"Әкімдік жақтан атқан": 4 жасар қызынан айырылған отбасының сұхбаты – видео

25 ақпан 2022, 21:49

Алматыда қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде кішкентай қыз оқ тиіп қайтыс болды, ал жасөспірім қызға бірнеше оқ тиді
Қайғылы оқиға 7 қаңтар кешкі сағат жеті шамасында Сәтбаев пен Желтоқсан көшесі қиылысында болған. Сол жерге жете бергенде екі жасөспірім мен екі бала отырған көлікке оқ атылған. Салдарынан 4 жасар Айкөркемнің маңдайына оқ тиген.
"4 жасар қызым Айкөркемнен айырылдым. 7 қаңтарда кешке Сәтбаев пен Желтоқсан көшелері қиылысына жете бергенде қалалық әкімдік жақтан көлікке оң тұсынан оқ атқан. Рөлде 18 жастағы ұлым болған, ол сасқанынан бұрылып, артқа қашқан. "Әкешім, тірі жан болған жоқ" деп жылайды", - дейді балалардың әкесі Айдос Мелдеханұлы.


Оқ тиген көлік Сейфуллин мен Наурызбай батыр көшесінің ортасында тоқтаған. Көліктегілер жағдайын түсіндіріп, бағдаршам маңында тұрған басқа көлік жүргізушілерінен көмек сұраған. Осылайша Жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілген.
Айдос Мелдеханұлы кішкентай қызына оқ маңдайына тигенін естіген соң аман қалмайтынын түсінгенін айтты. Ал үлкен қызына 7 оқ тиіп, екеуі денесін тесіп өткен, 5 оқ 3 операция кезінде денесінен алынды.
"Жедел медициналық жәрдем ауруханасында денесінен 4 оқты омыртқа, өкпесі, жамбасынан алған. Бесінші оқты Бағанашыл ықшам ауданындағы балалар хирургиясында алды", - дейді әкесі.
Жанель 7 қаңтардан 21 ақпанға дейін ауруханада болды. Қазір ол үйінде жүріп сабағына онлайн форматта қатысып жүр.

sputnik.kz