Мәселе

Аида Балаеваның туған ауылы мен отбасы жайлы

  • фотолар: instagram.com/aida_balayeva

    фотолар: instagram.com/aida_balayeva

Бүгін Аида Балаева Дәурен Абаевтың орнына Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды. Осылайша ол Қазақстанда ақпарат саласын басқарған алғашқы әйел болып отыр. Аzattyq-ruhy.kz тілшісі «су жаңа» министрге қатысты бірқатар қызықты деректер ұсынады.

 

БІР АУЫЛДАН ШЫҚҚАН ЕКІ МИНИСТР

 

Аида Ғалымқызы 1974 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында туған. Экс-министр Дәурен Абаев та осы ауылдың тумасы.

 

Балаеваның мамандығы - орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Кейін, екінші мамандық ретінде заңгерлікке оқыған. Алматы, Астана қалаларының Ішкі саясат департаменттерін басқарды. 2010-2014 жылдары Астана әкімі орынбасары болып Асқар Маминның, Иманғали Тасмағамбетовтің, Әділбек Жақсыбековтің қоластында қызмет атқарды. 2014 жылдың соңында Президент Әкімшілігінің ішкі саясат басқармасының жетекшісі болады. 2019 жылы Президент Тоқаев Балаеваны өзінің көмекшісі және Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің жетекшісі етіп тағайындайды. Ол басқарған жаңа мекеме Президенттің атына келген барлық арыз-шағымдарды, өтініштерді, құттықтауларды, тағы басқа хаттарды тікелей қараумен және азаматтарды қабылдаумен айналысады.

 

БАЛАЕВАНЫҢ ОТБАСЫ

 

Аида Балаеваның күйеуі – Жүсіпов Әділбек Оралұлы. Ашық дерек көздерінде ол Ұлттық қауіпсіздік қызметінің полковнигі, қазір комитеттің 10-департаментінің «Р» басқармасының бастығы қызметінде жүргені жазылған. Алайда Балаеваның Facebook парақшасындағы анкетада ол «жұпсыз» (без пары – авт.) деп көрсетілген.

 

Үлкен ұлы Дінмұхаммед 1994 жылы туған. Одан кейін 1996 жылғы Асқар атты тағы бір ұлы , 2004 жылғы Әсель есімді қызы бар. Балаева бір сұхбатында балаларға өз анасы, яғни нағашы әжелері қарап, тәрбиелеп жүргенін айтқан.

 

 

«МЕНІМ БАР...»

 

Аида Балаева әлеуметтік желілерде өте белсенді. Facebook, Instagram аккаунттарында оқырмандарымен күн сайын амандасып, естелік суреттермен, ойларымен бөлісіп отырады. Facebook-тегі өзі туралы қысқаша деген бөлімге «Менде өзім бар. Біз қалай да амалын табамыз» (У меня есть я. Мы как-нибудь справимся!) деп жазған. 27 мың жазылушысы бар Instagram парақшасында соңғы екі айда жүктеген суреттер мен видеоларының бәрін «Бәрі жақсы болады» деген жазбамен жариялаған.

 

 

«Менің жеке аккаунтымның атқарып жүрген қызметіме ешқандай қатысы жоқ. Сол себепті, маған жұмыс бабымен немесе соған қатысты сұрақ қоятындарға әдейі жауап бермеймін. Ол үшін өзге ресми алаңдар, арнайы орталар бар», - деп айтқан ол бір сұхбатында әлеуметтік желідегі белсенділігі туралы.

 

«ҚЫЗЫР ҚОНҒАН ҚҰТ МЕКЕН»

 

Аида Балаева өзінің туған жері – Алматы облысы Жамбыл ауданының тарихы жайлы «Қызыр қонған құт мекен» атты кітаптың авторы.

 

«Ол кітапта қасиетті орындар мен ұлы есімдерге, жер-су аттарының шығу тарихына және т.б. маңызды тақырыптарға қатысты тың деректер бар. Ең алдымен, бұл жинақтың жаңа талап жас буын үшін пайдалы болғанын қаладым. Олар туып-өскен жерінің тарихын толық білсе екен деп армандаймын», - деген ол туындысы туралы бір сұхбатында.

 

2018 жылы ауданның 90 жылдығы аталып өтті. Аида Балаеваның жерлестері - ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев, сенатор, ғарышкер Талғат Мұсабаев, Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай, «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев, тағы басқа лауазымды тұлғалар.

 

«ҚАЗАҚСТАНДА ӘЙЕЛДЕР ӘСКЕРДЕГІДЕЙ ӨМІР СҮРЕДІ»

 

Аида Балаева Қазақстанда әйел адамдардың мемлекеттік қызметтегі жетістіктерін, қабілеттерін бұрыннан айтатын. Гүлшара Әбдіхалықова Қызылорда облысына әкім болып барғанда «Әйел адам облыс басқара алмайды деген стереотип енді жоқ» деп жазды.

 

Отандық басылымдарға берген сұхбатында «Қазақстанда әйелдер әскердегідей «өмір сүреді» дегені бар.

 

«Менің ойымша, нағыз көшбасшылық қасиеттер адам бойында шынайы бәсеке бар ортаның әсерімен қалыптасады. Адам сондай бәсекеде сыналап, шыңдала түспек. Сөйтіп, «ешкімнен кем емеспін, менің де қолымнан бәрі келеді» деген ой пайда болады ...Адамды ерекшелейтін, жетістікке жеткізетін қасиеттер туралы айтар болсақ, олар: еңбекқорлық, жауапкершілік және тәртіп... Адам баласы еңбекқор, жауапты һәм мақсатшыл болса, ол қандай да болсын қызметтің шыңына шықпақ»,- деген Nur.kz порталындағы сұхбатында.

 

А.Балаеваның сүйікті жазушылары - Эрих Мария Ремарк, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Мағауин. Шетел әншілерінен Лара Фабиан мен Валерий Меладзені ұнатады.

 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан 

 




Көрілген: 7391    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 04.05.2020, 23:37

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30