Ақтөбе тұрғындарына үй салуға арналған жер қоқыс алаңынан берілген

03 маусым 2022, 09:50

Көптен күткен жер учаскесіне үйдің іргетасын құйып, құрылысты бастап кеткен жандар бар

Ақтөбе іргесіндегі жаңа ауданнан жер алған тұрғындар үй салмақ болғанда оқыс жағдайға тап болды. Қазық қағылған жердің бәрі қоқыстың астында қалған, деп хабарлайды Астана арнасы.

Тұрғындар үлкен аумаққа жайылған қоқыс полигонын өз күшімізбен жинай алмаймыз деп жергілікті биліктен көмек сұрап отыр.
 
"Бұл жердің қоқысы 1 жыл, 2 жылдың емес, 5-6 жылдың көлемінде төгілген, жылда төгіліп келе жатқан нәрсе. Біздің талабымыз – жерді тазалап берсе, енді мына қоқыс арасына үй салу мүмкін емес", - дейді тұрғындардың бірі Базарбай Бекжігітов.
 
Иен далаға қоқысты кім әкеліп тастап жатқанын тұрғындар білмейді. Бірақ, бірнеше рет құрылыс қалдықтарын төккен "Камазды" көрген.

Таяқ тастам жерде қоқырсып қоқыс жатса да, көптен күткен жер учаскесіне үйдің іргетасын құйып, құрылысты бастап кеткен жандар бар. Кейбірі тұрмыстық қалдықтар арасынан қағылған қазықты таба алмай әлек.

"Мына қағылған қазық менің жер учаскем, жер көлемі маған берілген. Соның бәріне міне қоқыстың бәрін төгіп тастаған. Оның алдында болған жағдай. Үкімет берілген жерді дұрыс тексеріп қарап бермеген жұртқа", - дейді тағы бір тұрғын Тимур Бекмұханов.

sputnik.kz