Мәселе

Адыра қалған ауыл бар Азғыр деген

  • Адыра қалған ауыл бар Азғыр деген

    Адыра қалған ауыл бар Азғыр деген

Астана тұрмақ, аудан орталығынан алыста орналасқан Азғыр ауылының әлеуметтік мәртебесі әлі күнге анықталмай келеді. Өткен ғасырдың 60-жылдары 17 рет жерасты сынақтары жүргізілген бұл елді мекеннің ішкені – ірің, жегені желім болып отырған жайы бар. Үкімет үнсіз. Тоқсан үйлі ауыл «шүкірін» айтып қойып, ілдәлдалап тірліктерін жасағаннан басқаға дәрменсіз. Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Бектас Мұхамеджанов жетекшілік ететін экологиялық аймақтардың ахуалын реттейтін жұмыс комиссиясының көшпелі отырысында Азғыр ауылының ауыр халі сөз болды. «Азғыр, Капустин Яр сынды полигондық аймақтардың әлеуеті өте төмен, – деп атап өтті Б.Мұхамеджанов. – Әлеуметтік мәселелер көп. Таза ауызсу арманға айналып отыр». Әрине, мұндай сөздер Азғыр жайы көтерілген мәжілістердің бәрінде де айтылып жүр. Бір өкініштісі, айтылады да қалады. Вице-министр бұл жолы аталған мәселелерді алдағы жылғы ел бюджетіне енгізуге тырысатынын айтты. Ауыл халқы тағы да армандап қалды.
Ядролық физика институтының бөлім басшысы Виктор Николаевич Азғыр по­ли­го­нында көлемі 1,2 миллион текше метрді құ­райтын тоғыз жерасты шұңқырдың пай­да бол­ғанын айтады. Қолдан жасалған жа­ры­­лыстардың әсерінен ойылған жердің қор­­ша­ған орта мен сол мекенде қо­ныс­тан­ған тұр­ғындарға, малға қауіпті екені ғы­лы­ми түрде дәлелденген. 2005 жылдан бері аталған институт радиоактивті ластанудың 100-ден астам аса қауіпті дағын жойып ке­­леді. Радиоактивті металл конструк­ция­лар мен бөлшектердің де көзі құртылды. Ен­ді қауіпсіз деп танылған кейбір дақтарды да көзден таса қылу жайы қарастырылып жа­тыр. Жұмыс комиссиясы азғырлықтар ара­­сында арнайы сауалнама жүргізіпті, 100 адам қатысқан бұл зерттеу қоры­тын­ды­­сы жыл аяғында белгілі болмақ. Зерттеу нә­­тижесінде Азғырды мекендеген тұрғын­дар­дың ағзаларында нуклеидтердің бар-жо­ғы анықталады, радиация көлемі са­рап­талады.
Полигон аймағында қалған халықтың басты проблемасы – таза ауызсу. «Қоянды топ­тық су құбырының құрылысы өткен ға­сыр­дың аяғында басталып еді, – дейді Се­нат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов. – Енді со­ны жаңартып, материалдық базасын ны­ғайту керек. Жол мәселесі де шешімін тап­пай келеді. Балқұдық, Азғыр елді ме­кендері аудан орталығынан шалғай ор­наласқан, қатынас қиын. Шекаралық ай­мақ болғандықтан да, бұл ауылдардың мә­селесін ұмыт қалдыруға болмайды, бұл – ұлт­тық қауіпсіздігімізге қауіп төндіруі мүм­­кін жайт». Сенатор осы мәселе тө­ңі­регінде өз ойы бар екенін де жасырмады. «Аз­ғыр ауы­лын Балқұдыққа көшірген дұ­рыс, – де­ді ол. – Не мектебі, не ауруханасы, ба­­ла­бақ­шасы жоқ, тек ығы-жығы са­лын­ған үй­лерден ғана құралған ауылдың бо­ла­­­ша­ғы, расында да, бұлыңғыр». Айтса айт­қандай, азғырлықтар күнделікті ішіп-жем та­мағын шекара асып, Ресейге барып ала­ды. Басы ауырып, балтыры сыздаса да, көр­­ші елдің клиникаларын төңіректейді. Өйт­­кені ойқы-шойқы қара жолмен аудан ор­­та­лығына жетудің өзі мұң. Амалсыздан Ре­­сей шекарасына қарай жол тартатын ауыл тұрғындарын ондағылар да қуана қар­­сы ала қоймайды. Тамақ салған дор­баң­­ның салмағы 30 келіден аспауы ке­рек деген сынды ше­ка­рашылардың өз «заң­да­ры» бар.
«Азғырда бірде-бір таза құдық жоқ». Бұл – «Невада-Семей» ядроға қарсы қоз­ға­лысының Батыс аймақтық бөлімшесін бас­қарып отырған Ізімғали Көбеновтің сөзі. 20 жылдан астам уақыт бойы осы жерді зерттеп келе жатқан маман ре­тінде ол «Азғырда шын мәнінде 17 емес, 48 рет жарылыс болды» деген дерегін алға тар­тады. «Азғырды зерттеу бизнеске ай­на­лып кетті. Мұның артында сыбайлас жем­қор­лық болуы да мүмкін. Әйтпесе нақты нәтиженің белгілі болатын уақыты жетті. Полигон салдарынан қанша адам мүгедек болды, оның қаншасы тірі, қаншасы көз жұмды, олардың ұрпақтары қалай өсуде екені ешкімді толғантып жатпағаны мені ойлантады», – дейді І.Көбенов.

