Мәселе

Адамды малша саудалағандарға зауал бар ма?

  • Адамды малша саудалағандарға зауал бар ма?

    Адамды малша саудалағандарға зауал бар ма?

Етек жайған көп қылмыстардың қатарына «адам саудасы» келіп қосылды. Кәдімгідей толыққанды қылмыс ретінде төбе көрсетіп, қара көбейтiп үлгiрдi. Ресми, бейресми деректерге жүгінсек, «былтырғы жылдары 231 қылмыстық іс осы адам саудасына қатысты қозғалған. Олардың ішінде 4-еуі жұмысқа заңсыз жегуге қатысты адам ұрлау болса, 13-і жұмысқа салу мақсатында адамды заңсыз бас бостандығынан айыруға, 21-і адам саудасына қатысты болып отыр. 35 оқиға жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу мақсатында адам ұрлау, оның 11-і кәмелетке толмағандар. 158 қылмыстық іс притондар ұйымдастыру мен оларды ұстауға қатысты қозғалған...»

Сарапшылар ұйымдасқан қылмыс саласында адам саудасы - есірткі мен қару-жарақ саудасынан кейін 3-орынға ие екенін айтады. Жыл сайын әлемде 700 мыңнан 5 миллионға дейін ерлер, әйелдер мен балалар адам саудасының құрбандарына айналады. Оның 1,2 миллионы – балалар. Адам саудасы бойынша Қазақстан дүниежүзі елдері ішінен 9-орында. Онымен қоймай, құл мен күңге айналатындарды мен жезөкшелікке жегілген адамдарды әкелетін, тасымалдайтын «аралық көпір» қызметін атқаратын елге айналып отыр дейді мәліметтер.

Адам саудасының ішкі мәні – әйелдерді, жас қыздар мен балаларды, алдау-арбау арқылы алаяқтықпен, күшпен қорқытып, мәжбүрлеу, ұрлап қашу сынды түрлі айла-амалдарды қолданып, тегiн еңбектi құл, күң орнында ұстау, қыздарды жезөкше етіп, ер балаларды жыныстық қатынасқа салып, пайда көру мақсатында пайдалануға келіп саяды.

Күнде теледидардан iздеу салған хабарламалар балауса балғын өскiннiң – үйдiң көркi – қыздың, тiзгiн ұстар – ұлдың үйден ұзамай-ақ, жоғалатынын, қайта оралмайтынын айтып безектейдi де жатады. Интернет сайттары мұртын төрге шаншыған ересектердiң ар-ожданы тапталған ер балалармен жыныстық қатынасқа түскен педофильдер порнофильмдерi үлкен сұранысқа ие екенін айтып отыр.

Балаларды зорлауға құрылған мұндай порнофильмдер, әсіресе соңғы кезде көптеп түсірілуде. Бұл секiлдi қылмыстармен күресу жеке мемлекеттік деңгейден халықаралық деңгейге көтерілуі көп жайттан хабар береді. Салыстыра айтар болсақ, адам саудасы жаһандық жылылықпен қатар қояр бүкiл ғаламдық күрмеуі қалың күрделі құбылысқа айналып отыр.

Жыл өткен сайын ел ішінде адам саудасымен айналысушылардың саны артып келеді. Мысалы, еліміз бойынша 2009 жылғы көрсеткіште адам саудасына қатысты қозғалған қылмыстық істің саны 59 болса, 2010 жылы -82, 2011 жылы -84. Ал былтырғы жылы 231-ді көрсетті.

Рас, шет елде жұмыс iстеудi армандайтын жастардың қатары күн сайын артуда. Жақсы тұрмыс пен жоғары жалақы кiмдi қызықтырмасын. Бейтаныс бiреулер өздерi ғана барып қоймай, тұрмыстық виза бойынша сол жерде жұмыс iстеуге рұқсат алуды рәсiмдеудi ұсынып әлек. Ал делдал фирмалар өзiңiзге лайық жұмыс iздеп тауып, жұмыс берушiмен келiсудi мойнына алып, еңбек шартына қол қоюды ұсынады; виза мен басқа да керектi құжаттарды ойластырып, оны рәсiмдеуге уәдесiн беретiнiн жарнамалауда.

Тіпті, кей жарнамалық газеттерде «шетелге шығып билейтін қыздар қажет» деген хабарландырулар жиі көзіміз шалады. Мұның қой терісін жамылған қасқыр екенін ішіміз сезіп-біліп отырады. Сезбегенде ше? Шетелде билейтін қыз құрып қалып па? Әлде шетелдің қыздарының барлығын май басып кеткен, аяғы маймақ па? Тіптен, олай емес. Бұл шақырудан – адамды саудалаудың иісі аңқып тұр. Бұл да бір - тұзақ.

Сондай-ақ мамандар шетелдiкке тұрмысқа шығып, шет елге кету – қыздар мен әйелдердi кейiн сату үшiн азғырудың ең көп тараған әдiсі екенін айтады. Осы жолмен көптеген әйелдер Қазақстаннан Біріккен Араб Әмірлігіне, Түркияға, Алманияға, Грецияға тағы басқа елдерге әкетiлген. Шетелге барғандардың көбiне құжаттары тартылып алынады, адам шыдамайтын жағдайда аяусыз жұмыс iстеуге мәжбүрленедi. Қарыздарын өтемейінше жұмыс iстетiп, бiрақ, қанша жұмыс iстемесін қарызы азаймай, қайта керісінше көбейе түседі дейді.

Анау бір жылдары ескі құрлықтағы Брюссельде өткен Көші-қон бойынша Мемлекетаралық ұйым ұйымдастырған Еуропалық Конференцияның «Адам саудасы: алдын алу және оған қарсы күрес – 21 ғасыр міндеті» деп айдар тағылып аталуы тегіннен тегін емес-ті. Онда Еуроодақ мүшелері, осы одақ қатарынан табылуға ұмтылған үміткер мемлекеттер, ТМД, Ресей елдерінің, ресми, ресми емес ұйымдардың қатысып, бұл мәселелер бойынша дүниежүзілік Декларация қабылдады. Бұл адам саудасының қандайлығын көрсететін нақты айғақ. Еуроодаққа кіретін әр мемлекет өз заңнамасына адам саудасына қатысты заңды ережелер, толықтырудар мен өзгерістер енгізуі міндетті болып саналады.

Ештен кеш жақсы, біздің елде де осы секілді іс-шаралар қолға алына бастады. Әрине жақсылықтан емес. Рухани азғындап, жегі құрт жалмап, іс насырға шапқандықтан дейiк. Бірақ ол тосқауылдар тегеурінді ме? Болса, адамды малша саудалағандар ел ішінде неге айылын жимай отыр?

Автор: Қызғалдақ Айтжанова, Қарағанды




Көрілген: 1360    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 20.08.2014, 16:38

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30