Әлихан Смайылов құрғақшылыққа төзімді астық сұрыптарын әзірлеуді тапсырды

07 маусым 2022, 12:22

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігіне ғалымдармен бірлесіп құрғақшылыққа төзімді астық сұрыптарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарының қарқынына «жақсы» деп баға берген Премьер-Министр бірнеше мәселені атап көрсетті. «Бірінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, қолданбалы ғылыми зерттеулерді қолдау, агроғылымды дамыту, елдің климатына сай келетін, құрғақшылыққа төзімді, түсімі жоғары сорттарды жасап шығару шараларын қабылдауы тиіс. Екінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, мол өнім алуға мүмкіндік беретін агротехнологиялық талаптардың сақталуын ерекше бақылауда ұстасын», - деді Әлихан Смайылов. Сондай-ақ, ол әкімдіктерге Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктерімен бірлесіп, өсімдік шаруашылығы өнімдерін жеткізуге алдын-ала келісім-шарттар жасауды қамтамасыз етуді тапсырды. «Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңір әкімдіктері агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бойынша жоспарланып отырған өзгерістерді бизнес қоғамдастықпен егжей-тегжейлі талқыласын. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, «Азық-түлік корпорациясына» форвардтық шарттар аясында астық көлемін уақтылы жеткізу бойынша ауыл шаруашылығы өндірушілерінің міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етсін», - деді Үкімет басшысы. Үкіметтің есебі бойынша, елімізде жаңа өнімді жинап алғанша жететін астық қоры бар .
ҚазАқпарат