Ақтөбеде 10 жастағы оқушыны аңдыған Германия азаматы ұсталды

22 сәуір 2022, 15:14

Ақтөбедегі №2 мектепте шу шықты. Ата-аналардың айтуынша, бейтаныс адам түс уақытында мектепке бара жатқан 3-сынып оқушысының соңынан қалмай қойған. Абырой болғанда, бала мектепке кіріп үлгеріпті. Оған ешқандай зақым келген жоқ. Дегенмен, ата-аналар енді балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы. Оқиғаның болғанын мектеп басшылығы растады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі astanatv.kz-ке сілтеме жасап.

Баласы №2 мектепте оқитын ата-аналардан маза кетті.  Мектеп чатында кешелі бері үшінші сынып оқушысымен болған оқиға талқыланып жатыр. Қыздың анасы ол туралы әлеуметтік желіде жазған.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБАДАН ҮЗІНДІ:

 

- Менің қызым мектепке бара жатып, жолдан дүкенге кірген. Ол жерде 60- 65 жас шамасындағы бейтаныс адам "бүгін туған күнім" деп тәтті сатып алып берген. Қызым мектепке жеткенше ілесіп жүрген. Атын, мектебі мен қай сыныпта оқитынын айтуды бұйырған. Қызым қорыққанынан айтып, мектепке жүгіріп кеткен. Кейін ол кісі мектепке барып, мұғалімнен қызымды сұрап, іздеген. Бұны естіген ата-аналар бүгін балаларын сабақтан өздері алып кетіп жатыр. Олар әбден шошып қалған. Оқушының ізіне түскен ер адамды тауып, қатаң жазалау керек дейді.

 

Әлия САРҚҰЛОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 

– Бұл сұмдық оқиға. Бала менің қызыммен бір сыныпта оқиды. Қызым мектепке өзі барып-келеді. Енді алаңдайтын болдым. Ол адамды міндетті түрде жазалауды сұраймыз. Ол 15 күндік жазамен құтылмауы тиіс.

 

Мектеп ауласында тұрған бейтаныс адамды мұғалім  байқап қалған, дейді мектеп директоры. Алғашында немісше сөйлеген ер адам оқушы қызды күтіп тұрғанын айтқан.

 

Сәния ДӘНІШЕВА, №2 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

 

– Кешке қарай 17:15-те ер адам келіп тұр. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі сұрайды. Сіз неге тұрсыз? Мен бір оқушыны күтіп отырмын. Атын айтып тұр. Сіз оған кімсіз? Мен ешкім емеспін. Ата-анасы, атасы емеспін дейді. Онда сіздің құқыңыз жоқ деп ауладан шығарып жіберді.

 

Кезекші мұғалім дереу мектеп басшылығына хабарлаған. Директор қыздың  ата-анасын шақыртқан. Мектеп чатына жазып, оқушыларға абай болуды ескерткен. Ата-аналардан сабақтан кейін балаларды алып кетуді сұрадық дейді.

 

Қыз баланың ата-анасы полицияға арызданыпты.  Тәртіп сақшылары күдіктіні тауып, қамауға алды. Өзге елдің азаматы екен. Мектепке жақын жерде тұрады.

 

Полицияға жағдайды  ол басқаша түсіндірген. 19-сәуірде қайтыс болған әкесін еске алу үшін оқушы қызға тәтті бергенін айтқан. Ал мектепке өзі салған суреттерді сыйлау үшін бардым депті.   

 

Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 

– ҚР ӘҚБтК-нің 449 және 517 баптары бойынша қоғамдық орында кәмелетке толмаған балаға тиісу дерегі және Қазақстан Республикасының Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1961 жылғы ер адамға әкімшілік іс қозғалды. Бұдан әрі сот шешімі қабылданған соң, мемлекеттен шығару шаралары қарастырылады.

 

Күдікті қазір полиция бөлімінде соттың шешімін күтіп отыр. Ол 5 тәулікке қамалуы мүмкін немесе оған айыппұл салынады. Сонан соң  елден шығарылады.

 

Ал, қалалық білім бөлімінің басшылығы бұл оқиғадан кейін барлық мектептерге аулаға кірген бөгде адамдарға назар аударуды ескерттік дейді. Барлық баланы ата-анасы алып кеткенше, сынып жетекшісі қасында болады, дейді қаланың бас педагогы.

 

Метгүл ҚОСЫМБАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 

 – Әр баламен сөйлесеміз. Сынып сағаттары болады. Бөгде адамға жақындамаңдар. Бөгде адамға аттарыңды айтпаңдар. Бөгде адамның ізіне ермеңдер деп әрбір мектепте тағы да сынып сағаттарын қайтадан өткізіп шығамыз.

 

Ал, №2 мектеп директоры енді оқушыларды бұрынғыдай қолхатпен біреуге ілестіріп жібермейміз деп отыр.