақсақал тек отбасының емес, барша ауылдың өмірінде өз орнын еншілейтін. Халықтың тұрмыс-салтына, шаруашылығына ақылын берді. Елдің қалыпты тіршілік жасауына өз ықпалын тигізді. Жастарды тәрбиеледі. Оларды білімге шақырды. Еңбекке баулыды. Үлкен сыйлауды үйретті.
Елдің іші болғаннан кейін дау-дамайсыз болмайды. Сондай сәттерде ақсақалдың орны ерекше еді. Кикілжің мен қақтығыста бәтуалы әңгімесін айтты. Бір-бірімен ренжіскенді татуластырды. Қысқасы, ауылдың ақсақалы айтқан әңгіме ешқашан аяқасты болып қалған емес. Аталы сөзден аттағанды халық жақтырған жоқ. Оларды жүгенсіз, тәрбиесіз санады.
Сол бір кеңшілік заманды еске ала отырып, «Қандай жарасымды еді» дейміз. Өйткені, үлкен тұрғанда кішілер ізет сақтайтын. Қазір сол заман келмеске кеткен секілді. Бүгінгі күні ауыл-ауылға барғанда ақсақал іздеп әуреге түсеміз. Мүлдем көзге шалына қоймайтын жағдайға жеттік. Күні кешегі кеңестік кезеңде әбден санасы уланған аға буын қазір баяғы кезеңге орала алмай қиналып жүрген жайы бар. Ол кісілер ойланып жүр ме екен? Бәлкім, ойланбайтын да шығар-ау. Таңның атысы мен күннің батысына тәубе етіп, одан әргі тіршілікке ешбір мойын бұрмайтын жасы үлкендер баршылық. Ауыл-ауылда жағымсыз жайлар орын алса, оған төрелік айтатын қауқары жоқ оларды қалайша ақсақал деп әспеттей аласың? Тіпті, жастармен бірге арақ ішіп, көше бойында құлап-сүрініп жүргенін көргенде, еріксізден жағамызды ұстап қалатын кезіміз аз емес қой. Кеңестік кезең қазақты рухын әлсіретті. Ғасырлар бойы санамызда сақталған салт-сананы өшіруге күш салды. Сол ойлағанына толықтай болмаса да, жарым-жартылай болса да қол жеткізді. Осы бір шақта қайсыбір ауылға барсаң да, арақ ішіп, масайып жүрген адамдарды көзіміз жиі шалатын. Бір сәттік қызыққа малданып, қанына арақтың уытын сіңдіріп алған алдыңғы буынға осыдан кейін қалайша ақсақал деген ардақты атты қия аласың. Қазір де сол жаман әдетінен тыйыла алмай жүргендерді талай көзіміз көрді.
Бұрынғы кезеңде ақсақалдар кеңесі ел өмірінде маңызды міндеттерді атқарды. Сан алуан мәселелерді талқылайтын, ұйғарымға келетін, ресми орындарға ұсыныс беретін көпшілікті басқарудың бейресми қоғамдық түрі ақсақалдар кеңесі жұмыс істеді. Оның тарихы көне дәуірден басталды. Ұлт тарихында маңызды міндет атқарған «Хан кеңесі», «Билер кеңесі» бастауын осы ақсақалдар кеңесінен алды. Алайда олардың арасында айырмашылығы елеулі болды.
Қадым заманнан бері қалыптасқан осы бір игі істің бүгінгі күні жұрнағы да қалмаған тәрізді. Жасы кішілер үлкеннің айтқанына құлақ аспайтын болды. Расында, айтқанын тыңдата алмай жүрген үлкендердің өзі емес пе? Өйткені, жөн сөзімен ауыл-аймақты ұйытқан аталарды қазір көре алмай жүргенімізді жоғарыда айтып өттік.
Бұл жағдайдың себеп-салдарына үңіліп қарап көрелік. Қашаннан да жасы кішілер үлкеннің жасағанына қарап өседі. Баланың өзі ата-ананың айтқанын тыңдап, солардың жасағанын қайталайды. Аға буынның жөнсіз қылықтары жастардың да бойына жұғады. Жасы қаншаға келсе де, желөкпе қылығынан бойын аулақ ұстай алмай жүрген егде жастағылар бүгінгі буын өкілдеріне қандай өнеге көрсете алады? Бұл тұрғыда олардың ойланып жүргеніне күмәніміз көп. Тіпті, өзінің осындай қылықтарын бүркемелеп, ақталғысы келетін әдетін қалай түсінерін білмейміз. Бүр күндік қызыққа малданған олардан ақсақалдық қасиет күту әбестік болар.
Кейде үлкен жиындарға барғанда бата жасауға үлкендерге қолқа саламыз. Сондай сәттерде қызырақтап, не деп айтарын білмей жал болатын егде жастағыларды талай мәрте көзіміз көрді. Қазақтың «Батамен ел көгереді, жауынмен жер көгереді» деген тәмсілі біз үшін батаның қандай мәнге ие екендігін көрсетіп отыр. Соған қарамастан кейбір адамдардың тоғышарлық қылықтары ұлтымыздың атына сын келтіретін жағдайларға душар еткізіп отырған жайы бар.
Әрбір ұлттың өз келбетін сақтайтын қасиеттері болады. Дегенмен, өткен ғасырдағы қазақ пен бүгінгі қазақтың арасындағы айырмащылық жер мен көктей болып тұр. Өзіміз көріп жүргендей, аға буынның кейінгі ұрпақ алдындағы жауапкершілігінің төмен болуы осындай жағдайларға итермеледі. Біз бұрынғы қалпымызға орала аламыз ба? Оған өзімізді қаншалықты дайындай аламыз?
Ілгеріде қазақ дегенде көз алдымызға үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпейтін, адамгершілік пен адалдықты ту еткен халықты көз алыдымызға келтірер едік. Өкінішітісі, қазіргі таңда ұлтымыз бір-біріне деген құрметін адыра қалдырып, қатыгез ұлт пайда болды ма деп қаласың. Шынында да, біз қандай деңгейге түстік. Ақсақал деген ардақты есімге көңіл толмастықтың өзі біздің жағдайымыздың қандай екенін дәлелдей түседі. Расында, бүгінгі күні ақсақал дегенді қолымызға шам алып іздейтін жағдайға жеттік пе?.. Апырмай-ә?!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста