Ақтөбеден жағымсыз иіс қашан кетеді?

13 маусым 2022, 20:48

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қаладағы жағымсыз иіс жөнінде журналистердің сұрағына жауап берді.  
 
 
Біз талдау жасағанда ауаның ластануы мен жағымсыз иістердің тууына себепші болып отырған 20-ға жуық мекеме анықталды. Соның ішінде басым үлеске ие екі мекеме: ескірген кәріздік жобаға жауап беретін Aqtobe su-energy group мекемесі мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты 3-4 жылда толықтай өзінің жобасын іске асырады. Ал кәріздік жүйені жаңарту жобасы қарастырылады.

Былтырдан бастап біз тиісті химияреагент пен бактерия алып, сол кәріздік жүйеге құйып, филтрациялық алаңдары бар бактерияны сеуіп, жағымсыз иісті азайтуға тырыстық, – дейді әкім.

Оңдасын Оразалин аталған шаралардың нәтижесінде қаладағы жағымсыз иіс толықтай жойылмаса да, 2-3 жыл бұрынғы жағдайдан тәуірлеу екенін айтады. Алайда мәселе күрделі болғандықтан оның толық шешілуі үшін 3-4 жыл сатылай жұмыс атқарылуы керегін алға тартады.   

Кәріздік суларға байланысты Үкімет тарапынан шешім табылып, бұл мәселе Еуропалық даму банкі арқылы қаржыландырылатын болды. Қазір жобалау жұмыстарын ақылдасу үстіндеміз. Я біздің  жергілікті жердің мердігері жасап береді, я өздері жасап береді. Бұл жобаны 2024 жылы іске асыру жоспарланып отыр, – деді ол.

Айта кету керек, жобаны іске асыруға 2020 жылы жасалған бастапқы есеп бойынша 14 миллиард теңгеден артық қаражат керек. Қазіргі кезде материалдар бағасының өсуіне байланысты қаражат есебіне әлі де нақтылау жүргізіледі. 

BAQ.KZ тілшісі.