Ақтауды жағымсыз иіс жайлады

04 қазан 2021, 11:02

Он жыл бойы жағымсыз иістен құтыла алмай келеміз. Ақтау маңындағы «Приморский» елді мекенінің тұрғындары осылай деп шағымданды.

 

Айтуларынша, қолқаны қабатын иіс терезе аштырмайды. Көбі үйлерін сатып, көшуге мәжбүр.

 

Иіс ауыл ішіндегі кәріз жүйелерін тазарту станциясынан шығады. Кешеннің қондырғылары 80%-ке тозған.

 

Әкімдік нысанды көшіреміз деп уәде берген, бірақ әзірге нәтиже жоқ.

 

Эльвира Жүсіпбекова 2 жыл бұрын Приморскийге көшіп келген. Армандаған пәтеріне қол жеткізген оның көп ұзамай қуанышы су сепкендей басылыпты. Қолқаны қапқан иіс, қаптаған шыбын-шіркей мазаны қашырған.

 

Эльвира Жүсіпбекова, тұрғын:

 

– 2-қабатта тұрамын. Қымбат үй деген аты болмаса, бәрі көзбояушылық екен. Сасық иістен шашадық. Терезені аша алмаймыз. Қонақтарды үйде күте алмаймыз, масқара ғой. Ешкім құлақ асар емес.

 

Қос үйде 135 пәтер бар. Тұрғындар мәселені сан мәрте көтерсе де нәтиже болмаған.

 

Эльмира Атагелдинова, тұрғын:

 

 – Жанымызда Кос деген бар. Иісі жаман, көпшілік қарсы болып жатыр. Әкімшілік не шешетінін білмей тұрмыз, алып тастаса, осы жерге саябақ саламыз деген, армандап жүрміз.

 

Ал елді мекенге тиіп тұрған кәріз суын тазарту станциясының салынғанына – 50 жыл. Қаладағы 14 шағынаудан және Өмірзақ ауылынан шыққан суды биологиялық және механикалық тазартудан өткізеді. Мамандар оны бірден жабу оңай емес деп отыр. Себебі шаһардың тең жартысынан шыққан суды қабылдап отыр. Соған қарамастан, техникалық жағдайы мәз емес. Қондырғылар тоза бастағаннан кейін иіс шыға бастапты. 2000 жылға дейін мынадай сужинағыштың 20-дан астамы жұмыс жасаған. Қазір 15-і істеп тұр. Мамандардың айтуынша, жаңбыр жауған кезде кәріз суы арнасынан тасып, өте қиын болады екен.

 

Бақыт Шапқан, «Каспий жылу, су арнасы» МКК директоры:

 

– Қаланың бас жоспарына сәйкес,  кәріз су сорғылау бекеті болу керек. 1-кезекте жобалық-сметалық жобасы жасақталу керек. Кос-1-нің аумағы 25 гектар. 20 гектары қаланың есебіне кетеді. Сараптамадан өткеннен кейін құрылысына ақша бөлінсе, мәселе жоқ. 75 пайызы тозған бар, сондықтан иісі бар. Жоқ дегенде оны 4-5 жыл жасайды.

 

Мәселенің мән-жайы жергілікті билікке етене таныс. Қала халқының өсуіне байланысты екінші станцияны іске қосқан. Ол тәулігіне шамамен 18 000 текше метр кәріз суын қабылдайды. Бірақ жалғыз өзі қаланы қамти алмайды. Сондықтан алғашқы нысан әлі жабылмаған.

 

Бердібек Қартбаев,  облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:

 

– КОС-1 теңізге де жақын, арасында 30 метр. Қаланың даму перспективасын ескере отырып, қала сыртынан КОС-2 нысанын іске қостық. Ұлғайту жоспарланып отыр. Қуаты 1 кезеңінде 30 мыңға жеткіздік, қосымша тағы 40 мыңға көтеріп, 70 мың суды ағызуға мүмкіндік болады.

 

Екінші станцияның қуатын арттыру үшін 7 жарым миллиард.теңге керек. Қаражат табылса , жоспар іске асады. Сол кезде ғана -шағынаудандағы нысан жабылуы мүмкін.

 

 

24.kz