Мәселе

COVID-19 індетіне он жойқын соққы

  • COVID-19 індетіне он жойқын соққы

    COVID-19 індетіне он жойқын соққы

Қайтадан карантин енгізіл­месе, коронавирусқа шалдық­қан­дар саны 300 мыңға жетуі мүм­кін. Денсаулық сақтау ми­­нистрі Алек­сей Цой бұған жол бермеуге бағытталған «Пан­­­­демиямен кү­р­ес жөніндегі 10 шараны» таныстырды, - деп жазды Аikyn.kz.


Ве­домство бас­шы­сының байла­мын­ша, мемлекеттің іс-қи­мы­лы Қазақстанды бас­тапқы ке­зеңінде COVID-19 кеселінің жа­рылыс толқынындай лез­де та­ралуынан қорғап қалды.

 

– Қазақстанда өзге елдермен са­лыстырғанда өлім-жітім деңгейі жо­ғары емес. Алайда халықта әлеу­меттік алшақтықты сақтау, індеттен қорғану дағдылары қалыптаспады. Карантин шаралары босаңсығанда инфекцияның жайылуы ірі қалалар мен облыс орталықтарында «елі­ші­лік» немесе «үйішілік» сипат алды, – деді министр.

 

Оның айтуынша, осы індетке қарсы күрес бойынша ресми ұсы­нымдар мен тәсілдердің қайта-қай­та ауыса беруі ақыры халықтың ме­мор­гандардың іс-әрекетіне сенімінің жоғалуына соқтырды. ДСМ-нің коронавирусты емдеу алгоритмін жиі өзгертуі салдарынан жұртшылық байыбына барып жатпай, ескі және жаңа тізімдегі барлық дәрілерді жаппай сатып ала бас­тады. Нәтижесінде, дертке шал­дыққан және үйінде емделуге мәж­бүр адамдар үшін жасанды дәрі тап­шылығы туды.


Министрлік қазақстандықтар жо­лығып отырған өзге де түйткіл­дер­ге талдау жүргізген екен. Ең бас­­­­тысы, елде медициналық қыз­мет­т­ерді тұтыну көлемі артқан. Бұл ме­дициналық-санитарлық алғаш­қы көмектің негізгі қызметтеріне, жедел жәрдем бригадаларына, ау­ру­ханалардағы орынға қатысты тапшылық туғызды.

 

«Пандемия аяқталар мерзімнің белгісіздігі, КВИ-ді емдеудің және ал­дын алудың тиімді әдістерінің жоқ­тығы, ертеңге деген сенім­сіз­діктің күшеюі бұқараны да, меди­ци­налық қауымдастықты да алаң­датып отыр. Осыған орай, алдағы жыл­дары COVID-19 індетінің ара­мызда қала­тынын мойындауға жә­не халықпен ашық әңгімеге құрыл­ған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру қажет деп санаймыз», – деді А.Цой.

 

 

Өзекті 10 шара

Ұлт денсаулығына жауапты ме­мор­ган басшысы халықтың мұқ­таж­­дығына үн қату бойынша бірін­ші кезекті 10 шараны атады.

Бірін­ші­ден, сырқаттарды үйде, амбула­тор­лық деңгейде емдеу бойынша қарапайым әрі түсінікті жадынама әзірленіп, таратылуы тиіс.

Екіншіден, дәрілерді сатып алу және жеткізу рәсімдері жеделдеті­ле­ді, отандық тауар өндірушілер – фармкомпаниялар ынталандыры­лады.

Үшіншіден, диагностикалау жұрт­қа қолжетімді бола түсуі керек. Бұл үшін COVID-19 анықтауда ком­­пьютерлік томографиямен шек­­телмей, цифрлы рентген-ап­парат­тар да кеңірек қолданылмақ.

Төртіншіден, тестілеу санын кө­бейту үшін лабораториялардың қуаты арттырылады, тест жүйелер­дің уақытылы жеткізілуіне мән бе­ріледі.

Бесіншіден, азаматтардан ша­қырулар түскенде олардан тестті мо­бильді-жылжымалы бригадалар жедел жәрдем көлігі ішінде алады.

Алтыншыдан, медициналық кө­мекті сырқаттар үшін барынша қауіпсіз етіп, үйінде көрсету ұйым­дас­тырылады.

Жетіншіден, амбулаторлық, яғ­ни емхана деңгейінде қашықтан кеңес беру-консультациялау енгізі­леді.

Сегізіншіден, аурухана-стацио­нарлар өкпені жасанды желдету ап­параттарымен жабдықталуы тиіс.

Тоғызыншыдан, қайтыс болған адам­дарды жерлеу тәртібі өзгертілу­де.

Оныншыдан, азаматтардың ін­детке қатысты сауаты арттырылады, сыртта әлеуметтік өзара алшақтық­ты сақтауға тәрбиеленеді.

 

 

Билік пен халық бірге күреседі

Сарапшылар коронавирус інде­тіне қарсы кең ауқымды «майдан» ашылд­ы деп бағалауда. Ол күреске Үкімет пен қоғам қатар жұмылады. Баса-көктеп кірген «жау-вирусқа» той­тарыс беру 3 кезеңмен өрістетіл­мек.

– Қоғамдық деңгейде еңбек са­ласында және әлеуметтік бейімделу құралдары енгізіледі, корпоративтік жауапкершілік жоғарылатылады, ақ­параттық технологиялар әлеуеті іске асырылады. Үкіметтік деңгейде «Бірге COVID-19 қарсы» қағидатын жүзеге асыратын жүйелі шаралар дайын­далуы қажет. Орталық орган­дардың және әкімдіктердің өкілет­тіктерінің аражігін нақты анық­тау, соның ішінде эпидемиологиялық қауіп-қатер жағдайына қаржылық резервтер қалыптастыру талап еті­леді», – деді ДСМ-нің жаңа бас­шысы.

