Мәселе

15 мың теңге жалақы алатындар бар

  • 15 мың теңге жалақы алатындар бар

    15 мың теңге жалақы алатындар бар

Мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі тұрғын­дардың тұрмыстық табысын арттыру екені белгілі. Бұл рет­те елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге бо­лып бекітілді. Алайда Жамбыл облысында пошта қыз­меткерлері 15 мың теңге айлықпен күнелтіп жүргендерін естіп таңғалдық. Мәселенің мәнісіне жету үшін пошта қызметінің күнгейі мен көлеңкелі тұстарына үңілдік.


27 қызметкер 0,3 штаттық бірлікпен жұмыс істейді

Жалпы, біздің қолға түскен ақпаратта Жамбыл облысы Т.Рыс­құлов ауданы Көгершін кентінде пошта қызметкерлері 15 мың тең­ге жалақы алады деп көрсетіліпті. Тұрғындардың тұрмысын түзеу бағытында елімізде ауқымды жо­балар қолға аланып жатқанда «бұл қалай?» деп бастапқыда сен­бедік. Алайда «Қазпошта» АҚ об­лыстық филиалына қайырылға­нымызда «аңыз» деп ойлағынымыз ақиқат болып шықты.

– Т.Рысқұлов ауданы Көгер­шін кентінде бүгінде 2 пошта қызметкері жұмыс істейді. Олар жұмысқа 0,3 штаттық бірлікпен алынған. Газет немесе хат елді ме­кенге келгенде пошташылар 2,5 са­ғатта оны таратады. Одан кейін бос. Қалған уақытында қалаған жұмысымен айналысса болады.

Дәл қазір Көгершін кенті бо­йынша пошташыларымыздың жұ­мыс жүктемесі өте аз. Өйткені онда бар-жоғы 3 200 ғана тұрғын тұрады. Олардың барлығы бірдей газет алмайтыны да белгілі. Сон­дықтан мен «егер көп айлық ал­ғыларың келсе, газет жазылымын көбейтіңдер» деп мамандарыма айтып отырмын.

Негізі, бұл – «Қазпошта» ак­цио­­нерлік қоғамында бұрыннан келе жатқан жүйе. Тиісті министр­лікпен де келісілген. Сондықтан са­ғаттық жұмыс болғаннан кейін келісімшарт негізінде осындай жа­лақы төлеп отырмыз, – дейді фи­лиал директоры Бекжігіт Бек­бердиев.

Бекжігіт Лесұлының тағы бір сөзіне сүйенсек, Жамбылдағы жағ­дайға шүкірлік ету керек екен. Өйткені Солтүстік Қазақстан облысында пошташылар 0,1 штаттық бірлікпен 5 мың теңгеге де жұмыс істейтін көрінеді.

Осы тұста мамандардан Жам­был облысында қанша пошташы 0,3 штаттық бірлікпен жұмыс істей­тінін сұраған едік, бір ғана Т.Рысқұлов ауданында 27 қыз­меткер 15 мың теңгеге күнелтіп жүргені туралы ақпарат алдық. Бұдан бөлек, ауданда 0,4 және 0,6 штаттық бірлікпен де жұмыс істейтіндер бар екен. Олардың жалақысы сәл жоғары.

Қолма-қол есеп айырысатын мекемелер де аз емес

«Қазпошта» АҚ облыстық фи­лиалының қызметкерлеріне белгі­ленген айлық жалақылары қанша­лықты заңға сай? Бұл сауалмен облыс әкімдігі Еңбек инспекциясы басқармасының есігін қақтық.

– Негізі, бұл құқықбұзушылық болып саналмайды. Заңда күнде­лікті 8 сағат жұмыс істеген қыз­мет­кердің ең төменгі айлық жа­лақысы 42 500 теңгеден кем бол­мауы керек деп көрсетілген. Ал пош­та қызметкерлері сағатпен жұ­мыс істейтіндіктен, оларға жұ­мыс беруші қандай жалақы қойса да, өзі біледі. Бұл – жұмысшы мен жұмыс берушінің екіжақты келі­сімшарты негізінде бекітілетін нәрсе. Бір жағынан мұндай жүйе пошташылардың өзіне тиімді. Олай дейтінім, біз жүргізген зер­де­леудің қорытындысында пош­ташылардың 90 пайызы қосымша жұмыс істейтіні белгілі болды. Де­се де, басқарма тарапынан пош­ташылардың айлық жала­қысын өсіру туралы насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ оны біз емес, «Қазпошта» АҚ шешеді. Жасыратыны жоқ, бүгінге дейін қызметкерлерімен қолма-қол есеп айырысып келе жатқан меке­мелер бар. Оған қарағанда пошта қызметкерлеріне әлеуметтік па­кет­тер қаралатыны қуантады, – дейді басқарма басшысы Ернар Есіркепов.

Қосымша жұмысты қайдан табады?

«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорымен кездескен кезімізде пошташылар бір айлық көтерме жәрдемақымен және қыс­қы-жазғы аяқкиіммен қамты­ла­тыны туралы естідік. Алайда пош­ташылардың өздері не дейді?

– Аудан орталығында отырған біздің айлық жалақымыз – 35 мың теңге. Ал ауылдардағы пошташы­лардікі біздікінен анағұрлым тө­мен. Мойынқұм ауданының орта­лығында 4 пошташы жұмыс істей­ді. Күнделікті келген хат пен га­зет­ті 2,5-3 сағаттың ішінде 16 кө­ше мен мекемеге таратуымыз ке­рек. Көктем мен күз айларында аяқ­киіммен қамтамасыз ететіні рас. Ал көтерме жәрдемақы бұрын берілген болса, қазір ондай көмек жоқ. Велосипедті де осыдан үш жыл бұрын алып берген. Одан ке­йін жаңартылмады. Жұмысымыз сағаттық болғандықтан, бос уа­қыт­та қосымша жұмыс істеуге болатын еді. Алайда ауданда ондай жұмыс жоқ. Сондықтан осы бір азын-аулақ айлыққа қарап отыр­мыз, – дейді Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылының пошта­шы­сы Ағзия Мұқатаева.

ТҮЙІН:
Осылайша, пошташылар бүк­песіз шындықты айтып отыр. Аудан орталығының өзінде жұмыс бол­ма­са, пошташылар шалғай елді ме­кен­дерден қосымша жұмысты қай­дан тапсын? Амал жоқ, 0,3 және 0,6 штат­тық бірлікпен күнелтуге мәжбүр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында дәл осы мәселеге ба­сымдық беріп, 2022 жылдың 1 қаң­тарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге көтеруді тапсырғаны белгі­лі. Ал Жамбыл облысында жұмыс­шы­лар әлі күнге 15 000 теңге алып жүргенін ойласақ, бұл межеге қа­шан жетеміз? Күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлардың күн санап қым­баттап жатқанын ескерсек, пошташылардың жалақысымен бала-шаға түгілі өз басыңды асырау қиынның-қиыны екені анық. Сон­дықтан «Қазпошта» АҚ Президент­тің тапсырмасын негізге ала оты­рып, жұмысшыларының жалақы­сын көтереді деп сенеміз…

Саня ТІЛЕУЖАН,
Жамбыл облысы




Көрілген: 626    Пікірлер: 0

сенбі, 02.10.2021, 16:37

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31