Алматы облысында ашулы тұрғындар жолды жауып тастады

15 шілде 2021, 19:30

Алматы облысында тұрғындар жолды жауып тастады. Олар электр қуатының жиі өшуіне және су жоқтығына шағымданады. Әкімдік өкілдері болған жайтқа пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

Әлеуметтік желіде бірнеше адам жиналып, жолды жауып тастағаны туралы видео тарады.

 

 

Қарасай ауданының әкімдігі оқиға Жармұханбет ауылында болғанын хабарлады.

 

"15 шілдеде сағат 13.20-да 10-15 адам жиналып, Бұрындай-Жібек жолы тасжолын жауып тастаған. Қозғалыс 10-15 минутқа тоқтатады. Осылайша тұрғындар электр қуатының жиі өшуіне және судың болмауына наразылығын білдірді.

Сағат 14.30-да 10 шақты адам аудандық әкімдікке келді. Тұрғындарды әкім орынбасары Айдын Әуесбай қабылдап алды. Тұрғындар талабын айтты, қажет шаралар қабылданады. Бүгінде ауылда жарық бар", - деді Қарасай ауданы әкімдігінің өкілдері.