Ақмолада жүзден аса мектепте санитарлық талаптар сақталмағаны үшін 120 адам жауапқа тартылды

20 мамыр 2022, 08:30

Ақмола облысында 135 мектепте санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірдің прокуратура органдары жалпы білім беретін мектептердің сабақтар мен ауысымдар арасындағы үзілістер кезінде санитариялық қағидалардың сақтаулына талдау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша облыс мектептерінің әкімшіліктері демалыс уақытын айтарлықтай қысқартқан, сабақтар арасындағы үзіліс кезінде демалыс ұзақтығы бойынша санитарлық нормаларды бұзуға жол берген.

Сондай-ақ оқу кабинеттерін тазалау және ауаны тазарту үшін жоғары және төменгі сынып оқушыларының ауысымдары арасындағы үзіліс ұзақтығын сақтамалмаған. Бұдан басқа, бірінші сынып оқушылары үшін оқу сабақтары режимінің сәйкессіздігі анықталды.

«Облыстың 37 мыңнан астам оқушысы білім алып жатқан, 135 мектепте санитарлық талаптардың сақталмауына жол берілген. Талдау қорытындысы бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, 120 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды, көрсетілген саладағы анықталған заң бұзушылықтар жойылды», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, Ақмолада 10 жасар баланы зорлаған жасөспірімдер ісі тергеліп жатыр.