4 миллион баламыз Қытай тауарына телміріп отыр

21 тамыз 2013, 13:39

Тамыз – ата-ана атаулының темір таяғы тебендей, темір етігі теңгедей тозатын мезгіл. Табан тесіліп, қалта қағылатын, сеңдей соғылатын кез. Жаңа оқу жылының алдында баяғы қыбыр-қыбыр тірлік жүгір-жүгір тірлікке ауысып кетеді. Сол баяғы бауыр етіміз – бала үшін. Ал ол жүгірісіңізге қарай жөні түзу жөргек ілінсе, кәне? Құны удай, сапасы сын көтермейтін балалар тауарының бүгінгі сықпыты базардан күлдіріп емес, күрсіндіріп қайтарып жүр.

  Абай ОМАРОВ (коллаж)

Елдегі балалар тауарының индустриясы өзіміз үшін емес, өзге елдің тауар өндірушілері үшін құнарлы топыраққа әлдеқашан-ақ айналып кеткен. Қазақ­стандағы балалар тауарының индустриясын ашық жатқан тап-таза алаңға баласақ, сол алаңда қазақтан басқалар балаларға арналған тауарларын жайып тастап, жәрмеңке жасап отыр. Оның ішінде Қытай да, Түркия да, Ресей де, Белоруссия және тағы басқа елдер де бар. Тек қазақ жоқ. Қазақтың үлесі бар-жоғы 2 пайыз ғана. Статистикалық деректерге жү­гінсек, бұл күні балалар тауарының 98 пайызын им­порт құрайды. Яғни елдегі балалар тауары ин­­­дус­­­триясының қазанына өзіміз емес, өзге ие.
Жалпы, бұл индустрия қазақ үшін түрен тимеген тыңдай. Солай болса да, елдегі балалар тауарының айналымы 1,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Ол – балалар тауарының нарығы азық-түліктік емес сектордың жедел даму үстінде екенінің көрсеткіші, – деседі мамандар. Статистикалық деректер бойынша, елде 4 миллионға жуық бала бар. Қарапайым ариф­метикаға салсақ, 4 млн бала – млн тұтынушы. Оған қоса, зерттеулер ата-ана баласына тапқан тиын-тебенін жұмсауды аямай­тынын және көрсетіпті.
Қазақстан балалар тауары индустриясы ассо­циациясының дерегінше, орташа есеппен қазақ­стандықтар табысының 11 пайызын балаға арнайды екен. Оның 48 пайызына – киім, 18 пайызына – ойын­шықтар, 18 пайызына аяқкиім алады.
Александр БИКЕТОВ, Marvin family shop маркетинг жөніндегі директоры:
– Аз немесе одан да көп қаржы жұмсап отырған отбасылар да бар. Мысалы, Астана мен Алматы қала­ларының тұрғындары. Олардың шы­ғын­дары әлдеқайда жоғары. Сон­дықтан да орташа көрсеткішті 500 доллар етіп бекіттік. Бұл ең төменгі немесе жоғарғы көрсеткіш емес. Осы ақша киім мен аяқкиім, ойыншықтар мен басқа да заттарды сатып алуға кетеді.

Демек, 4 млн кішкентай тұтынушы­лар­дың қажеттілігін өзімізде қамтамасыз етуге әбден болады. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақ­станда еліміздің балаларға арналған өзіндік өндірісі жоқ. Сондықтан да импорт­қа тәуелдіміз.
Дарья ГАЙДЕНРАЙХ, Қазақстанның балалар өнімдері индустриясы қауымдастығының президенті:
– Қазақстанда балаларға арналған өнім шығаратын өзіндік өндіріс жоқ. Импорттың деңгейі 98 пайызды құ­райды. Аздаған киім-кешек пен аяқ­киім шығарылады. Ойыншықтар мүл­дем шығарылмайды.Ол бүгін не кеше пайда болған нәрсе емес. Бірен-саран компаниялар бар. Жағдайды қазірден бастап қолға алсақ та, алдағы жылдарда бәрібір өзгере қоймайды. Шын мәнінде, бұл аса қорқынышты емес. Өйткені Ресейдің өзі балалар тауарын шығара отырып, балалар тауарының 90 пайызын импорт арқылы алады.

Ал мамандар елдегі жауырыны жер иіскеп жатқан жеңіл өнеркәсіпті өзге текс­тильді былай қойғанда, балалар тауар­лары-ақ тік тұрғызып алуға бола­тынын да айтқан еді бір жылдары. Бұл – бір. Екін­шіден, балаға киім алу кезінде ата-аналар бағасына қарай сапасыз тауарларға ұры­нып жатады. Өйткені бүгінгі балалар тауарының нарығымен айна­лысып отыр­ғандардың 80 пайызы – кон­тра­бандалық жолмен келген тауарлар, тек бұл сала­дағылардың 20 пайызы ғана тіркелген, өзінің тауарына жауап бере алатындар деген дерек тағы бар. Сонымен қатар нарықтағы тауарлардың 85 пайызы – сапасы беймәлім, арзан тауарлар. Халықтың басым көпшілігі осы арзанқолды дүниені місе тұтады. Қалтасына қарай. Сондықтан балаларды сапасыз тауардан сақтаудың бірден бір жолы – оқушыларға арналған отандық бірыңғай киім деген уәжге келіспеске болмайды.
Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп қауым­дастығы мектеп оқушыларына бірыңғай киім, форма киюді де ұсынғанын білеміз. Ұсыныс айтушылар сонда балалар отан­дық өнімдерді тұтынатындығын, оны алуға міндетті болатынын мәлімдеген-ді. «Биз­нес­мендер жергілікті оқушылар, отандық компаниялардың өнімдерін кие алады, және киюге міндетті екендігін жеткізді. Себебі ата-аналары қаржы үнем­деймін деп алған заттары көп жағдайда мемле­кеттік стандарттарға сай болмайды. Статистика агенттігі таратқан ақпараттарға сүйенер болсақ, Семей қаласының 75 пайыз оқушылары түйе­табан болып отыр. Аяқкиім нарығындағы жағдай мүлде көңілімізден шықпайды» деген болатын олар. Сондай-ақ мектепке ұстайтын сөмке­лердің, қоржындардың да ортопедия жағынан ақсап жатқаны бар. Бүгінде базарда сол ортопедтік сөмкелер пайда болған. Ол да – Қытайдікі. Бірақ құны бес мың теңгеден жоғары. Сатушылар «орто­педтік» деп әспеттейтін оны кез келгеннің қалтасы көтермейтіні мәлім. Сол себепті қазақстандықтардың көпшілігі балаларға арзанқол қытайдың сөмкесін алып береді. Оның қаншалықты зиян-залалсыздығы бұдан бұрын да талай айтылған.
Былтырғы жылы халықаралық IPEN ұйымы Шығыс Еуропаның, Қап елі мен Орталық Азия елдеріндегі балаларға арналған тауарларға зерттеу жүргізген. Атап айтқанда, ол елдер қатарында Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Ресей және Украина бар. Зерттеу барысында 569 балалар тауарындағы улы металдардың бар-жоғы анықталды. Ол тауарлар жоғарыда аты аталған елдердің астаналарынан, соның ішінде Алматыдан да кездейсоқ сатып алынған. Сонда ол тауарлардың құра­мында қорғасын, сынап, мышьяк секілді улы заттардың нормадан тыс көп екені белгілі болыпты. Сондықтан...
Балалар тауары нарығы алаң да алаң күй кешу қажеттігін көрсетіп-ақ отыр. Әлеуметтік әрі экономикалық негізде...