Ақтөбеде 13 жасар қызды бұралқы иттер талап тастады

23 мамыр 2022, 22:42

Ақтөбеде он үш жасар қызды бұралқы иттер талап тастады. Оқушының басынан бастап, қол-аяғы мен денесінің ит тістемеген жері қалмаған. Оны тұрғындардың бірі арашалап қалған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Сәл кешіккенде, баланың аман қалуы мүмкін емес еді дейді куәгерлер.

 

Ал қаптаған қаңғыбас иттердің көзін құртуға ветеринарлардың қолы қысқа. Жануарларды қорғау туралы заң күшіне енгенімен, бірақ бұралқыларды аулауға қатысты ереже әлі күнге дейін қабылданбаған.

 

13 жастағы қызға иесіз иттер мектептен қайтар жолда шапқан. Куәгерлер сол жерде он бес шақты қаңқыған ит жүргенін айтады. Бірі оқушының аяғынан, бірі қолы мен басынан тістеп жұлмалапты.

 

Қазір денесінің сау-тамтығы қалмаған қыз ауруханада жатыр. Баланың шошынғаны сонша, тек дәрінің көмегімен ұйықтайды.  

 

Алтынгүл Жарылғапова, анасы:

 

- Жеуге қалған ғой тек. Дым жоқ. Табанына дейін. Тек бетін жапқан.  Мойны, беті ғана сау қалған. Басын кәдімгідей жұлып алған. Үкімет менің баламды өлтіріп отыр, шынын айтқанда. Үкімет өлтіріп отыр. Заңдарымен, қолданбаған шараларымен өлтіріп отыр. Тағы бір 34 минут кеткенде, кеңірдегінен үзіп өлтіретін еді.    

 

Ит-мысық талағандар күн сайын көбейіп барады. Айналдырған бір ай ішінде дәрігердің көмегіне 100-ден аса науқас жүгінген. Онымен қоса бұралқылар жиналып алып үйірімен адамға шабуды шығарған. 

 

Қуантай Махамбетов, Ақтөбе облысы балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

 

- Ит тістеген, иттің басқа да жануарлардың жарақатымен медициналық көмекке жүгінетіндер көп. Күніге кемінде үшеутөртеу болады. Бірақ олардың бәрі бірден ауруханаға жатқызылмайды. Себебі, ол жарақаттарына байланысты.

 

Ветеринарлар иесіз ит-мысықты атуға жаңа заң тыйым салғанын айтады. Ал аулап, күтіп-бағуға қатысты ережені экология министрлігі әлі бекітпеген. «Енді соның кесірінен бұралқыларға қатысты түк істей алмай отырмыз», - деп ашынады ветеринария басқармасындағылар. 

 

Иса Базаров, Ақтөбе облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

 

- Бюджет классификациясына өзгерістер енгізуі керек. Ол да өзгеріс енгізілмегендіктен, қағида бекітілмегендіктен, қолымыз байлаулы. Бүгінгі күні жұмыс жасай істей алмай, ит аулау тоқтатылып тұр. Итті ауласақ ол заң бұзу болып кетеді. Оған біреу жауап беру керек.

 

«Жануарларды қорғау туралы» заң наурызда ғана күшіне енген. Ал қосымша қағидаларын орман шаруашылығы комитеті қабылдауға тиіс. Бірақ ондағылар әлі асығар емес. Тіпті иесіз ит-мысыққа қатысты мәселенің шешілмеуіне, осы экология министрлігіндегілер кінәлі деп сөгіс те жарияланған.