Ақтөбе облысында мал ауруы өршіп тұр

18 мамыр 2022, 08:19

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Көкпекті ауылында ірі қара арасында бруцеллез дендеп барады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Елді мекенде карантиндік шаралардың енгізілгеніне бір жылға таяса да, дерттің басылар түрі көрінбейді. Ал осы уақыт аралығында бұл ауылдың 240-тан астам сиырынан ауру белгісі анықталған. Мұндай жағдай жергілікті тұрғындардың да наразылығын туғыза бастапты.

 

Құралай Ұзақованың қолында қазір бес бұзау ғана қалған. Бұл өткен жылы қорада болған ондаған ірі қарадан қалған мал. Қалғанының барлығы бруцеллезге шалдыққан соң тапсырылып, көзі жойылған. Қазір сауатын сиыр болмаған соң сүт те арманға айналған.  

 

Құралай Ұзақова, Көкпекті ауылының тұрғыны:

 

– Үш студент балам бар. Біреуі Алматыда, екеуі Ақтөбеде. Бір оқушым бар. Мектеп жабылып қалды. ол Мартукте оқиды. Сол май-қаймақпен солардың жолын, киімін бәрін алып отырдық қой. Қазір ешқандай табыс жоқ. Сауып отырған сиыр да жоқ.

 

Ірі қара арасында ауру тараған соң ауылға былтырғы жылдың шілдесінде карантин енгізілген. Содан бері елді мекеннің 244 малынан дерт белгісі анықталыпты. Қазір де өршіп тұр.

 

Сиырына бруцеллез тимеген елді мекенде бірде-бір үй қалмаған. Бұл күнкөрісі малмен тікелей байланысты ауыл тұрғындары үшін оңайға соқпай тұр. Себебі кейбірі күнделікті қажеттіліктен өзге, қыста жағатын отынына дейін қолдағы ірі қарасымен табатын.

 

Кең тараған бруцеллез ауруы бүгінде шаруа қожалықтарының малына да жұға бастаған. Ал ауыл маңында 14 шаруашылық тіркелген. Сондықтан олардың да иелері бұл ретте шұғыл шара керек дейді. Әсіресе дертке қарсы күресуші ұйымдардың сапалы іс жүргізгендерін қалап отыр.

 

Болат Құдабаев, шаруа қожалығының басшысы:

 

– 75 бас сиырым болды. 75-тен қазір міне, кеше 11 шығарды, одан алдында. Қазір қалғаны 50 бас сиыр. Одан баспақтарым кетті. Оны санамай жатырмын. Мысалыға кеше келді. қарасан бен сибиркаға екті. Ине алмастырмайды. Мен спиртпен сүртем ғой дейді. Ол біреуіне сүртеді де 2-3-еуіне ұрып жібереді. Жұқпай ма ол индеден инеге?

 

Ал дендеген бруцеллездің қашан беті қайтатынын ешкім нақты айта алмайды. Ветеринария қызметіндегілердің өзі әр 15-20 күн сайын малдан қан алып, тексеруден басқа амал жоқ дейді.

 

 

Сондай-ақ Көкпектіге енгізілген шектеу шараларының қатаң сақталғаны маңызды деп отыр. Яғни елді мекенге мал әкеліп немесе тасымалдауға болмайды.

 

Серік Ахметов, облыстық ветеринария басқармасының бас маманы:

 

– Тоқтамай тұр. Енді тоқтату үшін жаңағы тек қана қан алу. Теріс нәтиже бергенше солай жасаймыз. Дезинфекция істеп жатыр. Республикалық эпизодотряд келіп жатыр ғой қайта-қайта. Келген сайын жасап кетіп жатыр дезинфекциясын.

 

Ірі қарадан өзге, енді таяу уақытта қой-ешкіден де қан алынып, аурудың бар-жоғы тексерілмек. Егу жұмыстары мал дерттен әбден тазарған соң ғана жүргізіледі дейді мамандар.

 

Ал ауыл тұрғындары болса, қалыптасқан жағдай жауапты мекемелерге ой салып, нақты шаралар қабылдауға түрткі болатынынан үмітті.