«Бірге COVID-19 қарсы» қағи­да­ты 3 кезеңнен тұрады. Оның дайын­дық кезеңі – 2 аптаны, ка­ран­тин кезеңі – 4 аптаға дейінгі мер­зімді қамтиды. Ал ІІІ кезеңде мем­лекет аталған қағидатты толық­қанды жүзеге асыруға көшеді.

birys
Алексей Цойдың түсіндіруінше, дайындық кезеңінде денсаулық сақтау мекемелерін – аурухана­лар­ды, провизорлық стационарларды, жедел жәрдем қызметін, емханалар­ды ресурспен, жабдықпен қамта­ма­сыз етуге; халықтың медициналық жәр­дем мен дәріге деген сұранысын толықтай орындауға; ме­дициналық қызметкерлерді даяр­лауға баса көңіл бөлінеді. Мысалы, мамандығы өзгерек дәрігерлер мен мейірбикелер науқастарды КВИ дертінен емдеу бойынша курстан өткізілуі керек.

Карантин кезеңде халықты үй­ді-үйлерінде оқшаулап, инфек­ция­ның таралу тізбектерін үзуге қол жет­кізілуі тиіс. Осы кезеңде сон­дай-ақ халық және бизнес арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, құқықтық өрісті реттеуге назар аударылады.

Үшінші кезең ұзақмерзімді оң нә­тижелерді орнықтыруға бағыт­тал­ған іс-шараларды қарастырады. Ме­дициналық қызметкерлер ынта­ландырылады. КВИ-ге қарсы күрес шаралары қосымша қаржылан­дыры­ла­ды. 2025 жылға дейінгі ден­сау­лық сақтау бағдарламасының шаралар жоспары қайта қаралады.

Осы мерзімде коронавирусқа қа­тысты елдегі ахуалды тұрақтан­дыру міндеттері шешілуі тиіс. Де­мек, бұл кезең Қазақстанда жағдай тұрақталғанда ғана аяқталатын түрі бар.

 

 

Жалпыұлттық локдаун

Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, қазіргі кезде күн сайын өкпе дертін жұқтырған 2,5 мың адамға дейін тіркеле бастапты.

«10 маусымнан бері COVID-19 ны­шандары бар, бірақ ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен пневмония оқи­ғасы санының елеулі түрде өс­кенін бақылаудамыз. Кейінгі күн­дері мұндай пневмонияның күніне 2,5 мың жаңа оқиғасы анықталуда. Біздің сарапшылар дерт жұқтыру оқиғалары және сырқаттарды ем­деу­ге қажетті инфрақұрылым бойын­ша болжам жасап, эпидемио­логиялық ахуалдың өрбу барысы­ның негізгі 3 сценарийін құрды», – деді А.Цой.

Бірінші сценарий карантин-лок­даун тетігін пайдаланбай, жағ­дайды қазіргідей қалыпта қалдыру­ды көздейді. Мұндай жағдайда ми­нистрдің дерегінше, биылғы та­мыз айына қарай күн сайын ауру­ханаға жатқызуды қажет ететін 27 мың коронавируспен ауырған адам тір­келетін болады. Онда инфек­ция­лық және провизорлық аурухана­лар­да койка-орынға деген қажет­тілік 300 мыңға жетпек.

Екінші сценарий 2 аптаға ғана карантин енгізгендегі жағдайды бағалайды. Бұл сценарий кезінде күн сайын ауруханаға жатқызуға мұқтаж 7 мың сырқат тіркеледі. Ауру­ха­налардағы орынға деген сұраныс тамыз айы соңында 80 мың орынды құрауы ықтимал.

Үшінші сценарийде бүкіл елді 4 ап­таға карантинге жабу ұсы­ны­лады.

– Ондай жағдайда тамыз соңын­да күніне ауруханада емделуді талап ететін 2 500 оқиға тіркеледі. Қа­жет­тілік 30 мың орынға дейін өседі. Бұл жалпы алғанда, ағымдағы жағдайға ұқсас. Дәл осы сценарийді барынша тиімді деп санаймын. Ол халық ара­сын­дағы инфекция жұқтыру тізбе­гін бұза алады. Сонымен қатар тиіс­ті инфрақұрылымды әзірлеуге мұр­ша береді, – деді Денсаулық сақтау министрі.

Үкімет 1,2 миллион коронавирус тестін 1 миллиард теңгедей сомаға ше­телден сатып алып жатыр. А.Цой бұл жүк ұшақпен таяуда елге жеткі­зілетінін мәлім етті. Қазақстанда бүгінде 46 диагностикалық зертхана жұ­мыс істеуде. Тек елорданың өзін­де күніне 10 мың сынама жа­салады. Тамыз соңына дейін қосымша 20 ПТР-анализатор сатып алу жос­пар­лануда. Бұл тестілеуден өтетін халық санын арттыруға, ұлттық зерт­хананың қуатын 2,5 есеге ұл­ғай­туға жол ашпақ.

Қазақстандық ғалымдар тобы ін­дет ушыққан, өлім-жітімі көп 6 ірі қалада COVID-19 диагнозы рас­тал­­маған, бактериалды және вирус­тық пневмонияға ұшыраған сыр­қаттарды зерделеп жатыр. Бұл зерт­теу вакциналарды қолдану ар­қы­лы дерттің ушығуын болдырмау үшін қажет көрінеді. Оның нәти­же­лері 2020 жылғы 3 шілдеде жа­рия­л­анады.

 

Айхан ШӘРІП

Аikyn.kz




Көрілген: 533    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 01.07.2020, 09:58

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31