Тағы бір мәселе – Азғырдағы қауіпті ай­мақтардың қоршаусыз жатқаны. Ядро­лық физика институты бұл жердегі шөп­тер­де радионуклеид жоқ деп тауыпты, сондықтан да жоғарыға төрт түлік мал таза шөп жеп жатыр деген есеп беріліп келген. Бірақ жартылай қоршалып, жартылай ашық-шашық күйінде жатқан қауіпті жерге өріс­тегі мал аттап баспайды дегенге сену қиын.
Алыстағы ауылдардың өркениет игі­ліктеріне әлі қол жеткізе алмай отыр­ға­нына осы Азғыр өңірін мекендеген ел куә бо­ла алады. Балқұдық, Қоңыртерек, Ба­тыр­бек, Егіндіқұдық ауылдарындағы орта мектептер күрделі жөндеу күткелі қанша жыл. Үштағандағы клубтың да адам көрер си­қы жоқ. Асан ауылында кітапхана мен ме­дициналық бөлімше мектеп ғимаратын ме­кендеп отыр. Халық саны талапта көр­се­тілген межеге жетпейді деген желеумен Аз­ғыр айналасына мектеп салу ісі де ше­шім таппай келеді. Рас, мұндағы ауылдарға 600 орындық мектеп салу қажет те емес, бірақ жоғарыдан қойылып отырған талап осындай екен. Жергілікті атқарушы билік 120 орындық мектепке ғана ұсыныс бере алады. Солай еткен күнде де, бұл ұсы­ныс­тың қолдау табуы екіталай. Вице-министр Бек­тас Мұхамеджанов: «Талап солай екен деп қарап отырмау керек. Ол ауылдарды халық мекендеп отыр. Мемлекет олардың жағдайын жасап беруге міндетті. Сон­дық­тан нормативтердің өзгертілуіне күш салу керек», – дейді.
Экология мәселесін де назардан тыс қал­дырмаған вице-министр Атырауда қор­шаған ортаға мониторинг жасайтын стансылар Атырау облысында тек «Аджип ҚКО» мен АМӨЗ-де ғана бар екеніне тоқ­талды. Бүгінде мұндай мониторингімен ел аумағының 40 пайызы ғана қамтылып отыр екен. Қоршаған ортаны қорғау ми­нистрлігі бақылаудың жаңа жүйесі жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеген. Енді сол ұсынысты Үкімет қолдайды деген үміт бар.
Азғыр жайлы бұрын да жаздық. Өз­гер­генді көз көрмеді. Қазақ даласының қиян шетіндегі ауыл жұрты сол қоңыр тір­ліктерін әлі жалғастырып жатыр. Жылына бір-екі рет жоғарыдан атқамінерлер келіп, жақ­сы сөздермен үміттендіріп кететініне үй­ренісіп алған. «Бәрібір ештеңе өз­гер­мейді» дейді олар. Күн санап азып бара жатқан Азғырды экологиялық апат аймағы, болашағы жоқ ауыл деп көшіру жұмысын болмаса ауыл­ды сақтап қалу ісін қолға алатын мезгіл жет­кен сынды. Алыста орналасқаны үшін, бір кездегі соқыр саясаттың құрбаны бол­ға­ны үшін бүгінгі ауыл жұрты, ертеңгі ұр­пақ кінәлі емес.




Көрілген: 957    Пікірлер: 0

жұма, 04.10.2013, 14:43

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    31 Желтоқсан 2020
    Сиыр жылына шолу
    28 Желтоқсан 2020
    ТАЗА САЙЛАУ ТУРАЛЫ

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31