Мәселе

АҚШ азаматтары асырап алған 32 қазақ баласы елордаға келді (видео)

  • © 24.kz

    © 24.kz

АҚШ азаматтары асырап алған 32 қазақ баласы елордаға келді. Енді олар алдағы 10 күн бойы кіндік қаны тамған жерде асыр салады. Әрі ата-тегімен танысып, салт-дәстүрі мен мәдениетіне тереңнен бойлай алады.


Бұл – осыдан 10-15 жыл бұрын елімізде дүниеге келіп, кейін шетел асқан балалар. Есейіп, бой жеткен шақтарында тарихи Отандарына оралып отыр.


Алайда туған өлкесімен тек танысу үшін. Жат жерде әрі жат бауырда өскендіктен, өн бойларынан қазақылық та байқала бермейді.


Эрик Стиллоу:


– Америка құрама штаттары – менің қазіргі Отаным. Онда білім аламын, сүйікті істеріммен айналысамын. АҚШ-тағы отбасым мен достарыма маған берген көмектері үшін алғысым шексіз. Бірақ осында келген сәтімде табиғат, мәдениет, салт-дәстүр және тіл бәрі-бәрі маған өте жақын болып көрінді.


Эрик Стиллоу – АҚШ-тан тарихи Отанына келген 32 баланың бірі. Оларға 10 күн бойы еліміздің бас қаласы мен Алматыны аралау және туған өлкелеріне табан тіреу мүмкіндігі беріліп отыр. Нәресте кездерінде оларды бауырына басқан ата-аналары да қасында.


Линди Фролик, АҚШ азаматы:


– Қазақстанда осыдан 14 жыл бұрын болдым. Зейнді сол кезде алып кеткен едім. Оны 2005 жылы Семей қаласында асырап алдық. 5 жарым айлық кезінде бауырымызға бастық. Оған дейін Қытайдан да бір баланы қамқорлыққа алған болатынбыз. Зейнді алғаш қолыма алған кезім әлі есімде. Сол сәтте-ақ оның маған бөтен болмайтынын сездім.


АҚШ азаматтары қазақстандық 6 мыңға жуық баланы асырап алған. Еуропа елдерінде де 3 мыңға тарта балғын бар. Кейбірі осы уақытқа дейін тарихи Отандарында болып қайтты. «Ties Program» атты бағдарлама аясында оларға осындай жағдай жасалған. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі де бұл іске сеп болып отыр.


Сәкен Хамидуллин, ҚР СІМ консулдық қызмет директорының орынбасары:


– Олардың қазақ екенін ұмыттырмау үшін осындай шаралар ұйымдастырамыз. Бәлкім, келешекте бұл балалар екі мемлекеттің арасын жақындастыруға өз үлестерін қосуы мүмкін.


Жалпы қазақ балаларының шетел асып, жат-жұрттық атануы – өзекті өртейтін жайттың бірі. Көптеген қоғам белсенділері осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп те жүр. Дегенмен қазір шетел азаматтарының қамқорлығына берілген балалар саны азайып келеді.


Ал еліміздегі жалпы ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер саны – 26 мың. 5 мыңы - балалар үйінің тәрбиесінде.


Махаббат Бегалина, ҚР БҒМ балалар құқығын қорғау комитеті басқармасының басшысы:


– Қазіргі таңда балаларды асырап алу ниетімен өтініш білдіргендер саны 3 мыңнан асады. Жетімдерді елімізде қалдыру үшін қазақстандық отбасыларға біраз жеңілдік ұсынамыз.


Қазақ – жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Алайда осы тәмсілді бүгінгі қоғамға қарата айту қиын. Демек, мемлекет сол олқылықтың орнын толтыруы қажет. Биыл елімізде балаларды асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрылады. Сөйтіп, осы құрылым қаракөздеріміздің өз Отанында қалып, өсіп-жетілуіне жағдай жасауы тиіс.



24.kz


 




Көрілген: 2341    Пікірлер: 0

бейсенбі, 18.07.2019, 09:59

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31